Қайсар да, мейірімді Анашым!

Мақтасақ, ананы мақтайық!

Көп балалы ана  «Күміс» және «Алтын» алқа төсбелгісінің иесі Бақыт Өміртаева мерейлі 90  жасқа толып отыр.

Сұлу қылып жаратты ғаламды Алла,
Сұлулықты берді кеп адамдарға.
Қай сұлулық жанымды алып ұшсын,
Періштеден әдемі анам барда, –

деп ақындар жырлағандай, бүгін  мерейтойын тойлап отырған анам  Бақыт, 1936 жылы 18 қыркүйекте Атбасар қаласында дүниеге келген. Әкесі Құрманбай, анасы Разима, ел ішінде Зияй деп атап кеткен, егіздің сыңары екен. Разима әжеміздің анасы, яғни, нағашы әжесі Бибіш. Ол жалғыз қызының соңында қайда жүрсе, сонда болған екен. Бибіш әжем Қарымсақ  атаммен әменгерлікпен атасып, алты айлығынан анам Бақытты бауырына басқан.

Зияй әжем тұрмыста болғандықтан, елде тұра алмай жалғызының қайын жұртында жүріп, отаған ағашты базарда сатып, күнделікті тамағын тауып берісіп, еңбегімен құда жағына сыйлы болған. Әжем қара торы, кішкене бойлы, жүзінен жылылық шуақ шашып тұратын, денесі дөңгеленген, толықша адам болатын. Құда жағы құдағи деп атамай «шешей» деп, күйеу баласы Құрманбай атамыз енесін «шешем» деген екен. Әжем «балам» деп өз баласындай көрген.Үлкен аталары Амантай, Семенбай. Семенбайдан төрт бала: Өтебай, Сүтбай, Байна, Құрманбай. Құрманбай ең кенже інілері. Нағашы атамыз Өтебай Атбасардағы түрме бастығы болған. Зияй ол кезде 13 жастағы бойжеткен қыз екен. Туысқандарының бірі осы Атбасардағы түрмеде болса керек. Сондағы елдің азаматтарына тамақ апаратын, сәлемдемелерін жеткізетін жас қыз Зияй әжем салмақты, өткір, сөзін ұқыпты жеткізе алатын, биязы мінезімен түрме бастығы Өтебай нағашымызға ұнаған. Содан кенже інісі Құрманбайдың жасы егде тартқанына қарамастан, әжеміз Зияйды қосқан. 13-те отау иесі дегендей, мүшел жасқа жеткен Зияй әжеміз тұрмыс құрады. Оң мен солды толық танымаған жас барған әжемізді «келін» деп емес, қыздарындай қабылдаған. Зада атты әжемізден тәлім-тәрбие алады. Зада әжеміз Өтебай атамыздың бәйбішесі, өте ақжарқын, елгезек, кісі күтімінен аспайтын, қонақжай болған. Зада әжеміз Зияйды абысын, келінім деп емес, «балапаным» деп еркелеткен. Анам Бақытты Зияйдың тұңғышы болғандықтан, атам мен Бибіш әжеміздің қолына береді. Сонда нағашы әжеміз Бибіштің Бақытқа емренгені соншалықты, емшегінен сүт шықса керек. «Тас емшегімді жібіткен құлыным» деп алты  айлығынан бауырына басқан Бибіш тапқан таянғанын аузына тосып тәрбиелейді.

Атаның еккен ағашы ұрпаққа сая

Анамыз Бақытты алып Бибіш әжеміз Ұлыжол деп аталатын еліне, бауыр еті баласын бөтенге бермесе де, балажан Құрманбай атамыз осы елге артынан көшіп келеді. Қайын жұртына кетіп қалған інісінің бұл қылығына шыдамаған нағашыларымыздың өкпесі Құрманбай атамызға қара қазандай еді.

Ұлыжолда Құрманбай деген екі адам болады. Атамызды ажырату үшін «күйеу бала» демей сары аты болғандықтан, «сары атты Құрманбай» дейді. Өзі спандияр, таза, атты тарап баптайды екен.

Күнге-күн, айға-ай, жылға-жыл жалғасып өте береді. Ел басына ауыр күн туып, 1942 жылы атамыз Құрманбай сол қайын жұртының елінен соғысқа аттаныпты. Сонда анамыз Бақыт алты жаста, Бағи үш жаста, Зияй әжеміздің аяғы ауыр болып, Дәми іште қалған.

Жасы үлкен-кіші  ер азаматтардың барлығы соғысқа аттанып, ел ішіндегі тірлік бала-шағаның мойнында қалады. Сол балалық шағының өткен күндерін анам Бақыт айтып отыратын. Атасы Қарымсақ сауда жасап, ел ішін асырап, берген кебек, жұмыртқа тағы басқа да азықтарын өткізіп, ақшасын әкеліп, таратып беретін болған. Аталарының арқасында тамақтан таршылық көрмегенін айтып, анам сол күндерін әрі сағынышпен, әрі қуаныш-өкінішпен еске алып отырады. Ол кезде тіпті көлік жоқ, жалғыз-ақ Қарымсақ атасының көк биесі мен арба, шанасы бар. «Кімнің көлігі болса, сол үй ешқандай ауыртпалықты сезбеуші еді» дейді.

Атасы көршілес Колутон деген станциядағы базарға барып ұн, кебек, балық сияқты азық-түлік сатып, ақша жасап, оны затқа айырбастап, елдің жоқтығын түгендеп, жетім-жесірлерге қамқоршы болған. Сол кезде анам 11-12 жасар қолғабысын тигізетін жаста. Қарымсақ атасы «Қаратүбек» деген елді мекенде «Баршын» деген көлден, қамыстан тоқыған ауды салып, балық аулап, елге үлестіреді. Түннің бір жарымына дейін отырып қамыстан атасы мен Бибіш екі жағында, ортасында анамыз морда тоқиды. Үлкен адамдар ырымшыл келеді ғой. Әр күні салған мордасын Бақыт пен  Бағиды — бағым, Дәмиді — дәмім деп ырымдайды екен атасы. Сонда анам Бақытқа арнап салған күні балық көп түссе, атасы «Бақытымның» ырыс-несібесі көп болады деп ризашылығын білдіріп отырған.

Жасынан елгезек болған анамыз, қақаған сары аязға, боранға қарамастан таң атқанға дейін кетіп, түннің бір уақытында бір шана балығын артып келетін атасын тың тыңдап, сықырмен келе жатқан ат-шананың дыбысын естіп, қамыс қораның есігін айқара ашып, күтіп алатын болған. Екі танауынан буы бұрқырап келген атты доғарып, сақалына қатқан мұзды, үсті-басын қағып ер балаша көмектеседі. Сатуға әкеле жатқан кебек, балықтарын тұрғындар Колутон станциясының кіре берісінен базарға жеткізбей, орта жолдан тосып алып, таласып әкетеді екен.

Соғыс! Күнде бір үйде қаралы қағаз, зарлаған жесір, шулаған бала.  Дегенмен, сондай қаралы қағаз әр отбасын айналып өтпеді. Соғыстан оралмаған әкесінен (1942-1943 жылдары) қаралы қағаз келеді. «Өлгеннің артынан, өлмек жоқ» дегендей Зияй әжеміз Ұлыжол еліндегі бидай қоймасының меңгерушісі болып, түзде ер азаматтың орнында жүрсе, анасы Бибіш осы үш қыздарына ие болып, үй шаруасындағы тірлікті меңгерген. Әр отбасының жұмысқа жарайтын қыз бен ер балалары да қарап отырмай, ел тірлігіне араласып, балалық шақтары соғыс зардабының тауқыметінен есейген ұл-қыздар еді. Сол кезде ауылымыздың Аманжол деген азаматы сары өгізге арбасын  жегіп, ауыл балаларын таңнан жинайды. Әжем Бибішке келіп, «Бақыт барсыншы» деп өтінеді екен. Өйткені, анам айтқанға көніп, жүре беретін жуастау, ал сіңілісі  Бағи  айтқанынан қайтпайтын бірбеткей мінезді болған. Күнделікті  азықтары жарты таба нан мен құтыға құйып алған айран, шалап. Бидайдың ортасына барған кезде қалталарына салып алған  піскен бидайдың басын үгітіп,  қолдиірменге тартып, ұн қылып, түн ортасында ұрлап пісіріп, жартысын жұмысқа баратын балаларына күнде беріп жібереді екен. Ол кезде талқанға қаймақ қосатын үй кемде-кем. Бар адам қаймаққа, жоқ адам көк сүтке былғап береді. Әжем Бибіш бидайды қуырып, оны қаймаққа былғап, жұдырықтың басындай талқан жасап, соны жеп күні бойы қарнымыз тоқ жүретін деп еске алады анам.

Иә, ол кезде заң өте қатты, егін басында бірі қарауылда тұрып, екіншісі қалташаларына толтырғанша кезекпен қарап тұратын болған. Ерте есейген анамыздың балалық шағы осылай өткен.

Ұлыжолдың басындағы мектептен 4 кластық білім алып, әрі қарай оқуын жалғастыруға мүмкіндік болмай, әжеміз Бибіштің, отбасының қарбалас өмірімен бірге жүріп жатты. Атасы Қарымсақтың «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» әкелерінің орнын жоқтатпай, жетімдікті сездірмей асыраған күндері баға жетпес, өлшеусіз өмір болды. Соғыс бітіп, ел есін жия бастаған кезде соғыс ардагері  Нұрмағанбет атамызбен  (ел Айса дейтін) отбасын құрады. Атамыз Айса соғыстан келген кезде ел ішіндегі тірлікке белсене араласады, көзі ашық, еті тірі азамат Толқынкөл (Бірлік) елді мекенінде ауылшаруашылығы саласының бастығы, кейін Колутон станциясында астық қабылдау пунктінде есепші болып жұмыс жасайды. Атамыз Айсадан  4 ұл Абай, Қазбек, Қайыркелді, Сәкендер дүниеге келді.

Тұңғышы Абай әжеміз Бибіш пен Бақыттың қамқорлығында тәрбиеленді, ерке баланың (Абайдың) аяғын жерге тигізбей, кезектесіп арқалап бағу үш қыз Бақыт, Бағи, Дәмиге жүктелген. Біз «13 жасына дейін арқалап жүргенмін» деген анамның сөзіне күлетінбіз. Жасы 78-ге жеткен ерке нағашымыз осы уақытқа дейін әлі апасына еркелейді.

Соғыстан кейін қат кезеңде ойыншық деген  ілуде біреудің үйінде ғана. Ол кезде велосипед деген «Волга» машинасымен тең тек Абайда ғана, Ұлыжолдың үлкен-кішісі қызық көріп, үйден қашықтау жерге барып, мініп ойнайтынын қызықтап еске алып отырады.

Анам балалардың басы қосылса, өткен өмірлерінің әр кезенін еске алып, бізге әрі біле жүрсін, әрі өзі үшін естелік қылып айтып отыратын кезеңдері де баршылық. Сол естеліктің бірі әкесінің жан-жақты, суырып салма ақындығы барын және  соғыста жүргенде жолдасы анасы  Зияйға жазған өлеңін әлі күнге дейін ұмытпай айтып отырады.

Хат жазайын жолдасым,

Қабыл болсын көз жасың.

Ұзаңқырап біз кеттік,

Сапарды құдай оңдасын.

Хат жазамын балаларға,

Тастап кеттім далаға,

Ақылың болса, қарағым.

Анаңнан бөтен санама

хат жазайын «анам» деп,

Жүруші едің «балам» деп.

Ойламаймын тіпті де,

Осынау жақта қалам деп.

Төмендегі жыр-шумақтары соғыста жүргенде, хат арқылы жазғаны:

Поездың бір жүрісі желдей ескен,

Иіліп тау мен ағаш тәжім еткен.

Ішінде орыс, қазақ бірдей толып,

Берлиннің қатарына барып жеткен…

 

Қайын жұртына жазған өлеңі

Қайнаға керегі не жиған малдың,

Қалады әлде қайда ғазиз жаным.

Көрмесем жарты сағат жүре алмаушы-ем,

Көзіме көрінсейші Бағижаным.

 

Бақыт пен Бағиымның аты ұқсас,

Бітіпті маңдайына қиылған қас.

Жарқыным, құлындарым жүрсін аман,

Болады артымызда қандай заман.

 

Осындай әкелерінің шумақтарын Толқынкөл, Ұлыжол жыр қылып айтатын дейді анам.

Анамыз Бақытты 1955 жылы Өміртайұлы Қалмұқанға тұрмысқа береді. Аллаға шүкір бүгінде анамыз 9 құрсақ көтеріп 16-17 немере-шөберелері бар аяулы әже.

Әжеміз Бақыттан туған алғашқы жиенінің атын, ырысы мен құт-берекесі болсын деп менің есімімді  «Ырысалды» деп қойған екен.

Сол ырымдаған Бибіш әженің ақ тілегі қабыл болып, бүгінде әке-шешеміздің еңбегін, сенімін ақтаған  балаларымыз. Ел танып, мемлекеттік марапаттардың иегерлері атанып, ағайын, жолдас-жораның арасында, сый-құрметке бөленіп жүргеніміз әкем Қалмұқан мен анамыз Бақыттың арқасында екенімізді мақтанышпен айта аламыз.

Анамыз бүгінгі күні бала-шаға, туған-туыс ортасында ғасырға жуық 90 жасқа толу мерейтойын тойлап отыр.

Анамызға есейіп кетсек те, біз саған сәбиміз деген өлең жолдарын жолдай отырып, деніңізге саулық, немере-шөбере, шөпшек ортасында жүре бер демекпіз. Анамның өткен өмірін жазуды өзіме парызым дей отырып, ойымды төмендегі өлең шумағымен аяқтаймын.

Ана бақыт екен ғой, адамдарға,

Анадан асқан сұлу ғалам бар ма?

Жапандағы жалғыз-ақ тілегім бұл,

Ең бақытты жан етші, анамды Алла.

Ырысалды ӨМІРТАЕВА,
зейнеткер ұстаз.

 Қыркүйек, 2026 жыл.

Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар