Ғұмыр-ғайып
Өзім көп жыл қызмет еткен облыстың журналистика саласында қарым-қабілетімен, білім, өмір тәжірибесімен танылған небір дарындылар еңбек етті. Өнердің осы түрінде талай талғамы жоғары, стилі ерекше, жүріс-тұрысы дара, елдің түсінуі қиын мінезді жандар да болды. Сондай азаматтың бірі де бірегейі Қажыбай Қабыл-Фазыл еді. Түсінігі мен түйсігі бөлек, қарсы келген адамына қасқайып тұрып ақиқатын айтатын айтулы журналист, әрі саясаттанушы ағаның өмірден өткеніне жиырма жыл болыпты.
Жалпы, өзім таныс емес тақырыпқа қалам тартпаймын. Жасы бізден көп үлкен, анда-санда редакция дәлізінде көріп қалатын Қажыбай ағамен бұрын жақын таныстығымыз жоқ еді. Мінезі бірбеткей, шындықтың турасын бетке айтатын ағаға көбіміз үрке қарап, кездесуге тайсақтаушы едік. Сол кісімен ақырында жақыннан жолықтық. Екі мыңның басында қала ортасынан үй алып, көшіп келдік. Бірде алған үйдің есігін ашып жатсам жоғарғы қабаттан үстіне ақ костюм-шалбар киіп, қолына қара папка ұстаған Қажыбай аға түсіп келеді екен. Ағаның кейін қайыра тараған аппақ шашынан, от шашқан қос жанарынан қаймыға қалқиып тұра қалдық. – Көшіп келген қазақ сен екенсің ғой. Сен қыз, менен қашпа, мен саған бөтен емеспін. Ана Шоңайдағы жасы тоқсанға келген сенің нағашы әжең Рахима менің апам, ол кісі Тереңкөлден. Ал, өз елің Қарлыкөлдегі Бегім атаңның қызы Қайыркен ағам Азнабайдың жолдасы, менің асыл жеңгем, – деді. Сөйтіп бір үйдің бір сатысында тұратын Қажыбай ағамен туыстай жиі кездесіп, басынан өткен талай қызықты әңгімесін естіп едік.
Көкшенің ел білетін айтулы азаматы болған аға оқыған-тоқығаны көп кісі еді. Алматының атақты университетінде оқып, журналистика саласын бітіріп, Керекуде тілші болып қызмет атқарады. Аз уақытта еңбегімен көзге түсіп, өзіне бар жағдай жасағанына қарамай туған елі Көкшесіне, ата-баба мекеніне қайта оралады. Облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде қызмет етіп, 60 жылдары ашылған Көкшетау телеарнасының бастауында тұрып, кәсіби маман ретінде өзін таныта білді. Кейін Қазақ телевизиясының 50 жылдық мерекесіне де қадірлі қонақ ретінде қатысқан. Қажыбай аға еліміз тәуелсіздік алған өтпелі кезеңінде саясатпен де айналысып, халқымыздың танымал тұлғаларының бірі Сәбетқазы Ақатаев бастаған «Азат» қозғалысының қатарында болып, ел өркендеуіне ат салысады. Алғашқы туған немересіне Азат деп те ат қояды. Сол жылдары жастар тәрбиесіне араласып, Көкшетау жекеменшік университетінде ұстаздық етіп, сабақ береді. Осындай небір қызметті істей жүріп, ортасы ұнамаса бірбеткей қайтпас мінезімен қолын бір-ақ сілтеп, кетіп отыратын, – дейді ол кісіні білетіндер. Өзі тарихты жақсы білетіндіктен соған сай тақырыпқа қалам тартып, бойындағы қайсарлығымен көп қиырды бағындыра білген жан еді. Жүрген жерінде шындықты бетке айтып, әділдік жолына бел шеше кірісетін. Жұмысынан негізсіз шығып қалып, әділетсіздіктен жәбір көргендер Қажыбай ағаны жағалайтын. Орыс және қазақ тілінде бірдей сөйлеп, екі тілде сауатты жаза білетін. Турашыл, өз талғамынан шыға қоймайтын жанның осал тұстарын бетіне айта салатын, оны әрине көпшілік қабылдай бермейтін. Алайда, «Арпа ішінде бір бидай» ағаның әділ сөзін, адал пікірін құрмет тұтып, қолдайтындар да баршылық еді.
«Тура биде туған жоқ» деп қазақ атамыз тегін айтпаған. Әділдікті қуып, шындықты айтам деп өзі де талай қуғынға түсіп, темір тордың ар жағында отырып келген күндері де болған. Өмірлік тәжірибесі мен білімінің арқасында соның бәрін жеңе білген. Абақты да, сыртынан айтылған небір ғайбат сөз де оны жасыта алмады. Қашан көрсең Қажыбай аға еңсесін тік ұстап, үстіне кіршік түсірмейтін бекзаттылығымен дараланып, адымдай басып Абай көшесімен кетіп бара жататын. Әр бейсенбі сайын редакцияға келіп, сол күні шығатын барлық газет басылымдарын алу оның өмірлік ұстанымы еді. Сол әдетінен көзі жұмылғанша арылған жоқ.
Қажыбай Қабыл-Фазыл ағаның тағдырының керемет болып қалыптасуына асыл жары Биғайша Қазықбайқызының әсері көп болды. Жеңгеміз он жеті жасында өзінен он жас үлкен жігітпен танысып, екеуі үй болып, жарты ғасыр ұғысып, 50 жыл бірге ғұмыр кешіпті. Әр ісіне ұқыпты, керемет таза, кірпияз жарының қасы мен қабағына қарап, жолдасының көңіл-күйінің ыңғайына барынша бейімделіп өткен. Оның қиналғанда қолтығынан демеп, қайсарлығын жани білді. Биғайша апамыздың өзі де он саусағынан өнер тамған, тазалыққа үйір жан. Олардың үйіндегі тазалық пен тәртіп, келген қонақтарына ас беру мәдениетінің өзі өзгелерге үлгідей еді. Талғамдары бір-біріне сай осынау отбасында үш ұл, бір қыз өсіп, ер жетті. Олар да үлкен өмірге араласты. Зере деп қасиетті есім қойған ағаның жалғыз қызы бүгінде Американың Вашингтон қаласында тұрады, өзі аудармашы болып қызмет атқарады. Үш баланың анасы. Ағаның жалғыз қызының тегі Қабыл-Фазыл деп жазылады.
Қажыбай ағаның ішінде кеткен өкініші де жоқ емес. Әкесі Қабылдың туған ағасы Фазыл соғысқа кетіп, содан қайтып оралмайды. Есіл ердің артында Тоты деген жалғыз қызы қалады. Сол Тоты 18 жасқа келгенде Челябі, Магнитогорск жаққа туыстарымен бара жатып поезд келесі бір станцияға тоқтағанда, су алып келуге түсіп, жоғалып кетеді. Үстіне қамзол, бешпент киген, беліне түсетін қос бұрымына сыңғырлатып шолпы таққан сұлу бойжеткеннен ата-анасы осылайша қапыда айрылады. Тотының анасы Қайынжамал өмір бойы қызын іздеп, аңырап жылап өтеді. Осыны көріп-білген Қажыбай аға өсіп ер жетіп, өз қолы өзіне жеткенде, қасына ағасы Ибраһим Жамбеталинді ертіп, екеуі Солтүстік Қазақстан, Ресей өлкесін, небір шалғай ауылдарды аралап бауырын іздейді. Ел-елді аралап, небір тағдырға кездесіп, талайды туған елімен табыстырады. Бірақ, Тоты табылмайды. Өкініші өзегін өртеп, тұяқсыз, атаусыз қалған Фазыл ағасының атын жаңғыртып ұмыттырмас үшін тегін өзгертуге бел буады. Көп жүріп, ізденіп, облыс басшысына дейін өтінішпен кіріп, оған қолы жетеді. Қажыбай аға көрегендікпен Қабыл-Фазыл деп тегін заңды түрде өзгертіп, бүгінде ол атауды немерелері алып, жалғастырып жүр.
Ұлттың мүддесі үшін күн кешкен Қажыбай ағаның өмірден өткеніне 20 жыл болды. Бірақ, ол әділ сөзімен, адал пікірімен, турашыл тәкаппар мінезімен, бекзат болмысымен ел есінде қалды. Жан жары Биғайша апамыз да жүрегі соғуын тоқтатқанша шындықпен күресіп өткен тектісін ешкімге ұмыттырмай, қызықты қылығын үнемі айтып күлдіріп отырады. Жалған дүниеде жақсылық іздеп, шындықты айтам деп шырылдап өткен, аға, жаныңыз жәннатта болсын! Ерекше бейнеңіз ел есінде.
Шынар БЕКМАҒАНБЕТҚЫЗЫ,
Ақпарат саласының үздігі,
еңбек ардагері.
![]()

