Әкім — іс үстінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Марат Елібаевпен кездесті.
Кездесуде өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселелері талқыланды. Соның ішінде негізгі назар маңызды индустриялық нысандарды дамытуға аударылды.
Облыс әкімі атап өткеніндей, бүгінде Даму Банкі елімізде ауқымды әрі технологиялық тұрғыдан күрделі өндірістерді іске қосуда негізгі қозғаушы күштердің бірі болып отыр.
– Даму Банкінің портфелінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызы бар 9 ірі инвестициялық жоба бар, тағы 6 жоба қаралу үстінде. Банк қолдауының өңір экономикасын дамытуға, жаңа өндірістер құруға және заманауи технологияларды енгізуге оң ықпал етіп отырғаны біздер үшін ерекше маңызды, – деп атап өтті Марат Ахметжанов өз сөзінде.
Даму Банкі тарапынан қолдау алған жобалардың қатарында Көкшетау және Қосшы қалаларындағы ірі медициналық нысандардың құрылысы, Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында жұмыртқаны терең өңдеу зауытының құрылысы, сондай-ақ, Бұланды ауданындағы «Макинск құс фабрикасы» кәсіпорнының үш жобасы бар.
– «Aqmola» республикалық маңызы бар индустриялық аймағындағы маңызды зікірлік жобаларға, қытайлық Dalian инвесторының қатысуымен астықты терең өңдеу зауытын салуға, сондай-ақ, отандық инвесторлардың кірпіш және сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыттар салу жобаларына ерекше назар аударылды. Бүгінде индустриялық аймақтың аумағы 2 мың гектардан асады және ол елордамен іргелес Аршалы, Шортанды, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласын қамтиды. 26 нақты инвестициялық жобаға арналған жер учаскелері бөлініп, резервке қойылды, – деді бұл ретте, «Akmola Industry» ЖШС директоры Нұркен Мұхаметқалиев.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

