Заман талабының жаңа пәндер

Елімізде орын алып жатқан реформаларға сәйкес, білім беру жүйесіне де жаңалықтар енгізілуде. Биылдан бастап мектеп бағдарламасы оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Конституция негіздері», «Заң мен тәртіп» жаңа пәндерімен және «Жеке қауіпсіздік» курсымен толықтырылды.

Орта буын оқушыларының мектеп бағдарламасы «Конституция негіздері» пәнімен толықты. Енді 5-сыныптан 7-сыныпқа дейінгі оқушылар елдің жаңа Ата заңын оқып, азаматтардың құқықтары мен міндеттері жөнінде білім алады. Ал, 8–11 сынып оқушылары үшін «Заң мен тәртіп» міндетті курсы енгізілді. Сонымен қатар, «Жеке қауіпсіздік» курсы да жаңа оқу жылында айына екі рет ұйымдастырылады. «Бұл құқықтық сауатты ұрпақ қалыптастырудың маңызды қадамы болып табылады» дейді мамандар.

«Жаңартылған білім мазмұны ең алдымен тұлғаның жан-жақты дамуына, іргелі білімді нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға және заманауи құзыреттерді дамытуға бағытталады. Сонымен қатар, тәрбиелік компоненттің мазмұны едәуір күшейтіледі. Білім беру жүйесіне «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтары, «Заң мен тәртіп» қағидаты, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы және жаңа Конституцияның негізгі идеялары мен құндылықтары толық енгізіледі. Осылайша, мектеп тек білім беретін ұйым ғана емес, заңға құрметпен қарайтын, еңбекті бағалайтын, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азаматтарды қалыптастыратын ортаға айналады» деген болатын Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырыстарының бірінде.

– «Конституция негіздері» пәні оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай өте қарапайым әрі өмірмен байланысты тақырыптардан басталады. Балалар ең алдымен «Конституция дегеніміз не? Ол не үшін қажет? Мемлекеттік рәміздерді қалай құрметтеу керек?» деген сұрақтарға жауап алады. Сонымен қатар, өздерінің негізгі құқықтары мен міндеттерін тәжірибелік тапсырмалар арқылы меңгереді, – дейді Көкшетау№20 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Айым Нұрмақанова.

Оқушыларға «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» пәндері аптасына бір рет оқытылып, «Жеке қауіпсіздік» курсын айына екі рет ұйымдастырылады. Алғашқы екі пәнді оқыту тарих және құқық пәндерінің мұғалімдеріне жүктелсе, «Жеке қауіпсіздік» курсын мектептің педагог-психологтары жүргізетін болады.

– Жеке қауіпсіздік сабағы ең қажетті әрі ұтымды бастамалардың бірі. Бұл сабақтың мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді қауіпсіздік ережелерін сақтауға дағдыландыру, сондай-ақ, білім алушылардың бойында жеке қауіпсіздігі мен басқаларды қорғауға қатысты саналы әрі жауапты қарым-қатынас қалыптастыру, төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындау. Сабақта балалармен жас ерекшеліктеріне сай, түрлі тақырыптарды тереңірек талқылаймыз. Талқылау барысында тек ақпарат беріп қана қоймаймыз, оқушылармен топтық, рөлдік ойындар ойнап, қызықты тренингтер өткіземіз, – дейді педагог-психолог Арайлым Әмірғожина.

Жалпы, бұл сабақта күнделікті өмір мен цифрлық ортадағы қауіпсіздікке басымдық беріледі екен. Оқушылар жеке мәліметтерді қорғау, кибербуллингті танып, одан қорғану, онлайн қарым-қатынас орнатуда қауіптерді ажырату, жалған ақпарат үшін жауапкершілікте болу, күдікті заттарға қатысты дұрыс әрекет ету, табиғатта, суда және мұзда қауіпсіздік шараларын сақтау ережелерін меңгереді.

Сонымен, жаңа пәндердің негізіне «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтары, «Заң мен тәртіп» қағидаты, «Таза Қазақстан» және жаңа Конституцияның негізгі идеялары мен құндылықтары енгізіледі. Осы арқылы білім алушыларды елін, жерін құрметтейтін, заңды сақтайтын, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарайтын, қоғам алдындағы жауапкершілігі мол азамат етіп қана емес, өзін-өзі заң жүзінде қорғай алатын сауатты азамат етіп тәрбиелеуге басымдық беріледі.

Мектепте берілетін білім балалардың болашағын айқындайтын, оларды өмірге бейімдеп, дағдыландыратын негізгі іргетас. Сондықтан, бүгінгі мектеп оқушысына тек оқулықтағы білімді меңгеру жеткіліксіз. Өз құқығын білетін, заңды құрметтейтін, қауіпсіздік ережелерін сақтайтын әрі кез келген жағдайда жауапты шешім қабылдай алатын азамат қалыптастыру – заман талабы.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар