Мерейлі отбасы
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев Отбасы күні қарсаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жүлдегерлері мен жеңімпаздарын салтанатты жағдайда құттықтап, ақшалай сыйлықтармен марапаттады. Қоғамдағы отбасылық ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өнегелі әулеттердің игі жақсы дәстүрлерін насихаттауға арналған байқауға облысымыздың ынтымақ-берекесі жарасқан әулеттері он үш жылдан бері үзбей қатысып келеді.
Отбасындағы құндылықтарды жаңғыртып, ерлі-зайыптылардың өнегелі өмірін насихаттауға, шығармашылығын шыңдауға бағытталған осы байқауға ондаған үлгілі, көп балалы, өнерлі отбасылар қатысып, облысымызды республикаға жақсы қырынан танытқан болатын. Биыл да бұл дәстүрлі додаға облыстың аудандары мен қалаларынан жүзден астам отбасы қатысуға өтінім беріпті.
Байқаудың салтанатты рәсімінде сөз сөйлеген Досұлан Айтбаев отбасының мемлекет негізі екендігіне тоқталып, осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың барлығының бастауы осы отбасылық тәлім-тәрбиеде жатқанын атап өтті.
– Отбасы әр адамның тәрбиесі мен дүниетанымын қалыптастыратын қасиетті орта. Отбасы құндылықтарын сақтау, ата-анаға құрмет көрсету, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау баршамызға ортақ міндет. Осы құндылықтарды нығайту – тұрақты және үйлесімді қоғамның негізі, еліміздің жарқын болашағының кепілі екендігі даусыз. Жан-жақты дамыған тұлға да, жауапкершілігі зор азамат та, Отанға деген сүйіспеншілік те отбасында қалыптасады. Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан маңызды бағдарламалардың барлығының түпкі мәні отбасындағы тәрбие мен құндылықтарда жатыр. «Адал азамат» қағидаларында адалдықты, әділдікті, еңбекқорлық пен жауапкершілікті бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу көзделсе, «Заң мен тәртіп» қағидалары қоғамның заңды құрметтеп, неге болсын жауапкершілікпен қарауын талап етіп отыр. Ал, білім мен рухани дамуды дәріптейтін «Кітап оқитын ұлт» идеясы баланың кітапқа, ізденіске деген қызығушылығы отбасынан қалыптасуы керек екендігін көрсетуде. Сол сияқты, «Таза Қазақстан» бағдарламасы да туған жерге жанашырлықпен қарауды, қоршаған ортаны қорғауды, тазалық үшін жауап беруді күнделікті өмір сүру салтына айналдыруға үндейді. Осы құндылықтардың барлығының бастауы отбасы, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сөйтіп, байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша еңбек, шығармашылық, спорт, білім беру және басқа да салаларда жоғары жетістіктерге жеткен 7 үздік отбасы анықталды. Атбасар ауданынан келген, ерлі-зайыптылардың екеуі де өртке қарсы қызмет саласында 10 жылдан астам еңбек етіп жүрген жас отбасы Қасымовтар, Жақсы ауданының ауыл шаруашылығы және спортты дамыту салаларында еселі еңбек етіп жүрген Жмактар отбасы, байқауға Көкшетау қаласынан қатысқан, «Өнерлі шаңырақ» облыстық байқауының лауреаттары Әубәкіровтар отбасы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталып, 50 мың теңгелік сертификаттарға ие болды.
Ал, байқаудың жүлделі үшінші орнын Целиноград ауданынан ұлттық спорттың дамуына елеулі үлес қосып жүрген танымал тұлға, аударыспақтан Ақмола облысының он дүркін, Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы, «Палуан Тұғыры» көкпар және аударыспақ командасының бас бапкері Марат Нұрпейісовтің отбасы иеленіп, 150 мың теңгенің сертификатын жеңіп алды. Осы байқауға Аршалы ауданынан қатысқан Ялымовтар отбасы екінші орынға лайықты деп танылып, 250 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Ал, отасқандарына 57 жыл толған астрахандық Қазез және Жібек Сейіловтердің әулеті бірінші орын тұғырынан көрініп, 350 мың теңгенің сертификатын иеленді. Байқаудың ең жоғары марапаты – Гран-при жүлдесін Қосшы қаласында тұратын, шаңырақ көтергендеріне 68 жыл толған, бір шаңырақ астында үш буын бірге өмір сүріп жатқан Ілиясовтар әулеті жеңіп алып, дипломмен және 500 мың теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды. Салтанатты шара барысында осы әулеттің үлкендері қазақы ырыммен облыс әкімінің орынбасарына шөпшектері Ханшайымның тұсауын кескізіп, ақ баталарын берді.
Одан әрі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, Ақмола облысының «Әйелдер күші альянсының» төрайымы, облыс бойынша осал топтардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Анаргүл Мұхамедрахимова құттықтау сөз сөйлеп, отбасылық құндылықтарды насихаттап, дәріптеудің мән-маңызына кеңінен тоқталды.
Салтанатты іс-шара соңында өнерлі отбасылардың мүшелері ән мен күйден шашу шашып, ортақ естелік суретке түсті.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

