15 қыркүйек – санитарлық-эпидемиологиялық сала қызметкері күні
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова «Болашақ» сарайында санитарлық-эпидемиологиялық сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға және конференцияға қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар, бұл қос шараға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рақымжанова мен сала ардагерлері және қызметкерлері қатысты.
Былтыр алғаш рет 15 қыркүйекте санитарлық-эпидемиологиялық сала қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтіп, бұл күн күнтізбеде СЭС қызметкерінің күні ретінде ресми белгіленген болатын. Осыған орай, биыл тұңғыш рет «Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің халыққа жайлылығын қамтамасыз етудегі сектораралық өзара іс-қимыл» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оның барысында медицина саласының мамандары адам денсаулығын жақсартудың, қоршаған ортаны сақтаудың тиімді жолдарын талқыға салды.
Ақмола облысындағы санитарлық қызмет 1907 жылдан бастау алады. Ал, 1910 жылы өңірде алғаш рет санитар дәрігер мен эпидемиолог лауазымдары пайда болыпты. Демек, бұл саланың бір ғасырдан астам бай тарихы бар деген сөз. Уақыт көшкенімен, халық денсаулығын сақтау мен санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бұл жүйенің өзгермейтін басты міндеті болып қала бермек. Тұтас бір ғасыр бойы аталмыш сала тек бақылау мен қадағалауды жүзеге асырып қана қоймай, талай білікті маманды шыңдаған үлкен кәсіби мектепке айналды.
Ғылыми-тәжірибелік конференция алдында өткен салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова мен Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Комитеті төрағасының орынбасары Марал Рақымжанова мен санитарлық-эпидемиологиялық саланың халықтың денсаулығын сақтау, жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың алдын алу және адамдардың өмір сүруіне қауіпсіз қоршаған ортаны қамтамасыз етудегі маңызына тоқталды. Соның ішінде сала мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен экономикалық тұрақтылығының ажырамас бөлігі екені баса айтылды.
– Бұл айтулы күн санитарлық және эпидемиологиялық қызмет саласы мамандарының жұмысының маңыздылығын, азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін жоғары жауапкершіліктерін білдіреді. Еліміздегі соңғы жылдары жүргізіліп жатқан реформаларға сай аталмыш қызмет алдына да маңызды мемлекеттік міндеттер белгіленді. Ол халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл міндеттің артында осыны күнделікті бақылау, жұқпалы аурулардың алдын алу, ауыз су мен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін, санитарлық тәуекелдерді уақытылы анықтау, – дей келе, облыс әкімінің орынбасары қазіргі заманғы технологиялар мен цифрландырудың салаға енгізілу барысы туралы да баяндады.
– Біздің қызметіміз елдің тыныс-тіршілігі мен қауіпсіздігі үшін өте үлкен рөл атқарады, өйткені, біз елге кіретін, шекарадан өтетін және аумағымызда өндірілетін барлық өнімдер мен тауарларды үйлестіріп, бақылайтын «қақпамыз». Біздің еңбегіміз біреуге жеңіл, біреуге елеусіз болып көрінсе де, мемлекет тарапынан бізге жүктелген міндеттің орны бөлек әрі өте маңызды. Осы жерде бір айта кеткім келетіні, Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі Комитет үшін де, басқа да барлық өңірлер үшін кадрлар ұстаханасы болып табылады. Осы орайда, барша әріптестерімізге ризашылығымды білдіремін, – деді сөз барысында Марал Рақымжанова.
Салтанатты шарада сала ардагерлері де сөз алып, жиналған қауымды алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Біздің алдыңғы толқын ағаларымыз, атап айтқанда, Погорелов, Белоног, Шайсұлтанов, Мамеко, Штоль, Завадов секілді ұстаздарымыз облыста санитарлық қызметті қалыптастыру мен дамыту бойынша қаншама қызметтер жасап, үлкен із қалдырды. Осындай өз кәсібіне, өз қызметіне берілген мамандармен иық тірестіре қызмет атқардық. Еліміз егемендік алғаннан бері қаншама өзгерістер болды. 2002 жылы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы» Заң қабылданды. Бұл санитарлық қызметтің орнын, оның құқығын ерекше айқындап, бекіте түсті, – деді ұзақ жылдар облыста осы саланы басқарған медицина ғылымдарының докторы Қасымжан Тәшметов.
Салтанатты жиын барасында өзінің мінсіз қызметі үшін бірқатар қызметкер еліміздің бас санитар дәрігерінің, облыс әкімінің және жергілікті департамент басшысының Алғыс хаттарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Бүгінде еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық саласы сапалы цифрландыру кезеңін бастан кешіруде. Бұған «Вакцинация», «Эпидемиолог» ақпараттық жүйелері мен «Шұғыл хабарлама» модулінің пилоттық жобалары айқын дәлел. Инфрақұрылымды дамыту және санитарлық салауаттылық, халықпен жүйелі коммуникация құру, зертханалық қызмет арқылы диагноздарды уақытылы растауды қамтамасыз ету жұмыстары да өз деңгейінде.
Сонымен қатар, конференцияның негізгі бөлімінде «Бірыңғай денсаулық» қағидатына ерекше назар аударылды. Бұл концепция адам денсаулығын жан-жануарлардың амандығымен және қоршаған ортаның тазалығымен тығыз байланыста қарастырып, аса қауіпті инфекциялардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Ғылыми-тәжірибелік конференция аясында осы және өзге де өзекті мәселелер сарапшылар тарапынан жан-жақты сараланып, кеңінен талқыланды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

