Жыл басынан бері 120 кәсіпкер әкімшілік жауапқа тартылды

Ақмола облысында жыл басынан бері тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, азаматтардың 58 миллион теңгеге жуық қаражаты қайтарылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте биылғы жылдың 9 айындағы атқарылған жұмыстар туралы баяндаған Ақмола облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Самат Сайдалин мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, департаменттің басты мақсаты – тұтынушылардың құқықтарын қорғау, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Аталған кезеңде департаментке азаматтардан 1005 өтініш келіп түскен болса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға артық. Бұл облыс тұрғындарының өз құқықтарын белсенді түрде қорғап, туындаған мәселелерге бейжай қарамай, тиісті құзырлы мекемеге хабарлап отырғанын көрсетеді. Бұл орайда өтініштердің 54 пайызы бөлшек саудаға тиесілі. Шағымдар саны бойынша екінші орынды, яғни, 12 пайызды электрондық сауда құрайды. Мұнда тұтынушылар сапасыз тауарлармен қатар алаяқтыққа да тап болған. Мәселен, интернет-дүкен арқылы ұялы телефондар мен тұрмыстық техника сатып алған азаматтардан «WYP» фирмасына ақша қаражатын қайтару мәселесі бойынша 63 өтініш түсті. Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 45 миллион теңгені құрады. Өтініш берушілер тауарларды сату «WYP» интернет-дүкені арқылы жүзеге асырылып, онда өтініш берушілер тауар (қызмет) үшін төлемді жеке кәсіпкердің пайдасына жасағанын айтқан. Сонымен қатар, тауарлар белгіленген мерзімде жеткізілмеген, ал, төленген ақша қаражаты өтініш берушілерге қайтарылмаған. Барлық өтініштердің 83 пайызы қанағаттандырылып, департаменттің құзыреті шеңберінде тұтынушыларға 58 миллион теңге қайтарылған. Бұл өз кезегінде департаменттің өтініштерді жай ғана тіркеп қоймай, оларды шешумен белсенді айналысатынын көрсетеді.

Статистика көрсеткендей, күні бүгін автосалондар мен тұрмыстық техникалар ең жиі шағым тудыратын салалар болып отыр. Өкінішке қарай, нарықта өз тауарларының сапасына тиісті көңіл бөлмейтін компаниялар да әлі кездеседі.

– Біздің міндетіміз – туындаған мәселелерді шешу ғана емес, кәсіпкерлердің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін қалыптастыру. Заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету аясында Департамент құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәселен, әлеуметтік желілерде 1550 материал жарияланса, бұқаралық ақпарат құралдарында жүзге жуық сұхбаттар мен мақалалар жарық көрді. Соған қарамастан, заңбұзушылықтар әлі де орын алуда. Биылғы жылы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 120 кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға жалпы сомасы 2 839 636 теңге әкімшілік айыппұл салды. Атап айтқанда, кәсіпкерлер жауапқа тартылған нақты заңбұзушылықтар, яғни, 105 бизнес субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15 пайыздан асырғаны үшін тартылды. 4 жағдай тауарларда баға көрсеткіштерінің болмауына немесе сөрелер мен кассалардағы бағалардың сәйкеспеуіне қатысты болды. 11 субъект тұтынушы бұрышының болмауы және тұтынушының шағымына заңда белгіленген мерзімде жауап бермегені үшін жауапқа тартылды. Бұл орайда, біз тұтынушыларға нарықтағы қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз ету үшін осы бағытта белсенді жұмыстарды жалғастырамыз, – деді департамент басшысы Самат Сайдалин.

Сондай-ақ, ішкі нарықты қорғауға және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған «Сапалы өнім» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Қоғамдық бірлестіктер мен бейжай қарамайтын азаматтардың қатысуымен таңбалау талаптарының сақталуына және сапа талаптарының сақталуына бақылау жүргізілуде. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс шеңберінде балық консервілері, шұжық өнімдері, ірімшіктер мен кондитерлік өнімдерді қоса алғанда, 22 түрлі өнім зерттелді. Тексеру нәтижелері бойынша 9 құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттамалар жасалып, айыппұлдар салынды. Сонымен қатар, сәйкес келмейтін өнімдерді – краб таяқшаларын, теңіз орамжапырағы мен кәмпиттерді айналымнан алып қою туралы қаулылар шығарылды.

Брифинг соңында Самат Сайдалин аталған департаменттің тұтынушылардың құқықтарын қорғауға әрқашан дайын екенін жеткізіп, тұрғындарды шағымдар мен сұрақтар туындаған жағдайда Еркін Әуелбеков көшесі, 117 мекен-жайына немесе 50-29-89 сенім телефонына, сондай-ақ, «Е-tutynushy» мен «Е-otinish» қосымшалары арқылы байланысуға шақырды.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар