Нұржан жасаған домбыраны ел мақтайды

Шебердің қолы алтын

Қосшылық қолөнер шебері Нұржан Ділманов өз шеберханасында ұлттық музыкалық аспаптардың 50-ге жуық түрін жасайды. Шебердің домбыра, қобыз, жетіген, шертер, сыбызғы, сазсырнай, адырна, қызқобыз, нарқобыз, дабыл сияқты бұйымдары Ақмола облысынан тыс жерлерде де танымал. Олар байқаулар мен көрмелерде қазылар мен өнерсүйер қауымның назарын аудартып қана қоймай, Қазақстанның түрлі қалалары мен ауылдарындағы музыканттарға жол тартады.

Нұржан Ділманов үшін ұлттық музыкалық аспаптар жасау уақыт өте келе өмірлік кәсібіне айналған жүрек қалауы әрі отбасылық өнер. Жастайынан осы бағыттағы алғашқы қадамын домбыра мен жетіген жасаудан бастаған ол кейін бұл шеберлігін ағалары Бақытжан және Сапарбек Ділмановтармен бірге одан әрі ұштады.

Көп жылғы тәжірибе, көрмелер мен байқауларға қатысып, әріптестерінің өнерінен де сыр түю отбасылық шеберлерге аспап жасау техникасын жетілдіріп, осы жолда өзіндік қолтаңбаларын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Өнерлі отбасы еліміздің «Үкілі домбыра» және «Аңыз домбыра» сияқты беделді байқауларында жүлдегер атанып, 2017 жылы Астанада өткен EXPO халықаралық көрмесінде өз жұмыстарын таныстыруға да шақырту алған болатын. Бұл жетістіктері Нұржан үшін жаңа бір құлшыныстың бастамасы болды. Көп ұзамай ол Қосшыға көшіп келіп, осынау жеке кәсібін дамытуға ден қойды.

Сөйтіп, 2020 жылы «Әлихан» кәсіпкерлігін ашты. Бір жылдан кейін бизнесін дамытуға 5 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант алып, оған қажетті өндірістік құрал-жабдықтарды сатып алды. Бұл оған өзінің жұмыс орнын кеңейтіп, ұлттық аспаптардың түр-түрін жасауына мүмкіндік берді. Осы ретте, қолөнер шебері үшін басты мақсат сан қууда емес, керісінше, қолынан шыққан әрбір аспапты сапалы жасап, оның өзіндік сипатын, ұлттық үнін сақтау болатын. Осы музыкалық аспаптарды жасау барысында ол уақыт сынынан өткен әдістермен бірге, осы заманғы мүмкіндіктерді де тиімді пайдаланып, шикізатқа, яғни, ағашты мұқият таңдауға ерекше мән берумен келеді. Өйткені, сол арқылы аспаптың беріктігі ғана емес, жан-жақты үйлесімділігі, дауысы мен өзге де қойылатын жоғары талаптарға сай келуі ескерілері сөзсіз.

Нұржан Ділманов осы бір ұлттық дәстүрге бауыр басуы мен қызығушылығын шеберханадан тыс жерлерде де жалғастырып келеді. Ол өз сапарлары барысында, сол жерде ұлттық аспаптар музейлері болса, соқпай кетпей, ежелгі қолөнершілердің жұмыс тәсілдері мен көне үлгілерін де зерттей түсуде.

Бүгінде өз ісіне әмбебап шебердің неше түрлі музыкалық аспаптарына кәсіби музыканттар мен күйшілер тарапынан сұраныс жоғары. Олар Қазақстанның Астана, Атырау, Ақтау, Қарағанды, Көкшетау және басқа да қалаларына жиі жөнелтіліп жатады. Осылайша талғаммен жасалып, көңілден шыққан бұл аспаптар музыканы өз өмірінің мәні деп білген жандардың қолынан түспей, өмірлік қымбат бір дүниесіне айналады.

Қазір Нұржанның жеке кәсіпорыны одан әрі ұлғайып, жаңару қарсаңында тұр. Өйткені, Қосшы қаласында жаңа да кең цехтың құрылысы жүргізілуде. Ол аяқталғаннан кейін қолөнер шеберлері осы ғимаратқа көшеді. Сөйтіп, қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарын жасап, өнер өкілдері мен өнерсүйер қауымның алғысын арқалау жұмыстары одан әрі осында жалғасады.

Ал, әзірше «Қазақстанның үздік тауары» конкурс-көрмесінің өңірлік кезеңінде осы байқауға ұсынған бұйымдары жоғары бағаланып, «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымында жеңімпаз атанған «Әлихан» жеке кәсіпшілігі шеберлерінің жасаған музыкалық аспаптары өңірімізде ғана емес, елімізде де жиі таныла түсуде. Ата-бабамыздан қалған асыл мұраны ардақ тұтқан бұл ізгі мұрат алда да осылай өз жемісін бере берсін дейміз.

Қ.КӘКЕНОВ.  

Қосшы қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар