Қызмет алушының құқын қорғау – басты міндет

Мемлекеттік қызмет

Біздің елімізде азаматтарымыздың нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес мемлекеттік органдар мен мамандандырылған мекемелерге, сондай-ақ, басқа да арнайы ұйымдарға құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін өтінішпен жүгінуге құқығы бар.

Кез келген мемлекеттік органның, жекелей айтқанда, әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмысында азаматтардың өтініштерін қарау аса маңызды орын алады. Олардың дәлелдері өз айғақтарын тапқан жағдайда тұрғындарымыздың мүдделерін қорғау – біздің ортақ міндетіміз.

Бұл жай ғана айтыла салған сөз емес, мемлекеттік қызметшінің антын қабылдаған барлық тұлғалардың алдына қолданыстағы заңнама шеңберінде қойылған талап. Дәлірек айтқанда, жаңадан қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 17-бабында мемлекеттік қызметшінің жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау және қорғауды қамтамасыз ету, олардың жолданымдарын қарау және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен, тиісті мерзімінде қажетті шаралар қабылдау жөніндегі міндеті тікелей көрсетілген.

Әрине, тұрғындардың өзекті мәселелерін, өтініштерінде көрсетілген мұң-мұқтаждарын барынша шешуге жәрдемдесу тек қана заң тармақтарынан ғана емес, біріншіден өз халқыңа, қызметіңе деген сүйіспеншіліктен туындауы қажет. Өйткені, мемлекеттік қызметтің үлкен міндеттерімен бірге, азаматтардың ел сенімін ақтауымен байланысты биік абыройы бір-бірімен тығыз байланысты. Азаматтардың өтініштеріне деген осындай көзқарас болуын біз, мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті орган ретінде қатарымыздағы әрбір әріптесімізден талап етеміз. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті өз құзыретінің шегінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылауды жүзеге асыратындықтан, бұл саланың дамуына барынша мүдделіміз.

Сонымен қатар, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы барлық жағдайда жоғары болуы тиіс. Ал, оларды ұсынуға уәкілетті тұлғалардың іс-әрекеттері заңды бола бермеген жағдайда осы іспеттес көріністерге куә болған азаматтар департаментке жүгінуге мәжбүр болады.

Атап айтқанда, ағымдағы жылдың өткен мерзімінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы бойынша департаментте 2000-нан астам өтініш қаралды. Осы шағымдарды қарау, тексеру және сыртқы байқау жүргізу нәтижесінде 3627 қызмет алушының бұзылған құқықтары қорғалды. Олардың ішінде 3448 қызмет алушы жер қатынастары, геодезия және картография, 179-і ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша жүгінгені анықталды. Мысалы, екі шаруа қожалығына 2000 гектардан астам шабындық алқаптарын егістікке ауыстыруға рұқсат берілді. Бұл кәсіпкерлерге өз қызметін одан әрі дамытуға септігін тигізері анық. Оған қоса, осыған дейін құқықтары бұзылған 179 шаруаға 418 миллион теңге субсидия төленді.

Агроөнеркәсiптiк кешендi субсидиялау – ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттiк қолдау шараларының бірі. Осыған байланысты 3000-нан астам азаматқа жер қатынастары саласындағы қызметтер көрсетілді. Қызмет алушылардың басым көпшілігі ауылдық елді мекендерде жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелерін алуға ниет білдіргендер.

Мұндай нысаналы мақсатпен ұсынылған жер учаскелері азаматтарға ауылдық жерлерде тұрғын үй салу, оған тиісінше елді мекендерді дамытуға үлес қосу құқын пайдалануларына мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының екі отырысы өткізіліп, онда өңірлік деңгейде маңызы бар мәселелер қарастырылды. Атап айтқанда, жұмыс тобы отырысының күн тәртібінде «Көкшетау қаласында кәсіпкерлердің жер қатынастары саласындағы қызметтерді алуға байланысты проблемалары туралы» мәселе қаралып, бірнеше кәсіпкер «Жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту» қызметі бойынша оң нәтижеге қол жеткізді.

Осылайша, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді қадағалау департамент жұмысындағы басты бағыттардың бірі болғандықтан, алдағы уақытта да заңда көзделген бұл талаптар ұдайы назарымызда болады.

Нұрсұлтан ШЫТЫРЫМБЕК,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақмола облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар