Бұл – күреске толы тағдыр еді

Қостанай облыстық Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының Көкшетаудағы гастрольдік сапары сәтті аяқталды. Көкшелік көрермендердің  назарына ұсынылған олардың бірнеше спектакльдері театр сүйер қауымның көңілдерінен шықты.

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында өнер көрсеткен қостанайлық театр ұжымының бұл жолғы гастрольдік сапарының алғашқы шымылдығы кішкентай көрермендерге арналған «Алтын балапан» ертегісімен ашылса, оның ертеңінде режиссер Гауһар Адайдың «Міржақып» өмірбаяндық драмасын ұсынды. Қойылым көрнекті ұлт көсемі, ағартушы, ақын, публицист, Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылық жолына, алаш идеясына және оның «Оян, қазақ!» атты ұранына негізделіпті. Спектакль Міржақып тұлғасын жаңа көзқараспен ашып, оның күреске толы тағдыры мен елге сіңірген еңбегін сахналық тілмен жаңғыртуды көздейді.

Қойылымға Міржақып Дулатұлының өлеңдерімен, мақалаларымен қатар, ағартушының  «Есеп құралы» еңбегіндегі материалдар арқау болған. Расында да, небір зұлмат жылдардағы халқымыздың басынан кешкен ауыр тағдыры мен азаматтарымыздың көрген азабы сахна шымылдығының ар жағынан мен мұндалағанда, жаныңды қайда қоярыңды білмей, тыпыршып кетесің. Деміңді ішіңе тартып отырып күрсінесің, мұңаясың… Іштей егіліп отырып, екпіндеп келген көз жасыңды үнсіз жұта бересің… жұта бересің… Театр құдіреті деген осы болса керек.

Спектакль мазмұнына үңілсеңіз, Міржақыптың Алаш жолындағы азапты жылдары мен оның қанмен жазылған қолтаңбасына, «Бақытсыз Жамалдың» жан ұшыра шырқыраған ауыр монологына,  қызылдардың шаш ал десе, бас алатын  жауыз да жалмауыз жандайшаптарына, қысымға шыдамай, аңтарылып, берекесі кеткен халық пен оқу-білімсіз шұрқыраған бала мен ұлтты бар мейіріміне бөлеп қорғауға тырысқан ана рухына жолығасыз. Енді бірде көз алдыңызда жанарынан үміт ұшқындары ұшып,  оқу-білімге ұмтылғандар  «Оян, қазақ!» деп жан сілкінісін паш етіп, рух жолына үндей, ұрандап жатады. Сахнадан алаш арыстарын атқан «Қасірет қабырғасының» қирандыларының сұлбасы көрінген сәтте, ол да жүрегіңді зырқ еткізеді.

Әдетте, кез келген қойылым көрерменге ой сала отырып, оның жүрегіне қозғау салуды көздейтінін ескерсек, «Міржақып» спектаклі де қалыптасқан үрдістерден ада, негізгі идеяны көрерменге жеткізу үшін тың тәсілдерді қолдануға ұмтылған ізденісті қойылым екенін байқағандай боламыз. Бұл спектакльді театрдың перформанс жанры десе, тіпті, жөн болатындай. Мұндайда кейде спектакль барысында белгілі бір оқиға, немесе сюжет басты мәселе болмаса да,  сол кездегі сахнадағы іс-әрекеттер мен дәл сол уақыттағы шынайылық пен көрерменмен байланыс бірінші орында тұрады. 

Режиссердің шешімі актер ойынынан гөрі оның іс-қимыл пластикасына, жалпы декорацияға, жарыққа, реквизиттерді жандандыруға басымдық беруге түскен сияқты. Мұндай тәсіл спектакльді тамашалап отырған көрерменді сахнадағы әрбір детальдің мағынасын өзінше түйсінуге шақырады. Ол үшін де көрермен қауым сахнаның әр сәтін, әр реквизиттің айтып тұрған үні мен тілін аңғару үшін кез келген шалт қимылды қаршығадай қадағалап отыруға тиіс.

Міржақыптың рөлін Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, 2025 жылы «Жылдың үздік актері» атанған Олжас Бегайдар сомдады. Актердің сахнадағы бейнесі қойылымның негізгі өзегін құрайды. Дегенмен, көрермен қабылдауында дыбыстың анық естілмеуі секілді техникалық мәселелер де байқалды. Кейбір тұстарда актер сөзінің алдын ала дыбысталғаны немесе микрофонның анық естілмеуі салдарынан ойдың толық жетпей қалған сәттерін байқағандай болдық.

Қалай десек те, былтырғы жылы «Жылдың үздік мультимедиялық сценографиясы» номинациясын жеңіп алған «Асанәлі» сыйлығының иегері Гауһар Адайдың бұл туындысы театр тарихында алтын әріппен жазылған Шерхан Қазығұлдың шығармасы негізінде қойылған халық әртісі Ерсайын Төлеубайдың  «Міржақыбынан» және одан кейінгі жылдар жылнамаларында театр репертуарынан көрінген  «Міржақыптардың» орнын жаңаша тыныспен, өзгеше серпінмен, заманауи үрдіспен баса алатын қойылым бола алады деуге толық негіз бар.

Спектакль соңында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтпаев театр ұжымына ізгі тілегін білдіріп, Ақмола облысы әкімінің атынан арнайы Алғыс хат пен сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар, Ақмола облысының мәдениет басқармасының басшысы Нұрғиса Дәуешов пен мемлекет және қоғам қайраткері жазушы-драматург Жабал Ерғалиев та театр ұжымын гастрольдік сапармен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Осылайша, «Міржақып» спектаклімен «мұңайтқан» қостанайлықтар гастрольдің  үшінші күні белгілі драматург, әнші Қанат Жүністің «Ғашықтар» пьесасы негізінде сахналанған жас режиссер Әлібек Қосубақтың «Махаббат операциясы» комедиясымен көрерменге ерекше шаттықты көңіл-күй сыйлады.  Жеңіл юмор мен романтика ұштастырылған спектакль соңында Ақмола облыстық орыс драма театрының бас режиссері Ольга Богдановна сахнаға көтеріліп, театр ұжымына тілектестік білдіріп, Қостанай театрының шығармашылық тобына арнайы сыйлықтарын табыс етті.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Сурет avatars.mds.yandex.net сайтынан 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар