Нұрыш молда

Тарихыңды таны

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басы қазақ даласы үшін рухани сілкініс пен саяси сынақтар тоғысқан күрделі кезең болды. Отаршылдық саясаттың қысымы күшейіп, дәстүрлі басқару жүйесі ыдыраған шақта Сарыарқаның тоғыз жолының торабы хан көтерген Көкшетау өңірі ағартушылық пен діни-рухани күрестің басты ошақтарының біріне айналды. Осы рухани майданның алдыңғы шебінде есімі елге мәшһүр болған ғұлама, ұстаз, қоғам қайраткері атақты Науан Хазірет (Наурызбай Таласұлы) тұрды.

Қопа көлінің жағасында, қаланың қарбалас тіршілігі мен көл толқынының арасын ортадағы тас жол бөліп жатқан қорымда қазақ еліне есімі мәшһүр болған Науан хазіреттің зираты орналасқан. Осы уақытқа дейін Науан Хазіретке байланысты көптеген мақалалар мен зерттеу жұмыстары жарық көрді. Бірақ та, Науан Хазірет тұлғасын зерттеу барысында, ғалымдардың назарынан ерекше бір мәселе қалып келе жатқанын айтқым келеді. Ол Хазіреттің шәкірттері жайында өте аз жазылуында. Сондай шәкірттердің бірі Нұрмұхаммед қажы Қожахметұлы. Ел оны Нұрыш молда деп атап кеткен екен. Хазіреттен білім алып, өмірін дінге арнаған, дінсіз қоғам орнағанда да басын сәждеден алмаған, Науан Хазіреттің шәкірті деген атақты өмірінің шам шырағы етіп алып өтіп, қайтыс болғаннан кейін өзінің аманаты бойынша ұстазының оң жағына қойылып, мәңгі тыныштық тапқан тұлға.

Нұрыш молданың азан шақырып қойған есімі Нұрмұхаммед. Әкесі елге танымал, сыйлы, беделді Атығай-Бағыс руынан шыққан бай Қожахмет Сәдиұлы. Қожахмет өз заманында Құнанбайлармен бірге қажылық сапарға барған. Ол жайында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Бұ қазақтан үшінші қажыға барушылары тобықты Құнанбай, айдабол Қишыл Қыстаубай, Ақмоладан, Аққұм-Қосқопадан Шекшек қажы, Атбасардан Егізбек, Жанайдар. Есіл бойындағы құлан қыпшақтан Шонтыбай, Батырқожа молда балалары, Сілеті бойындағы қыпшақтан Құрман баласы Қасен қажы, Мәмбет тоқадан Ұзынсазан ұрпағы Мұхамед Салық қажы. Өр Алтайынан Алдажұман немересі Ешмұхаммед қажы. Ертіс бойындағы Апайбөріден Құдияр қажы, Көкшетаулық атығайдан Қожахмет қажы. Егізбек Жанайдармен бірге барған Сұлтанқожа қажы, Қишыл Қыстаубаймен бірге барған Жәмекқожа, Байзолда ишан, бұларды қалдырмай жазып жатқаным, тірі қайтып келгендерінің бірсыпырасымен ауызба-ауыз сөйлесіп, мән-жайына әбден қанық болғандығымды түсіндіру үшін. Орта жүзден жиырма кісі болыпты.  Кіші жүзден табандаған жүз кісі болыпты.  Ішінде Нұрпейіс хазірет, Досжан халфе бар дейді.  Қазақ мұнан бұрын бүйтіп бас қосып қажыға бармаған екен. Жүз жиырма кісі болып, арасын айырмай, тізе қосып, қол ұстасып жүрген соң және өздері де көзге түсерлік әр таптың қасқажайсаңы болғандықтан көргендер таңырқарлық болыпты. Қазақ байғұстың салпиған тұмағының құлағын, сүйретілген тонының етегін, аңқиған аузын көрген соң, көрген қызығып, сұқтана бастайды ғой», – депті.

1868 жылы қазақтарды Орынбор мұсылман діни жиналысы (муфтият) құзырынан шығарып, Батыс Сібір, яғни, Ақмола облысы қазақтарының діни мәселелері азаматтық басқармалар арқылы Ішкі істер министрлігіне, оның ішінде «Земство бөліміне», «Басқа ұлттардың наным-сеніміне байланысты дін департаментіне» қаратады.

Қиын қыстау кездерде дін бағып, елде болып жатқан, христиандандыру науқаны басталып кеткен уақытта, аласапыран өзгерістерге бей-жай қарай алмаған Қожахмет қажы, Азнабай Жантайұлы мен елдің игі жақсылары жиналып, бас қосып, ақылдасады. Пәтуа сөз, бұдан 15 жыл бұрын Бұхараға ілім іздеп кеткен би Талас Құттыболатұлының баласы Наурызбайды алдырту болады.

Елдің сенері де, қалауы Таластың Наурызбайы болды. Көкшетаудан игі жақсылардан құралған арнайы топ Бұхараға аттанады. Мақсат, он бес жыл бұрын жол-жөнекей кетіп бара жатқан керуенге ілесіп, білім іздеп аттанған Наурызбайды, яғни, болашақ Науан Хазіретті елге қайтару. Бұл жөнінде Әлихан Бөкейханов: «Науан 15 лет учился в Бухаре кончил там высшую школу и сделал блестящую карьеру, исключительно благодаря своему необычайному дарованию. В Бухаре Науан занимал место преподавателя в высшей школе, откуда его вызвали кокчетавские киргизы, послав особых делегатов», – дейді.

Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдызында»: «…Бір кезде Шұңғырша Қарауыл аталатын рудан Бұқара Шәріпке оқуға жіберген Талас баласы Науан табан аудармай он жыл оқып «он екі пәнді тәмәм ғып» туған еліне қайтып келді. Науан келгенге дейін «хан мешітінде» имамдық құру, бала оқыту міндеттерін Ғалиәкбар есімді татар молдасы атқарған. Ел екеуін салыстырып қараса Науан теңіз де, Ғалиәкбар – шұғанақ. Сондықтан, Шыңғыс имамдықты да, мудәрристікті де Науанға берді… Ол Көклан медресесінің үлгісімен «хан медресесінде» ұлдарымен қатар қыздарды да оқытуға ниет етті», – деп жазады. Осылайша хазірет елге оралады. Ол жайында Сәдуақас Ғылмани былай дейді: «Ақыры Көкшетаудағы қазіргі қазақ мешітін түзетіп, Азнабалы Жантайұлы-қажы мен Қожахмет Садиұлы екеуі сол мешітке имамдыққа Науанды 1884 жылы Бұхарадан шақырып алып имам сайлайды».

Жылдар бойы ел жүзін көрмеген Наурызбай үлкендермен амандасып, аруақтарға құран бағыштап, дұға етсем деген ниетпен аймағын араламақ болады. Осыған байланысты Қ.Әпендиннің жазбасынан, Раев Қаратай қажы ұсынған  ел аузында мынадай оқиға сақталған екен.

Атығай, Қарауылдың үлкендері «қайырлы болсын» айтқаннан кейін: «ал, хазірет, шаруаны неден бастайсың?» – дейді. Сонда Науан Хазірет: «Екі-үш ай ел аралап үлкенге сәлем беремін, өткеннің орнына дұға оқимын. Одан арғысын келешек көрсетер», – дейді. Өске отағасы: «Хазірет, бірінші қай ауылдан бастайсыз?» – дейді. «Бірінші Әткеме барып сәлем беремін», – дейді Науан.

«Әткем» дегені Қарауылдан тараған сегіз атаның біреуі Сәберліден екі ауыл Ақшабай, Баян. «Аюалған» деген жерде қоныстанып отырған елдің үлкені Ақшабайдың Байқаны еді.

Арада жарты ай өтпей Науан Хазірет жанында он шақты кісісі бар Байқанның ауылына келіп қалады. Байқанның сексен тоғызға келген шағы екен. Хазірет үйге кіріп, төсек үстінде отырған Байқанға екі қолын кеудесіне басып «Ассалаумағалейкум» деп ұсына бергенде, Байқан оң қолының сыртымен Науанның қолын қағып жіберіп: «Шұңғырша Таластың баласы Қарабұқарадан он екі пәнді тәмамдап келді деп естіп едім, сен шоқынып келдің бе? Әкең Таластың төсі қайда?» деп, даусын қаттырақ шығарғанда жиналған жұрт сасып қалады. Науан Хазірет шапанын шешіп тастап: «Ләппай тақсыр!» деп басын Байқанның әуелі оң иығына салып, содан кейін сол жақ иығына салып, төсіне төсін бір тақап құшақтайды. Тек осыдан соң барып Байқан Науанның қолын алып, «төрлетіңдер» деп төрді нұсқайды. Отырғаннан кейін Байқан: «Науанжан, мына балаларды таныстыр», – дейді. Содан Науан Хазірет: «Әтке, мынау менімен қатар отырған жігіт – руы Қарауыл, Жаман Жалғызтау маңында тұрады, Ахмет ұста деген атышулы ұста» дей бергенде, Байқан: «Тоқтай тұр, Науан!» деп үзіп тастайды да, Ахметке бұрылып: «Шырағым, Ахмет, сен өзің айтшы,  кімсің?» – дейді.

Әтке, мына Хазірет айтқандай, мен Ахмет ұстамын.

Ахмет қалқам, сен ұста болсаң, менің бес ұлым бар, солардың төртеуін екі-екіден бірге соғып, екі дұрыс адам жасап бер. Бесінші ұлым Сыздық ең кішісі, әрі бір көзі соқыр ғой. Сонда да жалғыз жүре берсін, біреуден ілгері, біреуден кейін адам болар, – депті.

Әтке, мен темірдің ұстасымын ғой, – дейді Ахмет түсініңкіремей, – адамды қосып соғу қолымнан келмейді.

– Шырағым, сен Құдайдың атына таласып отырғаныңа қарағанда қолыңнан келетін шығар десем, адамға адамды қосып соғу қолыңнан келмейді де? Олай болса, Құдайдың атына сен де таласпа, Ұста – Құдайдың аты. Бұдан былай сұраған халыққа мен Ахмет зергермін де. Бұл есіңде болсын, – деген екен Байқан.

Көп әңгіменің үстінде реті келген жерін пайдаланып, Науан Хазірет:

– Әтке, маған қандай ақыл айтасыз? – депті.

– Науан Хазірет болғаныңа келгеннен бері қайырлы болсынды айтып жатырмыз ғой. Енді бір сұрақ: «өзің шәкірт аласың ба?».

– Әтке, осылай екі-үш ай елді аралап, үлкенге сәлем беріп, өткенге дұға оқып оралғаннан кейін сегіз ер бала, бес қыз бала алып, сол он үш шәкіртті оқытамын ба деген ойым бар, Алла жазса.

– Ондай ойың болса, Науанжан, шәкірттеріңе білгеніңді белден асырмай бер. Белден асырсаң сақалдың жақын екенін көріп тұрсың ғой, сақалыңнан ұстап, атаңның аузын ұратын солардың ішінен шығады! – деген екен.

Науан Хазірет елді аралап, Көкшетауға келіп, аталған шәкірттерді оқытуға кіріседі. Хазіреттің тәрбиесіне алғашқылардың бірі болып, Қожахмет қажы Сәдиұлы өзінің жалғыз ұлы Нұрмұхаммедті шәкірт етіп береді. Осылай Науан жоспарлаған 13 шәкіртің бірі Нұрыш бала болады.

Христиандандыру саясатына қарсы тұрар тұлғалар жергілікті молдалар екенін жақсы түсінген әкімшілік оларды қудалауға ұшыратты. Олардың тізімінің басында Науан Хазірет тұрғаны бесенеден белгілі. Әлихан Бөкейханов мақаласында: «үкімет қазақ халқын әдейі надандыққа итергісі келсе, Науанды қудалаудан бастаудан басқа ештеңе ойлап таба алмады», – деп ашық жазып жариялайды.

1901 жылы Ақмола облысының Земство бөлімінің бастығы Троицкий Наурызбай Таласовтан метірке тіркейтін кітаптарды алып қойды. Тәркілеу себебі – қазақтарда молда мен шариғат заңдары болмау керек деген қағида болатын. 1885 жылы генерал-губернатор Колпаковский Наурызбай Таласовты Көкшетау уезінің 8 болысының  молдасы етіп сайлаған болатын. Ал, 1901 жылы Троицкий Көкшетау қаласына 8 болыс, 69 би қатысқан халық жиналысын өткізіп, дін, салт-дәстүр жайында еш хабары жоқ бола тұрып, Далалық облыстарда ешқандай шариғат болмау керек деп жариялайды. Жаза мен үлкен айыппұлдар тағамыз деп қорқыта отырып, молдаларға ислам жайында дәрістер өтуге, Құранға қол қойып ант қабылдауға, некені молдаларға қидыруға (некені ауыл старшиндарына қидыру керек деген заң шығарады), метірке кітабын жүргізуге тыйым салып, барлық ел ағасына қол қойып, мөрлерін басуды бұйырды. Бірақ, дін бостандықтарына қол сұққан Троицкийдің бұл бұйрығын ешбір болыс, би қабылдамай қарсы шығады. Троицкий онда әскери губернаторға арыздансаңдар болады деп құтылады. Бұл жайында Науан Хазіреттің ең жақын шәкірттерінің бірі, Мемлекеттік Думаның алғашқы қазақтан шыққан депутаты Шәймерден Қосшығұловтың естелігінде мынадай жолдар кездеседі: «Сонан соң жиналған жұрт ақылдасады. «Дінге, жерге, праваға ие емеспіз, енді біз құқығымызды барша қазақ болып ізденейік», – деп қаулы қылады. Давернайдың орнын ашық қалдырып қойды. Ғизатлу Пәлен-пәленұлынан төменде қолтаңбамызды қойып тапсырамыз. Тиісті орындардан біздер үшін ізденесіз. Дінімізге, жерімізге, правамызға (құқық) келген қиын таршылықтарды жоғалтуға. Егер өзіңіз мықтап басқа бір адамға уәкілдік берсеңіз, рұқсат бересіз деп әр уезге кұпия кісі жіберіп, Көкшетау болысынан Қожахмет Садиұлы дегенге пригавар жинауға тапсырады. Садиұлы бір жылда жинап болам деп, қос атпен пригавар жинап, шапқылап жүргенде, тілмаштар уезге білдіріп ұстап, абақтыға жаптырады, алты ай жатады. Ақырында Көкшетау уезіне қараған сегіз болыстан қолдан міндет хат алып, бұдан былай патшамызға қарсы болмаймыз деп, қарсылықпен жүруші болса, тезінен білдіріп отырмаймыз, деп Қожахметті кепілге алады», — деп жазады. Баласын медресеге беріп, өзі ел мен діні үшін аттан түспеген қазақтың бетке ұстар азаматтарының қатарынан табыла білді. Қожахмет Сәдиұлы ұрпақтарының айтуына қарағанда жеті рет қажылыққа барып, соңғы сапарында Пайғамбарымыздың  табаны тиген қасиетті топырақта мәңгіге қалса керек.

Қазақ атам «әке көрген оқ жонар» дейді, әке жолын қуып дін ұстаған балаларының бірі өзінің ерекше жақсы көріп, хазіретке шәкірт етіп берген Нұрышы еді.

Нұрмұхаммед Қожахметұлы 1870 жылы Көкшетауда дүниеге келеді. Балалық шағы, жастық уақыты ел мен жер, дін мен діл үшін күресіп жатқан заманға тап болады. Әкесі Қожахмет қажы үкілеп, бар үмітін артып отырған жалғыз ұлы Нұрышты жаңа ғана елге оралған Науан Хазіреттің алдына, Абайша айтқандай:

Адамның бір қызығы бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, – дегендей медресе табалдырығын аттатады. Шындығында да, Нұрыш білімге құштар, дініне берік азамат болып өседі. Қызмет пен шен қуып емес, ел мен дінге қызмет етеді. Сәдуақас Ғылманидің «Заманамызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» еңбегінде ерекше көзге түсетін мынадай жолдар бар: «Оқытқан шәкірттері де толып жатыр (Науан Хазіреттің -Ы.С.). 2-3 жыл оқып шығып кеткендері тағы да көп. Хатым дәрежесіне жетті. Кәміл молла болып шықты деген шәкірттері да бар. Олар: 1) ​Сауыт-молла Есебергенұлы. Ол оқуға шұғыл қарағанымен, «туберкөлез» болып, жас күнінде өліп қалды; 2) ​Нұртаза ибн Шахмурад. Татар махалласында мүдәрріс болып шәкірт оқытты; 3) ​Татар Хамидаллах Бектас-молла, татар махалласына имам болды; 4) ​Әбу Талиб Пакизаұлы, 25-жылғы Көкшетаудағы емтихан хай’атында медресенің шахадатнамасын алды; 5) ​Әлиакбар-қажы, 85 жаста, қырғыз, осы күнде бар, Құлет деген жерде тұрады; 6) ​Мақыш Сейітуалиұлы. Бұларды өзі оқытып, өзі ғана емтихан қылып, хатым дәрежесін берген; 7)​ Нұрмұхаммед Қожахметұлы; 8) Жүсіп Кәдірұлы»6 – дейді. Яғни, Нұрыш молда Науан Хазіреттің ең сенімді, ілімін толық меңгерген санаулы шәкірттерінің бірі болып шығады.

1903 жылдың 2 сәуірінде мешіт пен медреседе, Науан Хазіреттің үйіне тінту жүргізіледі, барлық кітаптарын алып кетеді. Мешіт, медресені жауып тастап, Хазіретпен бірге шәкірттері Сексенбай Туленкин мен Мұқаш Қадыров, Шәймерден Қосшығұлов қамауға алынады. Барлығының үйлеріне тінту жүргізіліп, гектограф пен оған байланысты заттар табылады. Сексенбай Туленкинді Зайсанға, Мұқаш Қадыровты Өскеменге, Науан Хазірет Енисей губерниясына 3 жылға, Шәймерден Қосшығұлов Якутияға 5 жылға жер аударылады.

Ол жайында 1906 жылғы «Сибирьская жизнь» газетінің № 9 санында Ақмола облысы, Көкшетау уезінің сенімді өкілдерінің мынадай мақаласы жарық көреді: «Как известно, при вступлении Вали Хана со своим народом (среднюю ордою) в русское подданство, построили за казенный счет 5 мечетей, из них 3 мечети в г. Петропавловске, 1 мечеть в г. Омске и 1 мечеть для самого Хана в г. Кокчетаве. При последней мечети было открыто духовное училище – медресе, существовавшее до 1903 г., когда местная администрация упразднила эту школу и конфисковала 154 духовных учебника, находящиеся до сих пор в Кокчетавском уездном полицейском управлении. При этом, Кокчетавский уездный указной мулла Наурузбай Таласов, утвержденный в этой должности еще Степным генерал-губернатором Колпаковским и служивший в Кокчетавской соборной мечети до 1903 г., за стойкость своим религиозным убеждениям в духе Ислама был выслан административным порядком по распоряжению Степного генерал-губернатора Сухотина на 3 года в Енисейскую губернию», – дейді. Бұл жайында Науан Хазіреттің ең жақын шәкірті Шәймерден Қосшығұлов ақ патша Николай ІІ-ге жолдаған хатында: «В городе Кокчетаве при соборной мечетей существовала высшая духовная школа – медресе, в которой обучались дети киргизов. Школа это открыта в 1886 году и по распоряжению администрации закрыта в  1903 году, при чем были конфискованы 154 духовные книги, которые до настоящего времени и находятся при местной полиции.

Ахуном, муллой, как начальником и наставником высших школ, был вызванный по настоянию киргиз из Бухары Наурызбай Таласов, который тоже сослан в Енисейскую губернию. По закрытию школ по конфискации духовных книг и в небрежном обращении с последним киргизы усмотрели несправедливое действие уездной администрации…» –  деген наразылығын білдіреді.

Осылайша, 1903 жылы шәкірттері медресесіз һәм ұстазсыз қалады. Бірақ, барлық шәкірттер Науан Хазіреттің елге оралуына күш салады. 1905 жылы Алаш зиялылары 17 қазан манифесіне байланысты жарияланған бостандықтарды іс жүзінде асыруды сұрап патша атына петиция дайындайды. Ол құжат атақты «Қарқаралы петициясы» немесе «Қоянды петициясы» деген атпен мәлім. Ресей астанасына жөнелтілген петициялардың саны үшеу болатын. Жақып Ақбаев, Әлихан Бөкейхановтар 20 маусымда ұйымдастырып жіберген петицияда былай дейді: «Жағдайды оңалту және халықтың өз экономикалық ахуалын көтеруіне пұрсат беру үшін қазақ өлкесін басқаруда қазіргі кезде мына төмендегі кемшіліктерді жойып, халықтың қазіргі тіршілік жағдайына үйлесімді шаралар қолдану қажет деп білеміз:

1891 жылғы 25 наурызда қабылданған «Далалық ережеге» сәйкес қазақтардың діни істері Ішкі істер министрлігінің хұзырында қалып отыр. Жергілікті әкімшілік орындары соңғы кезде бірсыпыра қуғын-сүргін шараларын жүзеге асырды. Атап айтқанда, 1903 жылы Петропавл, Көкшетау, Павлодар және Семей уездерінде белгілі-белгілі қазақтардың үйінде тінту жүргізілді. Соның барысында алынған кітапханалар әлі күнге дейін иелеріне қайтарылмай отыр. Ол ол ма, Көкшетау уезінің қазақтары Наурызбай Таласов пен Шаймерден Қосшығұлов өздерінің діни нанымы үшін алғашқысы  Енисей губерниясына, соңғысы Якут облысына жер аударылды…» (1905 жылғы 26 маусым. Қоянды жәрмеңкесі). Түпнұсқасына 12 767 адам қол қойған.

1905 жылы Науан Хазірет пен шәкірттері дін аман елге оралады. Ұстаздары қайтып келгеннен соң Нұрыш молда Науан Хазіреттің батасын алып, мұсылман баласының бес парызының бірі қажылыққа жолға шығады. Мұрағат құжаттарында мынадай дерек сақталған:

«1905 г. сентября 27. Подписка казахов Восточной волости Кокчетавского уезда Акмолинской области.

​Я нижеподписавшийся, киргиз Восточной волости, Кокчетавского уезда, Акмолинской области Али Кусесов даю сию подписку канцелярии Степного генерал-губернатора в том, что согласно выданному мне заграничному паспорту от 16 сентября 1905 года за №5548 на паломничество в Геджас, я обязуюсь отправиться в Геджас морским путем через один из Черноморских портов Российской империи и возвратиться в пределы той же империи также морским путем не иначе, как через Феодосию, при чем все требования, которые будут предъявляемы ко мне карантинным учреждением этого порта относительно применения установленных санитарных мер, обязуюсь выполнять в точности, под опасением в противном случае законной ответственности.

№5549. Серен Дуконева; № 5550. Алимбай Дюйсенева;  № 5220 Нурмухамбет Кожахметов; № 5221 Кудайберген Джансеитов; № 5222 Баймухамбет Назарова; № 5223 Ташина Сарбелева; № 5225 Капа Джаркынбаев; № 5226 Зикрия Сапаков; № 5227 Айтмагомбет Тасыбаев; № 5228 Темирбулат Джайляубаева; № 5229 Баймогамбет Исурзина; № 5230 Нурум Худжабаева; № 5231 Кошегул Куромсин; № 5232 Ташен Муслин; № 5233 Джумабек Джанкаков; № 5234 Чилибай Тыныкин.

​Жалпы елдің айтуынша Нұрыш молда екі рет қажылық парызын өтесе керек. Өмірін дінге қызмет етіп мешітте қызмет жасайды. Соғыс жылдары ел аралап фронтқа қаржы да жинаса керек. Бірақ, дінсіз заманда, дін ұстаудың қандай қиын болғанын бүгіндері тек кітаптардан ғана оқығасын ба, кейді тіпті елестете де алмайтынымыз шындық. Кеңес өкіметі орнап, атеистік саясат шырқау шегіне жеткен тұста дін өкілдеріне салынған тыйым күшейе түсті. Әкесі Қожахмет сияқты елдің рухани ұйтқысы болған Нұрыш молда да бұл ғылым мен иман жолынан таймады. Жасырын түрде бала оқытып, ислам шарттарын насихаттағаны үшін НКВД-ның қара тізіміне ілігіп, артынан қатаң бақылау мен қудалау басталады.

Тұтқындалу қаупі төнген қысылтаяң шақта ағайын-туғандары оны аман алып қалу үшін Омбы өңіріне жасырын жібереді. Омбы атырабындағы қалың Атығай ауылдарының ішінде өзінің бесінші атасы атақты Әжімбет бидің ұрпақтарын барып паналайды. Ол жақта Нұрыш қажы Сәлім Кәрібжановтың үйінде пана табады.

Айта кетерлігі, Сәлім Айтқожаұлы Кәрібжанов қазақ мемлекеттілігінің тарихында айрықша орны бар тұлға, кейіннен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы қызметін атқарған Фазыл Кәрімұлы Кәрібжановтың ағасының баласы еді. Осылайша, ұлт зиялылары мен текті ағайынның астыртын қолдауының арқасында Нұрыш молда саяси репрессияның қанды шеңгеліне ілікпей, аман қалған.

Ел арасындағы сақталып қалған әңгімелердің бірінде.

Кеңестік солақай саясаттың ызғары атырапты қарып, «жын діннен безсе, сұм күннен безедінің» кері келген сұрқай заман болғанын бәріміз білеміз. Бірде Нұрыш қажы мешіттен жамағатпен бірге сыртқа шыға бергенде, қарсы алдарынан НКВД-ның зауал шашқан жасағы сау ете түсті. Азуын айға білеген офицер дінді қорлап, халықтың еңсесін түсіруді көздеп, есік алдында өр көкіректене ақырды: – Әй, кім бар мұнда?! Ана мешіттің төбесіндегі айды кім құлатады?!

Төбесінен жай түскендей болған жұрт та, молда да не дерін білмей аңтарылып, үнсіз қалды. Өз дінінен, өз заңынан безген сұмдық өршіп тұрған шақ еді. Көптің арасынан сұрқия бір жігіт суырылып алға шықты: – Мен құлатамын! – деді ол көзінде сірі жоқ сыңаймен.

Арқан тауып әкеліп, мешіттің ұшар басындағы жарқыраған айға лақтырып, іліп, бар пәрменімен тартып, жерге топ еткізіп құлатты. Киелі белгінің шаңға аунағанын көріп, көкірегін керген НКВД қызметкері мысқылдай күліп, Нұрыш молдаға бұрылды: – Ал, молда! Осыған не дейсің енді?!

Хазіреттің алдын көрген, иман нұры төгілген Нұрыш қажы еш саспады. Бойды кернеген сабырмен әлгі сорлы жігітке бір қарады да, екі алақанын  жайып: – Есен-аман бол! – деп алақанының сыртымен бетін сәл сипады.

Сол-ақ екен, елдің көзінше әлгі жігіттің аузы бір жағына қисайып, қол-аяғы тартылып, жансыз қалыпқа түсті. Жұрт «аһ» ұрып, шу ете түсті. Суық ызғармен келген қара күштің өзі бұл кереметті көріп, іштей қаймығып қалғандай еді.

Көп ұзамай Нұрыш молданың үстінен «адамды көптің алдында сиқырлап, дуалады» деген айыппен арнайы арыз түсті. Істі зерттеуге кіріскен тергеушілер әлгі НКВД өкілінен де түсініктеме алды. Алайда, халықтың рухын сындырамыз деп жүріп, өздері тылсым құдіреттің куәсі болған жазалаушы офицер басшылығына жазған түсініктемесінде: «Ешқандай сиқыр немесе дуаланған белгі болған жоқ. Нұрмұхаммед Қожахметов оған барып: «Будь здоров!» деп тек игі тілегін білдіріп, батасын берді», – деп ақталуға мәжбүр болды.

Осылайша, қылышынан қан тамып тұрған жүйенің өзі Нұрыш қажыға ешқандай айып таға алмай, іс жабылды.

Ал, мешіт айын құлатқан әлгі жігіт өмір бойы мүгедек болып, өткеніне өкініп, Нұрыш молданың соңынан қалмай кешірім сұраумен өтті. Бірақ, иман жүзді қажы әркез сабыр сақтап: – Бұл дерт менен емес… –  деп, келген зауалдың Алланың қаһары мен киенің аты екенін аңғартып, қысқа қайырады екен.

Мұрағат құжаттарына қайта оралсақ. «Совету по делам религиозных культов при Совете Министров Уполномоченному Совета по делам религиозных культов  по Казахской ССР Информационный доклад за  I квартал 1949 г.» атты құжат бар. Ол құжатта Көкшетаудың діни ахуалы туралы қызықты деректер кездеседі: «До 1929-1930 года татары имели свою, а казахи свою религиозную общину, каждая из них имела мечеть. В 1938-1939 г.г. эти общины совершенно отказались от содержания зданий мечетей и было соответствующее оформление документов, после этого в 1940 году, в соответствие указан Президиума Верховного Совета Казахской ССР, казахская и татарская мечети перешли мунфонду и здания мечетей были переданы социально-культурным учреждениям. Татарская мечеть по ул. Дзержинского занята областным краеведческим музеем. Здание бывшей казахской мечети по ул. К.Маркса занято областным архивом МВД», – делінген. Мешіттен айырсақ, діннен айырамыз деген большивиктер, дәл осы жерде қателесіп еді. Қазақтар мешітін жүрегіне салып, Хақтан ешқашан үміттерін үзбеген. 1944 жылдан бастап Науан Хазіреттің кәміл шәкірті Нұрыш қажыны өздеріне бас имам етіп тағайындайды. Ол жайында да мұрағат құжаттарында да сөз етіледі, бірақ деректе  «Кожахметов Нуралла» деп жазылған екен, оған қоса қайтқан уақытын көрсетеді «1948» деп, яғни, Нұрыш қажының қайтыс болған уақытымен дәлме-дәл. Сондықтан, «Нуралла» деп «Нұрышты» атап отырғанына толық негіз бар деп ойлаймын. Құжатта: «С 1944 года в городе Кокчетаве существовала большая группа мусульманского вероисповедания, инициатором и организатором которой являлся бывший мулла Кожахметов Нуралла… (Нұрыш — С.Б.)

Руководители группы несколько раз возбуждали ходатайство о возвращении им одной из двух имеющихся мечетей, ввиду отсутствия возможности местные органы не имели возможности предоставить требуемое им здание. Группа пыталась арендовать помещение или купить, но они не сумели. В  феврале месяце 1948 года умер руководитель группы Кожахметов Нуралла, после этого группа перестала существовать и активность религиозного движения значительно уменьшилась», – деген құнды мәлімет береді. Әрине, Нұрыш молда қайтыс болғаннан ахуал қиындап кеткенін байқауға болады. Бірақ, ел «Құран» бағыштап, Айт мейрамдарын тойлаудан үзілмей, тығылып болса да ұстанып өткен. Деректе: «В 1949 году мною учтено 35 бывших мулл. Против 1948 года их количество уменьшилось на 10 человек, часть из них умерла, а часть выбыла из Кокчетавской области… В результате принятых административных мер бродячие муллы прекратили разъезжать по колхозам… но во всех районах чтение «корана» над умершими, участие их на поминках остается по-прежнему, так как верующие все еще прибегают к их помощи», – делінеді. Осылайша, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Дін істері жөніндегі кеңестің Көкшетау облысы бойынша уәкілі Б.Халиковтың жоғары жаққа жіберген баяндамасында Нұрыш қажы туралы осындай деректер кездеседі.

Тағы бір назар аударатын дерек 1946 жылы Алматы қаласында Қазақ, Қарғыз дін істер жөніндегі жиындағы стенограмма. Бұл «алқалы жиында»  Көкшетау облысы бойынша С.Елеусізовтің баяндамасы назар аудартады. Құжат «Стенограмма совещания уполномоченных по делам религиозных культов Казахской и Киргизской ССР в Алма-Ате 1-3 октября 1946 г.,» деп аталған. Мақалада орысша мәтіндерді аудармай отырғаным, түп нұсқадағы деректің сол күйінде беріп, нақтылықты қалдыру үшін екенін ескерсеңіздер. С.Елеусізовтың сөзінен: «Я начал работать с февраля месяца. До меня вопросом религиозного движения в области никто не занимался. Я не мог найти различной переписки с Уполномоченным по республике, но кое-что собрал, привел в порядок и начал изучать. Работа новая и я человек новый на этой работе. До сих пор понимания в этом вопросе у меня недостаточно. Говорят в прошлом году было совещание в Ташкенте и получили указания. Я руководствуюсь только бумажками, которые получаю от Совета и республиканского уполномоченного. В самом начале религиозное движение было введено в организационное русло, отсюда много отрицательных сторон. Выступающие говорят, что уполномоченные духовного управления с широкими мандатами направляются в районы. Такая картина была по нашей области до моего назначения. С первых дней я поинтересовался общинами, а их установили более 30, большею частью приезжают муллы, они использовали этот момент и вели свою работу, как, например, некто Кожахметов и Абдыльманов. Кожахметов провел работу в одной части области, а Абдыльманов в другой части области, они распределили между собой районы – кто какие районы должен обслуживать, они приезжали в колхозы, предъявляли свой документ, с большим охватом трудящихся проводили собрания верующих. В первые же дни своей работы я начал постепенно вести с ними борьбу и прекратил деятельность этих двух «представителей». Я им сказал, если появитесь где-нибудь не имея документа от духовного управления, вас не допустят, прежде чем поехать, нужно иметь документ, соответствующий. Только один раз Кожахметов при помощи Зампредисполкома получил разрешение для поездки в один район для сдачи зерна, собранного верующими в Заготзерно.

До сих пор деятельность общины мусульман в г. Кокчетаве не прекращена, закрыть их я пока не предлагал, потому что они существуют долгое время и оформление их задерживается из-за отсутствия помещения, хотя там имеется 2 мечети – казахская и татарская. Татарская мечеть не была закрыта до 1938 года, а в 1938 году, когда получили хороший урожай, местные организации предложили временно отдать мечеть под зернохранилище и отдали ее Заготзерно и впоследствии горисполком захватил это помещение, там сейчас областной музей. Татарская мечеть не была закрыта, до сих пор на ней имеется полумесяц. Другая мечеть – казахская — 1938 году была закрыта потому, что там произошло воровство и верующие согласились закрыть ее, помещение передано Горсовету, сейчас там находится автошкола», – дейді. С.Елеусізовтың айтуына қарағанда, Қожахметов облыс бойынша діни үгіт насихат жасап, елді дінге шақырып, барлық діни жоралғыларды орындап отырған. Жоғарыдағы деректерге сенетін болсақ, Нұрыш қажыны көкшетаулық мұсылмандар 1944 жылы өзінің имамы етіп сайлағанына қарағанда, 1946 жылы жасалып жатқан баяндамадағы Қожахметов Нұрыш молда екеніне еш күмән болмауы керек.

Соғыстан кейінгі жылдар да дін ұстау, дін жолында жүру қиынның-қиыны екенін, көрсетілген мемлекеттік қызметкерлердің сөздерінен-ақ білініп тұр. Деректер арасында мынадай жан түршігерлік оқиға кездеседі: «в январе 1947 года в колхозе «Карасу» Киндык-Карагайского аулсовета Шучинского района покойник пролежал в течение трех дней. Некому было совершать требуемый обряд при похоронах. Наконец на ж.д. разъезде нашли одного мало-мальски грамотного в религиозных делах человека и кое-как был похоронен покойник. Этот случай оставил в чувствах верующих что-то нехорошее, грустное. Запретить в категорической форме совершение неотложных религиозных обрядов считаю нецелесообразным, потому что на почве этого может быть возникновение недовольства у части верующих, чего допускать нежелательно. Отсюда необходимо предоставление кое-каких возможностей верующим удовлетворить свои религиозные потребности,» – дейді. Қудалаулардың нәтижесінде кейбір елді  мекендерде тіпті жаназа шығаратын молдалар қалмай қалған. Осындай дәуірдің куәсі Нұрыш молда еді.

Қайран, қазақтың қара нардай әулие марқасқалары. Өмірін елге арнап, маңдайын сәждеден алмаған, қызмет қылудан танбаған қайсар рухты ерлері. Нұрмұхаммед Қожахметұлы қазақтың христиандандыру саясатын, азамат соғысын, аштықты, репрессиялар мен қудалауларды, ІІ Дүниежүзілік соғысты басынан өткеріп, ұл-қыз тәрбиелеп 1948 жылы Көкшетау қаласында 79 жасына қараған уақытта бұл фәнимен қоштасады. Соңғы тілектерінің бірі ұстазы Науан Хазіреттің оң жағына апарып жерлеуді аманат етеді. Аманатқа қиянат жоқ, ел болып Нұрыш қажыны ұстазының оң жағына апарып жерлеп тас орнатады. Тастағы жазуды 2026 жылы Ғылым академиясының ғалымдары PhD доктор Б.Д.Дүйсенов, тарих ғылымдарының кандидаты А.Ш.Нұрманова зерттейді. Эпитафия мәтінін оқыған, араб әрпінде теріп, аударған А.Ш.Нұрманованың аудармасынан:

«Хүкім Алла [құзырында]!

Аса мейрімді Алланың атымен!

Әрбір жан иесі өлімді татады. (Құран, 29:57)

Hуы Атығай Қожақмет

қажы ұлы Нұрыш қажы

1948 жылы 3 март күні

79 жасында Фәнидан

Бақиға көшті.

Істеуші інісі

Смағұл ұлы Сейілхан» деген жазу түскен.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ даласы үшін үлкен нәубеттер мен зұлмат жылдардың кезеңі болды. Кеңестік саясаттың салдарынан орын алған ашаршылық пен Отан соғысы талай шаңырақтың түтінін түзу ұшырмай, ауыр қайғы-қасірет әкелді. Бұл қасіреттер Нұрыш молданың отбасын айналып өтпеді.

Нұрыш молданың шаңырағында дүниеге келген перзенттердің тағдыры сол заманның трагедиясын айқын көрсетеді. Тұңғыш қызы Мақпуза сұрапыл 1932-1933 жылғы қолдан жасалған ұлы ашаршылық кезінде аштықтан қайтыс болды. Қалимасы ауыр кезеңдерді бастан өткеріп, ұрпақ сабақтастығын жалғастырған перзенттердің бірі. Әкесінің досы һәм өзі сыйлаған ағасы Ақан серінің құрметіне қойған ұлдың үлкені Нұрақан (1904 ж.т.) еді. Еліне қауіп төнгенде майданға аттанып, Ұлы Отан соғысының сұрапыл шайқастарының бірінде 17 қазан 1943 жылы Калинин облысы, Невельский ауданындағы, Невельский 191,6 биіктікті алуда ерлікпен қаза тауып, сол жерге жерленген. Нұрыш молда елден фронтқа ақша жинағанда да осы ұлына жылу жетер ме деген үмітте болса керек. Шайза зұлмат жылдардың ауыртпалығын мойнымен көтеріп өскен перзент. Кенже ұлы Ризахан қиын-қыстау кезеңде отбасының түтінін түтеткен, шаңырақтың тірегі болған ұрпақ. Өмірін ұстаздыққа арнап, тарих пәнінен мектепте сабақ беріп өткен.

Нұрыш молданың отбасы тарихы тек бір әулеттің шежіресі емес, бұл бүкіл халықтың басынан өткен тарихи шындықтың бір бөлшегі. Ашаршылықта мерт болған Мақпузаның, майданда із-түзсіз жоғалған Нұрақанның және соғыс пен ашаршылықтан аман қалып ұрпақ өрбіткен Қалима, Шайза, Ризахандардың тағдыры бүгінгі ұрпақ үшін ұмытылмас тарихи сабақ әрі тағзым болары анық.

Науан Хазіреттің шәкірттерінің бірі Нұрыш молда туралы әлі де терең зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бесінші атасы Әжімбет би Қыдырұлы қасиетті Түркістанда Хазіретті Қожа Ахмет Яссауи әулиенің қасына барып жерленсе, әкесі Хазіретті Пайғамбарымызбен бір топырақта тыныштық тапса, ұрпағы аталарының аманатын арқалап, діннің туын құлатпай Хазіретті Науанның қасынан жай тапқан. Сол Қопа көлінің жағасында, қаланың қарбалас тіршілігі мен көл толқынының арасын ортадағы тас жол бөліп жатқан қорымның кіре берісінде 2001 жылы Науан Хазіретке арналған көк тас орнатылды. Ол ескерткіш тастың орнатылуына да Нұрыш қажының тікелей ықпалы болды. Әкесі Қожахметтің інісі Хамзеден туған Закария мен Жақия Нұрыш қажының бауырлары әрі адал шәкірттері еді. Олардың ішінде Закария молда кезінде Науан хазіреттің алдын көріп, кейін ағасы Нұрыш қажыдан да тәлім алған.

Нұрыш қажы өмірден өтер шағында осы іні-шәкірттеріне Науан хазіреттің басын қарайтып, бейітін қарайлауды, ұлы ұстаздың есімін ұрпақ жадында мәңгі сақтауды аманаттап кетеді. Өмір бойы осы аманаттың жүгін арқалап өткен Закария ақсақал мақсатын толық жүзеге асыра алмағандықтан, бұл өсиетті өз ұрпағына табыстайды.

Осылайша, 2001 жылы мазардың кіреберісіне Жақия ақсақалдың немересі Төлеген Хамзин ескерткіш тас орнатып, Нұрыш қажының арманы мен аманатын ақыры орындап шығады. Кейін 2021 жылы Науан Хазіреттің ұрпақтары еңселі мазар соғады. Әр заманның өзіндік ту тұтар дара тұлғалары болады, ал кейінгі ұрпақтың басты парызы сондай есімі ардақты бабалар рухын ұлықтап, есімін мәңгіге сақтап  қалу.

Саят ЫБЫРАЙ,
Астана халықаралық университеті,
өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, тарихшы.

 

 

 

Фото PhD. Б.Д. Дюсенов. Көкшетау, 13.05.2026.

 
 

 

الحکم        الله

بسم الله الرحمن الرحیم

کل نفس ذائقة الموت

ورئوی اتغای قوجاقمه ت

قاجی ولی نورشئقاجی

جلی 3 مارت کونی1948

جاسندا فانیدان79

باقیغا کوشتی

ئسته وشی ئنسی

سماغول ولی سلحان

 

 

 

Хүкім Алла [құзырында]!

Аса мейрімді Алланың атымен!

Әрбір жан иесі өлімді татады. (Құран, 29:57)

Ұруы Атығай Қожақмет

қажы ұлы Нұрыш қажы

1948 жылы 3 март күні

79 жасында Фәнидан

Бақиға көшті.

Істеуші інісі

Смағұл ұлы Сейілхан

 

 
Эпитафия мәтінін оқыған, араб әрпінде теріп, аударған т.ғ.к. А.Ш. Нұрманова  

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар