«Киберқауіпсіздік» айлығы  басталды

Цифрландыру

Көкшетау қаласында кибермәдениет, дербес деректерді қорғау және заманауи киберқауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған «Киберайлық: цифрлық қауіпсіздікке қадам» өңірлік форумы өтті.

Сөйтіп, Ақмола облысы республика өңірлері арасында осы Киберқауіпсіздік айлығы аясындағы іс-шараларға алдымен бастамашы болды.

Әлбетте, цифрлық мүмкіндіктердің кеңеюі ақпараттық жүйелердің сенімділігі мен деректердің сақталуына ерекше назар аударуды талап етеді. Бүгінде ақпараттық кеңістікті қорғау тек бейінді мамандардың міндеті ғана емес, азаматтардың, ұйымдар мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігіне айналып отыр.

Осыған байланысты Ақмола облысы Ақпараттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, республикалық Киберқауіпсіздік айлығы аясындағы өңірлік іс-шараларды бірінші болып қолға алды. Бұл форумды Ақмола облысының әкімдігі мен Ақпараттық қауіпсіздік комитеті ұйымдастырды.

Форумның ашылуында сөйлеген сөзінде Ақмола облысы әкімінің аппарат басшысы Ержан Жұмабеков заманауи технологиялардың дамуы цифрлық ортада жауапты әрі қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастырумен қатар жүруі қажеттігін атап өтті.

– Бүгінде цифрлық технологиялар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан, дербес деректерді қорғау және интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық баршамыз үшін ортақ жауапкершілік. Ақмола облысында бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Биыл ақпараттық қауіпсіздік бойынша жауапты мамандар мен цифрлық офицерлерді оқыту ұйымдастырылып, 150-ге жуық маман қамтылды. Біздің міндетіміз – тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығын арттырумен қатар, ақпараттық жүйелерді қорғауға жауапты IT-мамандардың кәсіби құзыретін күшейту. Бүгінгі форум тәжірибе алмасып, күнделікті жұмыста қолдануға болатын нақты шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді деп сенемін, – деді ол.

Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Талғат Мұстағұлов өз сөзінде киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға өңірлердің белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтіп, Ақмола облысына осы бастамашылдығы мен республикалық науқанды қолдағаны үшін алғыс білдірді.

Форум барысында киберқауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл, цифрлық гигиена қағидалары, дербес ақпаратты қорғау тәсілдері және цифрлық ресурстарды қауіпсіз пайдалану алгоритмдері талқыланды. Сарапшылар пайдаланушылардың жиі жіберетін қателеріне, олардың алаяқтықтың кең таралған сұлбаларына және деректердің жария болуына әкелуі мүмкін екендігіне ерекше назар аударды.

Іс-шараның жеке бөлімі жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектордың бейінді мамандарына арналған тәжірибелік воркшопқа арналды. Қатысушылар киберинциденттердің нақты мысалдарын талдап, туындаған қауіптерге ден қою алгоритмдерін тәжірибе жүзінде пысықтады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар