Шілденің 2-інші жұлдызында заңды күшіне енген «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң ел тұрғындары үшін үлкен қолдауға айналып отыр.
Аталған құжат мемлекеттік кірістер органдары қарайтын әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша жиналған айыппұлдарды жаппай кешіруді көздейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Бекзат Бейсекеева мәлімдеді.
Бас маманның айтуынша, рақымшылық тек Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын азаматтарға ғана қолданылады. Дегенмен, бұл жеңілдікке ие болу үшін белгіленген үш басты шарт қатаң сақталуы тиіс. Біріншіден, тиісті қаулыны мемлекеттік кірістер органы шығарған болуы шарт. Екіншіден, айыппұл биылғы жылдың 2-інші шілдесіне дейін толық немесе ішінара төленбеген күйінде қалуы тиіс. Үшіншіден, жасалған құқық бұзушылық заңда көрсетілген ерекшеліктер тізіміне енбеуі қажет.
Аталмыш рақымшылық науқаны салық органдарында тіркеу мерзімдерін бұзу, арнайы салық режимдерін қолдану тәртібін сақтамау, салық есептілігін уақытында тапсырмау, бақылау-касса машиналарын пайдалану қағидаларын бұзу сияқты түйткілдерге, сондай-ақ, кеден саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың басым бөлігіне қатысты қолданылады. Бұл ретте, заңды тұлғалар, лауазымды тұлғалар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар бұл тізімнен тыс қалатынын, яғни, рақымшылыққа жатпайтынын ескеру маңызды. Сонымен қатар, заң талаптарына сәйкес кейбір ауыр құқық бұзушылықтар кешірілмейді. Атап айтқанда, ӘҚБтК-тің 275, 277, 278, 281-баптарының 7-бөлігі бойынша сот шешімімен салынған айыппұлдар, салық салу объектілерін жасыру, салық төлеуден жалтару, салық міндеттемелерін төмендетуге және мұнай өнімдеріне қатысты әрекеттер рақымшылық аясына кірмейді.
Айта кету керек, азаматтардың уақытын үнемдеу мақсатында айыппұлдарды кешіру жұмыстары толықтай автоматты түрде жүзеге асырылады. Осындай істер бойынша бұрын қозғалған атқарушылық іс жүргізулер мен мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары да тоқтатылуға тиіс. Қазіргі таңда мемлекеттік кіріс органдарына тиісті қаулылардың орындалуын өз бетінше тоқтату және рақымшылық рәсімін толық аяқтау үшін 6 ай мерзім берілген. Осыған байланысты тұрғындардың кірістер органдарына арнайы барып, өтініш түсіруі немесе әкімшілік жазадан босатуды сұрап жүгінуі қажет емес.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

