Осы заманғы ірі медициналық орталықтардың бірі болады

Министр сапары

Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова облыс әкімі Марат Ахметжановпен бірге Көкшетау қаласында салынып жатқан 630 төсек орындық осы заманғы көпбейінді аурухананың құрылысымен танысты.

 

Бұл – Ақмола облысы мен еліміздің солтүстік өңірінің тұрғындарына республикалық орталықтарға бармай-ақ күрделі операциялар, жоғары технологиялық диагностика және мамандандырылған медициналық көмек алуға мүмкіндік беретін ірі инфрақұрылымдық жоба. Аурухананы пайдалануға беру 2027 жылғы мамырға жоспарланған.  Бүгінде нысанның дайындық деңгейі 76 пайызды құрайды. Ағымдағы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстарының 90 пайызын аяқтау жоспарлануда.

Жаңа аурухана еліміздегі ең ірі медициналық кешендердің біріне айналады. Мұнда әрқайсысы 120 төсек орыннан тұратын онкологиялық және перинаталдық блоктар, 19 операциялық залы бар хирургиялық блок, күндізгі стационар және ауысымына 500 адам қабылдайтын консультациялық-диагностикалық орталық орналасады.

Кешен заманауи медициналық жабдықтармен, оның ішінде үш компьютерлік томографпен, қуаты 3 Тесла МРТ аппаратымен, үш ангиографпен және сәулелік терапия жүргізуге арналған желілік үдеткішпен жабдықталады.

Стационарда кардиология, нейрохирургия, неврология, травматология және басқа да бағыттар бойынша медициналық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, инсульт орталығы, оңалту бөлімі және пациенттерді шұғыл тасымалдауға арналған тікұшақ алаңы көзделген.

– Бұл соңғы 15–20 жылдағы Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізіндегі ең ірі жобалардың бірі. Біз үшін құрылысты уақытылы аяқтау ғана емес, аурухананы заманауи жабдықтармен және білікті мамандармен қамтамасыз ету де аса маңызды. Жобаны барлық кезеңде барынша сүйемелдейтін боламыз, – деп атап өтті министр.

Жаңа кешен үшін медициналық кадрларды даярлау жұмыстары өткен жылы басталған. Аурухана пайдалануға берілгеннен кейін қазіргі таңда ескірген ғимараттарда жұмыс істеп жатқан Көкшетаудың бес медициналық ұйымын осы кешенге көшіру жоспарлануда. Кешеннің базасында шамамен 1500 жұмыс орны құрылады.

Жұмыс сапары барысында министр өңірдің медициналық инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударды. Ақмола облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 38 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін ауданаралық ауруханаларды жаңғыртуды аяқтау жоспарлануда.

Бұдан бөлек, өңірде мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі кеңейтілуде. Жыл басынан бері нефрология, гематология және ревматология бөлімшелері ашылды.

Көкшетаудағы аурухананың құрылысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. Биыл еліміз бойынша 50-ден астам денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде. Оларға 108 миллиард теңгеден астам қаражат көзделген.

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар