Ел мен елді, адам мен адамды жалғаған елгезек жандар

9 қазан – Дүниежүзілік пошта күні

Бір кезде ауылға атпен жеткен хат бүгінде діттеген жеріне заманауи пошта қызметі арқылы санаулы сағаттарда жетеді. Заман өзгеріп, технология жаңарғанымен, поштаның адам мен адамды байланыстырып, алысты жақындатып, елге қызмет етуі өзгерген жоқ. Ақмола өңірінде айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алдыруға үлес қосып, осы жауапты міндетті ондаған жыл бойы абыроймен атқарып келе жатқан жандардың қатарында Анар Ахметова мен Қалдығыз Тұрдықұлова да бар.

Қазіргі пошта кешегі поштадан мүлде бөлек. Бүгінде «Қазпошта» ұлттық пошта операторы ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымындағы маңызды буын болып табылады. Пошта және курьерлік қызметтермен қатар, қаржылық, логистикалық және цифрлық қызметтер де көрсетіледі. Зейнетақы мен жәрдемақыларды жеткізу, жалақы жобалары, есеп айырысу-кассалық қызмет көрсету, халықаралық жөнелтілімдерді қабылдау және жеткізу, кедендік рәсімдеу, электрондық коммерция  мұның барлығы бүгінгі пошта қызметінің бір бөлігі.

Ақмола облысындағы пошта жүйесінің ауқымы да айтарлықтай. Өңірде пошта қызметі 528 ауылдық елді мекендегі 583 мыңнан астам тұрғынға көрсетіледі. «Қазпошта» АҚ Ақмола облыстық филиалының құрамында 125 пошта инфрақұрылымы нысаны бар. Оның ішінде облыстық филиал, Степногорск қаласының пошта байланысы торабы, 10 аудандық пошта байланысы торабы, 8 қалалық және 92 ауылдық пошта бөлімшесі, Көкшетау қаласындағы төлем қабылдау пункті және 12 жылжымалы пошта бөлімшесі жұмыс істейді.

Ақмоладағы осы ауқымды жүйенің тұрақты жұмысын 525 қызметкер қамтамасыз етеді. Әсіресе, ауылдық жердегі пошта қызметкерінің жауапкершілігі жоғары. Өйткені, кейбір елді мекендер үшін пошта бөлімшесі хат қабылдайтын немесе сәлемдеме беретін ғана орын емес, қаржылық, мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерге қол жеткізетін маңызды орталық болып есептеледі. Сондықтан, пошта қызметкерінің еңбегі халыққа етене жақын еңбек.

Өңірімізде пошта саласына бүкіл еңбек ғұмырын арнаған мамандардың бірі Анар Ахметова. Оның еңбек жолына көз жүгіртсек, бір адамның тағдыры арқылы тұтас саланың бірнеше онжылдық тарихын көруге болады.

Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданындағы Степняк қаласында дүниеге келген Анар Ахметова 1983 жылы орта мектепті аяқтаған соң, сол жылдың қыркүйек айында Уәлиханов ауданында пошташы болып еңбек жолын бастады.

Жас маман үшін бұл жай ғана алғашқы жұмыс орны емес, болашақ мамандығының бастауы еді. Пошта саласында жұмыс істей жүріп, кәсіптік-техникалық училищеде білім алды. Кейін Алматы электрпошта техникумын тәмамдап, оператор қызметіне қабылданды. Осылайша, кеше ғана хат-хабар тасып жүрген жас пошташы біртіндеп саланың білікті маманына айналды.

Еңбек жолында қор биржасында да қызмет атқарған Анар Ахметова 1999 жылғы 19 қаңтарда Көкшетау қаласындағы сұрыптау-тасымалдау теліміне пошташы болып қайта оралды. Бүгінде сол телімнің басшысы.

Пошта саласындағы еңбек өтілі – 43 жыл. Осы уақыт ішінде пошта саласы да талай өзгеріске ұшырады. Қағаз құжаттардан электрондық жүйелерге, қарапайым тасымалдаудан заманауи логистикаға дейінгі өзгерістердің барлығын Анар Ахметова өз көзімен көріп, кәсіби тәжірибесімен бірге өткерді.

Сұрыптау-тасымалдау телімінің жұмысы пошта қызметінің ең жауапты бағыттарының бірі. Мұнда келген жөнелтілімдер бағыттары бойынша сұрыпталып, белгіленген мерзімде тиісті жерлерге жөнелтіледі. Бір қарағанда көзге көріне бермейтін осы жұмыстың артында үлкен тәртіп, дәлдік пен жауапкершілік жатыр.

Бірнеше онжылдық бойы осы саланың қазанында қайнап, оның қыр-сырын меңгерген Анар Ахметованың тәжірибесі бүгінгі жас мамандар үшін де үлкен мектеп.

Пошта саласының тағы бір тәжірибелі маманы Қалдығыз Тұрдықұлова. Оның өмір жолы екі елдің пошта жүйесін байланыстырып тұр. 1965 жылғы 18 ақпанда Өзбекстанның Шыршық қаласында дүниеге келген Қалдығыз Тұрдықұлова Ташкент қаласындағы №4 кәсіптік-техникалық училищені тәмамдап, 1984 жылы телефонист болып еңбек жолын бастады.

1986 жылдан 2005 жылғы сәуірге дейін Өзбекстан поштасында қызмет атқарды. Оператор болып жұмыс істеді, пошта бөлімшесін басқарды. Осы жылдар ішінде пошта саласының қыр-сырын жан-жақты меңгеріп, мол тәжірибе жинақтады.

2005 жылғы 20 сәуірде Қазақстанға, Көкшетау қаласына қоныс аударып, «Қазпоштаға» оператор болып жұмысқа орналасты. Тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында 2008 жылы жеткізіп беру телімінің бастығы қызметіне тағайындалды. Бүгінде осы бөлімге басшылық жасап келеді. Оның да жалпы еңбек өтілі  43 жыл. Бір адамның еңбек жолында 43 жыл бойы бір салада қызмет етуі  үлкен жауапкершілік пен кәсіби тұрақтылықтың белгісі емес пе?!

Қалдығыз Тұрдықұлованың еңбегі бірнеше рет жоғары бағаланды. Ол 2013 жылы пошта қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Үздік байланысшы» медалімен, ал, 2021 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 2018 жылы Дүниежүзілік пошта күніне арналған салалық сайыста командасымен бірге бірінші орынды иеленіп, жеңімпаздарға берілген жолдамамен Мәскеу қаласына барып қайтты.

Қалдығыз Тұрдықұлова қызмет барысында өзін жауапты әрі білікті маман ретінде танытып келеді. Ол өзінің кәсіби білімін үнемі жетілдіруге көңіл бөліп қана қоймай, жанындағы қызметкерлердің де біліктілігін арттыруына ықпал етеді. Ұжымда бай тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп отырады.

Сонымен қатар, ол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. 2020 жылдан бері «Қазпошта» АҚ Ақмола облыстық филиалы кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін атқарып келеді.

Бүгінде электронды пошта, мессенджерлер мен цифрлық технологиялар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бір сәтте әлемнің кез келген нүктесіне хабар жіберуге мүмкіндік бар. Дегенмен, дәстүрлі поштаға, яғни, хат, посылка мен бандерольға деген қажеттілік әлі де сақталып отыр. Десек те, қазіргі пошта тек хат пен сәлемдеме жеткізетін қызмет емес. Ол  логистика, қаржы, әлеуметтік қолдау, электрондық сауда және мемлекеттік қызметтермен сабақтасқан үлкен жүйе. Ал, осы үлкен жүйенің жұмысы адамдардың еңбегі арқылы жүзеге асады.

Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз Анар Ахметова мен Қалдығыз Тұрдықұлованың еңбек жолдары соның айқын дәлелі. Бүгінде олардың бірі пошта қызметінің сұрыптау-тасымалдау телімін басқарып отырса, екіншісі Ташкенттегі пошта саласынан басталған еңбек жолын Көкшетауда да жемісті жалғастырып, жеткізіп беру телімінің тізгінін ұстап келеді.

Пошта саласының болашағы цифрландырумен, жаңа технологиялармен және заманауи шешімдермен тығыз байланысты. Алайда, қандай технология келсе де, оның артында адам тұрады. Тұтынушымен сөйлесетін, жөнелтілімді қабылдайтын, сұрыптайтын, тасымалдайтын, жеткізетін, қызмет сапасына жауап беретін де адамдар. Сондықтан, пошта саласының ең үлкен байлығы  оның кәсіби мамандары. Ал, 43 жылдық еңбек өтілі бар Анар Ахметова мен Қалдығыз Тұрдықұлова  сол алтын қордың өкілдері. Олардың өмір жолы еңбекке адалдықтың, мамандыққа беріктіктің, кәсіби шеберліктің жарқын үлгісі.

9 қазан – Дүниежүзілік пошта күні осы салада еңбек етіп жүрген барша жандардың кәсіби мерекесі. Осы орайда Ақмола өңірінің барлық пошта қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қажымас қайрат, мықты денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне береке тілейміз. Ел мен елді, ауыл мен қаланы, адам мен адамды жалғаған алтын көпірдің игілігін халық әрқашан көре берсін дегіміз келеді.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерде: Қалдығыз Тұрдықұлова мен Анар Ахметова; «Қазпошта» АҚ Ақмола облыстық филиалының ұжымы.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар