Денсаулық сақтау
Облыстың шалғай елді мекендерінде қайтарылған активтер есебінен 10 медициналық нысан салынды. Бұл құрылыс жұмыстарына 1,8 миллиард теңге бөлінді.
Сонымен қатар, осы қайтарылған активтердің нәтижесінде күрделі жөндеуден өткен Атбасар аудандық ауруханасы тұрғындарға жайлы қызмет көрсетуде. Іргетасы 1970 жылы қаланған нысанға бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан, өткен жылы қайтарылған активтер есебінен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, ғимарат толығымен жаңартылды. Енді, міне, медициналық мекеме ұжымы көршілес 5 ауданның халқына қызмет көрсетуде. Бір жылда ғимараттың қасбеті жаңартылып, ескі жабдықтары толық жаңартырылды. Сондықтан, бұған дейін дәрігерлерге көрінуге үнемі Көкшетау, Астана қалаларына баратын емделушілер бұдан былай жаңартылған ауруханадан ем алатындарына дән риза.
Қайтарылған активтер есебінен бөлінген қаржыға емдеу мекемесінің техникалық базасы нығайтылып, заманауи қондырғылар алынған. Енді аудан дәрігерлері кейбір күрделі операцияны жергілікті жерде жасай алатыны қуантады.
– Біздің ауруханаға рентгенографиялық ангиограф қондырғысы орнатылды. Біз жаңа құрылғының көмегімен жүрек-қан тамырлары, инсульт, инфаркт сияқты ауруларды өзімізде емдейміз. Қондырғыны ақпан айында іске қостық. Осы уақытқа дейін 160 операция жасалды. Қазір аурухана ғимаратына жапсарлас МРТ нысаны салынып жатыр. Оған да арнайы қордан 170 миллион теңге бөлінді. Жаңа мекеме жыл соңына дейін іске қосылатын болады, – дейді Атбасар ауданаралық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Исмайыл Бөлтенов.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Атбасар ауданы.
![]()

