Халықаралық қарттар күніне орай Ақмола облысында «Әділет» партиясының ұйымдастыруымен аға буын өкілдеріне арналған бірқатар іс-шара өтті. Басты мақсат — қарт азаматтарға құрмет көрсету, олардың мәселелеріне назар аудару, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және белсенді ұзақ өмір сүруді қолдау.
Іс-шаралар аясында азаматтарға қажетті мәселелер бойынша көмек көрсетуге бағытталған қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Қабылдауға денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, құқықтық көмек және тұрғын үй мәселелері бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қоғамдық қабылдау барысында аға буын өкілдері өздерін толғандырған мәселелерін айтып, тиісті мамандардан кеңес пен түсініктеме алды. Мұндай кездесулер азаматтардың мәселесін тікелей тыңдап, оларды шешудің мүмкін жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Көкшетау қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» фестивалі өтті. Іс-шара барысында цифрлық сауаттылық пен киберқауіпсіздікке арналған «Цифрлық ата, цифрлық әже» практикалық сабағы ұйымдастырылды.
Қатысушылар цифрлық сервистерді пайдалану жолдарымен танысып, интернеттегі қауіпсіздік ережелері бойынша пайдалы ақпарат алды. Фестиваль бағдарламасында «Бірге өнер» шығармашылық кездесуі және «Өмір тәжірибесі» атты ашық диалог алаңы да ұйымдастырылды.
Ақмола облыстық «Әділет» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Акманат Әлімбетова аға буынға құрмет көрсетудің және ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
«Аға буын — халқымыздың баға жетпес қазынасы. Олардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Ал жастардың жаңа идеялары мен заманауи білімі қоғамның дамуына серпін береді. Сондықтан әр буынның бір-бірін тыңдап, тәжірибе алмасуы өте маңызды. Осындай кездесулер ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, ортақ құндылықтарымызды дәріптеуге мүмкіндік береді», — деді Ақманат Әлімбетова.
Мерекелік бағдарлама концертпен жалғасты. Аға буын өкілдеріне арналып әндер шырқалып, шығармашылық қойылымдар ұсынылды. Мерекелік кеш қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жылы лебіздер мен ізгі тілектер айтылды
![]()

