Жүлдегерлерге құрмет көрсетілді

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Ұлттық құрама сапында ел намысын абыроймен қорғап, қола жүлдегер атанған ақмолалық спортшылармен кездесті.

Қырғыз Республикасында өткен кезекті көшпенділер ойындарына  әлемнің 100-ден астам елінен спортшылар қатысқан болатын. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 74 медаль, оның ішінде 32 алтын жеңіп алып, бірінші орынға ие болды.

Бұл дүбірлі додада Ақмола облысының спортшылары да ел намысын абыроймен қорғады. Олар алты ұлттық спорт түрінен – алыш күресі, құсбегілік, бәйге, таяқ тартыс, тазы жарысы және омыртқа сындырудан бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша Ардақ Сүлейменов, Айдар Махамбетов, Серік Ильясов, Достілек Дулатов және Әмірбек Жұмаділұлы қола жүлдеге ие болды. Оларды жарысқа Хамза Шұбаев пен Ерлан Кенжетаев дайындаған еді.

Осы халықаралық додада жүлде алған спортшылармен және олардың жаттықтырушыларымен Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев арнайы кездесіп,  оларға Алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыс етті.

– Сіздердің жеңістеріңіз – табанды еңбектің, жігер мен кәсіби шеберліктің нәтижесі. Ақмола облысы мен Қазақстанның намысын халықаралық аренада абыроймен қорғап, оралдыңыздар. Ең бастысы, сіздердің жетістіктеріңіз жас ұрпақты спортпен айналысуға, алдарына биік мақсаттар қойып, оған қол жеткізуге ынталандырады, – деді Досұлан Айтбаев кездесу барысында.

Ол сондай-ақ, өңірде спортты дамытуға және спортшыларға қолдау көрсетуге ерекше мән берілетініне назар аударды.

Еске сала кетсек, жуырда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада қабылдаған болатын. Мемлекет басшысы Ұлттық құраманың өнерін жоғары бағалап, оның жетістігі қазақ халқының рухының биіктігі мен қайсарлығын көрсеткенін атап өтті.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар