Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Андрей Шевченко табиғи монополия субъектілерінің атқарған жұмыстары мен тарифтік саясат туралы баяндады.
Мемлекет басшысы тариф белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің тұтынушылардың қаражатын мақсатты пайдалануына бақылауды күшейту мәселелеріне үнемі назар аударып келеді. Сондай-ақ, «Табиғи монополиялар туралы» Заң табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыруға және тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылауды күшейтуге бағытталған. «Табиғи монополиялар туралы» Заңмен Ұлттық экономика министрлігі жанындағы тарифтік саясат жөніндегі кеңес институты енгізілген, ол консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
– Бүгінгі таңда өңірдегі департамент мамандары 69 табиғи монополия субъектісінің 150 реттелетін қызметін бақылайды. Оның ішінде жылу, электр энергиясы, сумен жабдықтау және су бұру салалары бар. Департамент мамандары табиғи монополия субъектілері тарапынан тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуына талдау жүргізіп, 348,6 миллион теңгеге жуық қаржының игерілмей қалғанын анықтады. Өткен жылдың салыстырмалы кезеңінде бұл заң бұзушылық 3 миллиард теңгеден асқан болатын. Тарифтік сметалар мен табиғи монополия субъектілері инвестициялық бағдарламаларының орындалуын талдау жалғасып жатқанын атап өтеміз. Бұдан басқа, қызметтер құнын қайта есептеу әдістемесіне сәйкес, департамент Ақмола облысының жылу энергиясын есептеу аспаптары жоқ тұтынушыларға жылумен жабдықтау қызметтерін көрсететін табиғи монополиялар субъектілері бойынша сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылумен жабдықтау қызметтерінің құнын қайта есептеуге талдау жүргізді. Осы талдау нәтижесінде есептеу құралдары жоқ тұтынушыларға жылуды кем беру фактілері бойынша 13,9 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылатын болды, – деді А.Шевченко.
Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, облыс бойынша коммуналдық желілердің орташа тозу деңгейі әлі де жоғары. Мәселен, өңірдің электр желілері 59,24 пайызға, соның ішінде «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серістестігіне қарасты желілер 84,22 пайызға дейін тозған. Канализация желілеріне су бұру желілері 60,91 пайызға, сумен жабдықтау желілері 52,63 пайызға, жылумен жабдықтау желілері 52,78 пайызға тозған.
Бүгінгі күнге дейін желілерді жаңарту мақсатында бекітілген инвестициялық бағдарламалар аясында 15,9 миллиард теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл қаржыға 2 228 шақырымнан астам желі мен 591 дана құрал-жабдық қалпына келтірілді.
Бұдан бөлек, Президент Жарлығы мен Үкіметтің Ұлттық жобасы аясында коммуналдық секторды модернизациялауға «МЭКС» электронды платформасы арқылы 59,6 миллиард теңгеге өтінімдер қаралуда.
Биыл аталған департамент әкімшілік құқық бұзушылық туралы 29 іс қозғап, жалпы көлемі 32 миллион теңгеден астам айыппұл салған, оның 20,5 миллион теңгесі бюджетке өндірілген. Мамандар жыл басынан бері 28 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, кемшіліктерді жою туралы 4 нұсқама беріп, олардың барлығы толық орындалған.
Халық үшін тариф белгілеу жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында департамент жыл басынан бері 36 қоғамдық тыңдау өткізіп, оған 467 тұтынушы, БАҚ және қоғам өкілдері қатысқан көрінеді. Сондай-ақ, тұрғындардан түскен 1,2 мыңнан астам өтініш пен шағым заңды шешімін тапқан.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

