Жақан Сыздықов – 125 жыл
Жуырда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында белгілі ақын, аудармашы Жақан Сыздықовтың туғанына 125 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер қатысты. Атап айтқанда, жасы тоқсаннан асқан ақсақалымыз, Қазақстанның құрметті жазушысы Сарбас Ақтаев, Жазушылар одағы Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы, сондай-ақ, жазушы Мағира Қожахметова, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы Нұрдәулет Ақыш, ақын-жазушылар Қорғанбек Аманжол, Қанат Қайым, Айсұлу Қадырбаева, Өмірзақ Мұқай сынды белгілі тұлғалар келіп, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктер айтты.
Сонымен қатар, жиынға ҚазҰУ оқытушысы Шоқан Шортанбай бастаған студенттер, №159 бен №30 мектеп-гимназияларының оқушылары қатысып, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мол мағлұмат алды. Кеш қазақ поэзиясы мен аударма өнерінің шынайы талантына көрсетілген құрмет болды.
Кеш барысында ақынның өмірі туралы арнайы бейнефильм көрсетілді. Сондай-ақ, Көкшетау өңірінің қаламгерлері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев пен әдебиет зерттеушісі Аян Қажыбайдың бейнежазбалары арқылы ақынның отбасы мен мол мұрасы жайлы қызықты деректер тыңдалды. Бұдан бөлек, Ұлттық кітапхана қызметкері Нұрасыл мазмұнды баяндама жасап, көпшілікке тың мағлұматтар берді.
Осы жиынның басы-қасында жүрген кітапхана қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіремін. Әсіресе, арамызда кітап оқитын, ақын-жазушыларды жақсы танитын жастардың барын көріп, қатты қуандым.
Қайырниса ЖҰМАШЕВА,
республикалық Ұлттық кітапхана қызметкері.
Алматы
***
Атақты Жақан Сыздықов ақынның 125 жылдығына арналған, Алматыдағы руханияттың ұлы ордасы – Ұлттық кітапханада өткен жиынға тоқсан үштегі Сарбас Ақтаев ағатайым екеуміз бірге бардық. Сарбас аға – сардар, мен – атқосшы сарбазымын. Абыз ағамыз теледидарға кең көсіліп сұхбат берді, жиында келістіріп сөйледі, көзі тірісінде-ақ аңызға айнала бастаған ақынды көзбен көрген естеліктерін айтты, Жақаңның өлеңдерін жатқа оқыды. Керемет! Үйге көңілі толып, қуанып қайтты.
Жақан – сенсің
Жақан Сыздықов ақын атаның рухына
Есімі елде сирек аталатын,
Қазақтың бір алыбы Жақан ақын.
Дастаны – «Әлі қарттың әңгімесі»,
Қасірет, қапа-мұңды қопаратын.
Қарағаш бес түп қана – туған ауыл,
Тараған текті атадан тума бауыр.
Сәкен, Ілияс, Бейімбет жолын жалғап,
Ұрыпты ұрымталдап жырда дабыл.
Аңсарым, жан сүйгенім, ол да өлең деп,
Арманға жете алмасам жолда өлем деп,
Жырлапты Жақан ақын ұлт мұратын,
Қиямет наласына көлденең кеп.
Нәубетін ашаршылық әйгілеген,
Әлі қарт әңгімесі қайғылы өлең.
Жақанға жала болып жабылыпты,
Жау пиғыл тура жолдан тайды деген.
Аялап «Майкөл тамын», «Қос қыранын»,
Қадымғы қара өлеңге қосты ләмін.
Қиянат, қиындыққа мойымады,
Өмірге отты жырмен шашты жалын.
Жырымен жазып жанның жарақатын,
Танытты айналаға алапатын.
Өлуге қақың жоқ деп Қасым ақын,
Қырымнан жолдаған ғой жеделхатын.
Сыйласқан Сәбең, Ғабең замандастар,
Жақанның жай-күйіне алаң достар.
Еркелеп Әуезовке ер мінезбен,
Әдемі әзілімен жанар жасқар.
Жақан сымақ емессің.
Жақан – сенсің!
Би Қанайдың жиені – жоталы Ерсің.
Мешін жылдың көтерген ауыр жырын
Ақынын ұмытпайтын Отан көрсін.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Алматы
![]()

