Иә, өткен сенбіде Көкшетауда үлкен футбол болды. Премьер-Лигада елу бес ұпаймен турнир кестесінің бірінші сатысында тұрған Шымкенттің «Ордабасы» «Оқжетпес» футбол клубымен Қазақстан біріншілігінің 24-інші турының ойынын өткізуге келді.
«Оқжетпес» командасы болса, бұған дейін 39 ұпаймен осы кестенің төртінші сатысында тұрған еді. «Ордабасы» биыл Алматының «Қайратымен» чемпиондық атақ үшін күресіп келе жатқандығы белгілі. Егер осы кездесуде шымкенттіктер жеңіске жетсе, онда олар осы атаққа одан сайын бір табан жақындай түскен болар еді. Сондықтан, бұл ойынды сарапшылар турдың басты ойыны деп атап, екеуара бәсекеде көш бастаған «Ордабасы» ма, әлде әлі де болса, үшінші жүлделі орынға көтерілуіне мүмкіндігі бар «Оқжетпес» пе, қайсысы жеңіске жетер екен деп алдын ала көп топшылаған.
Биыл шынында «Оқжетпес» футбол клубы ерлеп тұр! Жерлестеріміз Премьер-Лигадағы осы маусымында бұрын-соңды жетпеген зор жетістікке жетіп, жаз бойы үшінші орынды, ал, қазір одан кейінгі төртінші орынды өз қолдарынан басқаларға бермей тұр. «Оқжетпеспен» бұл бәсекеде тіпті азулы командаларға жататын «Ақтөбе», Семейдің «Елімайы» кейін қалып келеді. Бұл клубтардың қатарына Қостанайдың «Тобылын» да қосар едік, бірақ, ол биылғы чемпионатта ала-құла ойынымен көңілден шығар емес.
«Оқжетпес» жетіп отырған осынау табыстың сыры неде? Биыл жаңа маусым басталарда былтыр басында Андрей Феропонтов жаттықтырып, жақсы нәтижеге жеткен, кейін Қайрат Нұрдәулетов келіп, ойыны ойсыраған команданың бүкіл құрамы түгелдей басқа клубтарға ауысып, жалғыз Виктор Зябкодан басқа ешкім қалмағанын осы «Оқжетпес» жанкүйерлері жақсы біледі. Сол кезде жоқ команданы баптауға келіп, тез арада айналдырған бір-екі айда әр жерден ойыншыларды жинап, жедеқабыл екі рет Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, чемпионатқа кіріскен Ринат Әлуетовтың бапкерлік қабілеті шынында үлкен ризашылық сезімін туғызады. Ол жетекшілік ететін «Оқжетпес», алдыңғы жағдайы анадай болған соң, талайдың биылғы біріншілікте көш соңында ілбіп, қайта бірінші топқа түсіп қалады деген болжамын жоққа шығарып, турнир кестесінің жоғары орындарын бермей келеді.
Бұл орайда, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың және Көкшетау қаласының әкімі, облыстық футбол федерациясының төрағасы Әнуар Күмпекеевтің осы «Оқжетпес» командасына қатты көңіл бөлулерін ерекше атап өту керек. Аймақ басшысының қамқорлығымен Иван Сауэр бастаған аграршылардан құрылған арнайы қор футболшыларымыздың қарсыластар қақпасына соққан әр добына, соның ішінде жеңіс добына және қақпашының жақсы ойынына қомақты сыйақылар тағайындап, оны ұдайы іске асырып, тапсырумен келеді.
Осы ретте, «Оқжетпес»-«Ордабасы» ойынына оралсақ, Көкшетау қаласының спортсүйер қауымы үшін шынында да, бұл бір керемет футбол мерекесі болды. Алдымен ойынның біздің команда, сол сияқты, қонақтар үшін де зор маңызын білетін жанкүйерлер оны күн санап асыға күтті. Кездесу басталар алдында «Оқжетпестің» фан клубының мүшелері Абай көшесімен стадионға дейін жаяу жүріп өтті. Барабандатып, ұрандатып, клубтың туларын ұстап, матчқа келе жатқан көше толы бұл шеру халықтың үлкен қызығушылығын туғызды. Оған стадионға ойынды тамашалауға келе жатқан өзге жанкүйерлер де қосылып, шерушілер қатары ұлғая түсті. Сол бетпен бұл үлкен топтың стадионға кіруінің өзі көз тартар керемет бір көрініс еді. Футбол басталар алдында үлкен қалаларда болып жататын осындай футбол мерекесінің Көкшетауға да келуі биылдай қаламызда осы спорт түріне деген көзқарастың жақсы жағына мүлде өзгергенінің тағы бір жарқын көрінісі еді. «Оқжетпес» командасы осылай жақсы ойын өрнегін көрсете берсе, алда да солай болатыны шүбәсіз. Бір сөзбен айтқанда, қазір Ақмола облысының орталығында футболға деген үлкен серпіліс!
Лық толы «Оқжетпес» стадионында асыға күткен кездесу екі жақтың алма-кезек шабуылымен басталып та кетті. Өздері үшін бұл ойынның маңызын барынша түсінген қонақтар алаңнан негізгі ойыншыларының бәріне орын беріпті. Жалпы, биыл чемпиондықтан басты үміткер әрі соңғы ойындарында осыған дейін қатарынан төрт рет қарсыластарынан басым түскен шымкенттіктер осы жолы да бесінші жеңіске қол жеткізгелі келгендері айдан анық еді. Оның үстіне біздің «Оқжетпестен» чемпионат сүрмергендерінің бірі шабуылшы Оралхан Өміртаев пен Дмитрий Бородиннің біріншілікте төртінші сары қағаздарын алуға байланысты осы ойынды өткізетіндері де біраз көңіл қобалжытқан. Ойынның басы шынында да осы қобалжуды растағандай, қонақтардың бұрыштамадан соққан голымен әлбетте, жергілікті жанкүйерлердің еңсесін түсіріп тастаған. Осылайша үзіліске 0:1 есебімен кеткен командалар екінші таймда да бір-біріне намысты қолдан бергілері келмей, алма-кезек шабуылдармен жиналған қалың жұрттың дегбірін ала түсті. Сондай қарбалас сәттердің бірінде «Ордабасы» қорғаушылары біздің ойыншымызды өз алаңында шалып түсіріп, төреші 11 метрлік айып добын тағайындады. Оны Нұрғайни Бөрібаев сәтті орындап, стадионның бір дүр еткен сілкінісінен кейін оқжетпестіктер де енді қарап жатпай, жеңіс үшін жаппай шабуылға көшті. Жан алып, жан беріскен ойынның аяғына қарай осылайша қонақтар қапы қалып, бойшаң легионерлеріміздің бірі Леонарду Де Ассунсау бұрыштамадан соғылған допты басымен қақпаға енгізіп, болмасты болғызғандай етті. Сөйтіп, 2:1-мен тұрған есепті ойынның негізі уақытында 9 минут ұстап тұру, шама келсе, одан әрі еселеу оқжетпестік әр футболшының басты міндеті әрі арманына айналды десек те болар еді. Жанкүйерлердің қиқуымен алға ұмтылған жігіттерімізде осы біз айтқан үшінші голды да соғу мүмкіндігі болып еді. Онда таблодағы есеп, тіпті көңіл шаттандырары анық-ты. Дегенмен, негізгі уақытқа қосылған 11 минутта да жаппай шабуылға көшкен қонақтар тегеуірініне шыдас берген «Оқжетпес» биылғы біріншіліктегі өте бір маңызды жеңісіне жетіп, өз кезегінде қарсыластарына чемпиондық атақ үшін күресті қиындатып қойды. Олай дейтініміз, бұл жеңілістен кейін «Ордабасы» мен екінші орында тұрған «Қайраттың» арасындағы ұпай айырмашылығы азая түсті.
Сонымен, бұл күні «Оқжетпестің» осы бір керемет жетістігінен кейін Көкшетаудағы кішкентай стадионымыз жанкүйерлер қуанышынан гуілдеп, дүбірлеп тұрғандай еді. Сөз арасында қонақтар да өздерінің бұл шешуші ойындарының біріне 500-ге тарта жанкүйерін әкеліп, өз командаларына дем беруден екі жақтың фанаттарының бір-бірінен асып түспесе, кем түспеуінің куәсі болғанымызды да айта кетпесек болмайды. Осы бір тартысты да тамаша футбол ойынын тамашалауға кезекті рет Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Иван Сауэр де келіп, қуанышты сәтте футболшылармен бірге болды.
Командаға бұл жолғы сыйақы тіпті қомақты – 24 миллион теңге. Оның үстіне «Оқжетпестің» эмблемасы өзгеріп, ол да жаңаша сипат алды. Осы маңызды жеңісінен кейін ойыны жүріп тұрған «Оқжетпестің» турнир кестесіндегі жағдайы анағұрлым тұрақтанып, төртінші орынға нық табан тіреді. Біріншілік аяқталғанша, алда әлі бір талай шешуші кездесулер күтіп тұр. Сол ойындарда жолымыз болып, келесі маусымда Еуро кубокта ойнай алатындай нәтижеге жетсек, нұр үстіне нұр.
Қ.КӘКЕНОВ.
![]()

