Абыройлы сексен жыл

Кеше Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының 80 жылдық мерейтойына арналған гала-концертке қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, өнер ұжымына жаңа автокөліктің кілтін тапсырды. Филармония ғимаратында өткен өнер мерекесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауын Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жеткізді.

Еліміздің әр өңірінен келген мәдениет және өнер қайраткерлері, филармония ардагерлері, қалың жұртшылық және зиялы қауым өкілдері қатысқан мерейтойлық салтанат жан жадыратқан үлкен өнер салтанатына ұласты.

Көкшенің сайын даласында Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сынды саңлақтар қалыптастырған өнер дәстүрі бүгін де жалғасып келеді. Сол дәстүрдің алтын арқауын үзбей, ұлттық өнерді насихаттап келе жатқан Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы биыл 80 жылдық мерейтойын атап өтіп отыр.

Салтанатты шара барысында филармонияның бірқатар өнерпазы Мемлекет басшысының жоғары марапаттарына ие болды. Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрлерінің әртісі, «Мәдениет саласының үздігі» Жанна Құсайынова мен симфониялық оркестрдің концертмейстері, «Мәдениет саласының үздігі» Жұмабике Омарова Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал, Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің әртісі Жанна Молғаждарова мен симфониялық оркестрдің әртісі Екатерина Воронина Мемлекет басшысының Алғысына ие болды.

Кеш барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов та филармония ұжымын мерейтойымен құттықтап, өзінің ізгі тілегін білдірді.

– «Өнер – ұлттың жаны» деген сөз осы шығармашылық ұжымның миссиясын дәл сипаттайды. Филармония ұжымы талай жылдан бері өңір тұрғындарына вокалдық -музыкалық және хореографиялық өнердің үздік үлгілерін ұсынып, ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, жаңа есімдердің танылуына жол ашып келеді, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы өңір мәдениеті мен өнеріне елеулі үлес қосқан филармония ардагерлерінің еңбегін атап өтіп, мерейтойға орай ұжымға шағын автобустың кілтін табыс етті.

Филармонияның қалыптасып, дамуына еңбек сіңірген өнер майталмандарының қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова мен Мара Есмұханова, қазақ халық аспаптары оркестрінің алғашқы дирижері, «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Тұрлығожа Базаров, эстрадалық-үрлемелі оркестрдің бас дирижері, Мәдениет қайраткері Ерназар Оразалин, «Құрмет» орденінің иегері Людмила Багапова, Мәдениет қайраткерлері Жанат Есов пен Ләззат Ыдрысова және басқа да өнер иелері бар.

Биыл филармонияның аға буын өкілдері Шолпан Дүкімбаева мен Гүлжан Ахметова да өздерінің мерейтойларын атап өтуде. Олардың ізін бүгінгі жас өнерпаздар жалғастырып келеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмиля Жарқынбаева, «Ерен еңбегі үшін» және Эльмира Төлеубаева мен «Шапағат» медалінің иегері Аякөз Қалмағанбетова, дәстүрлі әнші, өнер зерттеушісі Сәрсенбай Хасенов сынды өнерпаздар филармония сахнасында кәсіби шеберліктерін танытып жүр.

Мерейтойлық шараға республикаға танымал өнер қайраткерлері мен Астана, Алматы қалаларынан, сондай-ақ, Абай, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Жетісу және Алматы облыстары филармонияларының басшылары арнайы келді.

Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі, профессор, күйші-композитор Айтқали Жайымов, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, күйші-композитор Секен Тұрысбек, дирижер, хормейстер әрі композитор Абзал Мұхитденов, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры, профессор Бибігүл Нүсіпжанова және басқа да белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері болды.

Әріптестері атынан құттықтау сөз сөйлеген Секен Тұрысбек Көкше төріндегі өнер мерекесіне ақжолтай тілегін жеткізді. Сондай-ақ, кеш барысында белгілі күйші-композитордың орындауындағы өзінің әйгілі күйлері «Көңіл толқыны» мен «Ақ жауыны» көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Мерейтойлық кеште «Гәкку» би ансамблінің прологымен басталған концерттік бағдарламада Е. Үсенов пен Б. Әлімжановтың «Балуан ата», Ақан серінің «Балқадиша», Иран Тасқараның «Кербез Көкше», Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» шығармалары шырқалды. Домбыра, қылқобыз, сыбызғы, жетіген сынды ұлттық аспаптардың үні сахна төрін тербеп, Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан айтыс, Кенжебек Күмісбековтің «Дала сыры» поэмасы, «Көкше сұлулары» биі орындалды. Еркеғали Рахмадиевтің «Ақ тырналар» әні шырқалып тұрғанда экраннан осы сексен жыл ішінде өнер ордасында қызмет еткен бүгінде арамызда жоқ филармонияның басшылары, әншілері мен өзге де қызметкерлері еске алынды.

Концерттің екінші бөлігінде әлемдік классика мен заманауи музыканың таңдаулы туындылары көрермен назарына ұсынылды. Россинидің «La gazza ladra» операсына жазылған увертюра, Имре Кальманның «Сильва» опереттасынан ария, Леонард Бернстайнның «Вестсайд тарихы» мюзикліндегі «Мамбо», «Salsa Kenny» композициясы орындалып, көпшіліктің көңілінен шықты.

Бір кештің өзінде филармонияның симфониялық оркестрі, эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрі, камералық хор, «Гәкку» би ансамблі мен жеке орындаушылар өнердің сан алуан жанрын ұсынды.

Кеш соңында Ескендір Хасанғалиев пен Шота Уәлихановтың «Көгілдір Көкше» әні орындалып, филармонияның шығармашылық ұжымына Ақмола облысы әкімінің атынан гүл шоқтары табыс етіліп, сексен жыл бойы өнерге адал қызмет еткен барша өнерпаздарға көрермен қошеметі көрсетілді.

Осылайша, аға буынның өнегесі мен жас өнерпаздардың жаңашылдығы паш етілген мерейтойлық кеште өнер ордасының сексен жылдық өнер тарихы кеңінен насихатталып, ұлттық өнеріміздің бір-бірінен ажырағысыз берік дәстүрі бүгінгі ұрпаққа аманатталып, филармонияның шығармашылық өнер жолы жаңа белеске бет алды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар