Әкім — іс үстінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Оқжетпес» волейбол клубының әйелдер командасының жаңа құрамын таныстыру рәсіміне қатысты. Жаңадан жасақталған команда құрамына жергілікті спортшылармен қатар, еліміздің өзге өңірлерінен іріктелген 14 ойыншы енді.
Аймақта бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және ұлттық құрамаларға резерв дайындау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Облыс әкімі бұл бастамалар Мемлекет басшысының міндеттеген тапсырмаларын жүзеге асыруда маңызды қадам екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұқаралық спортты дамыту – дені сау ұрпақ тәрбиелеп, ұлт денсаулығын нығайтудың маңызды шарты екенін атап өтеді. Облыста балалардың, жастардың және ересектердің спортпен айналысуына қажетті жағдай жасалуда. Сонымен қатар, облысымыз ұлттық құрамаларды халықаралық жарыстарға даярлайтын маңызды алаңға айналып келеді, – дей келе, Марат Мұратұлы волейбол әйелдер командасының жаңа құрамына игі жақсы тілектерін айтып, болашақта жақсы нәтижелерге қол жеткізетіндіктеріне сенім білдірді.
Команданың бас бапкері – Қазақстанның жоғары санатты және халықаралық санаттағы жаттықтырушысы – Тимур Джарлагасов. Ол отандық клубтар мен жастар командаларында тәжірибе жинақтаған маман, сондай-ақ, Қазақстан әйелдер құрамасының U-18 бас бапкері. Ол биыл Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен Орталық Азия чемпионатында Қазақстанның 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы құрамасын жеңіске жеткізген. Бас бапкердің көмекшісі – Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер Владислав Апазиди. Оның айтуынша, команданы жасақтау тамыз айында басталған. Іріктеуге еліміздің әр өңірінен ойыншылар шақырылып, таңдау барысында олардың нәтижелері, ойын шеберлігі мен тәжірибесі ескерілген.
– Алдағы жоғары лигада бірінші орын алу керек деген міндет қойып отырмыз. Бірінші тур қараша айында өтеді. Басты мақсатымыз – Қазақстанның үздік ойыншылары өнер көрсететін Ұлттық лигаға жолдама алу, – деді бас бапкер журналистерге берген сұхбатында.
Жаңа команда үшін алғашқы сынақ әйелдер командалары арасындағы ҚР кубогының алдын ала кезеңі болады. Жарыстар 15-20 қыркүйек аралығында Kokshe Arena спорт кешенінде жеті команданың қатысуымен өтуде. Кезең қорытындысы бойынша екі команда желтоқсан айында өтетін Кубоктың финалдық кезеңіне жолдама алады.
«Оқжетпестің» волейболшысы Мерей Мақсот командаға жасалған жағдайларға жоғары баға беріп, өңір тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды атап өтті.
–Командамыздағы ең жас спортшымын. Біз үшін сапалы дайындыққа барлық жағдайдың жасалғаны маңызды. Командаға көрсетіліп отырған қолдауды сезініп отырмыз және өзімізге жүктелген жауапкершілікті жақсы түсінеміз. Қазір басты міндетіміз – жарыстарда жақсы нәтиже көрсету. Күн сайын жаттығып, алдағы ойындарға дайындалып жатырмыз, – деді Мерей.
Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Қазір Инклюзивті спорт орталығы мен УЕФА-ның IV санат талаптарына сәйкес келетін, 12 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының құрылысы жүргізілуде. 2027 жылдан бастап Щучинск қаласында қысқы спорт түрлеріне арналған заманауи инфрақұрылым құру жоспарлануда.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

