Ақыл-ой, өмірлік жан азығы – бәрі кітапта

Ақмола облысында 34 мыңнан астам оқырман «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына қатысуда. Бүгінде өңір бойынша ресми цифрлық платформаға 34 156 қатысушы тіркеліп үлгерді.

Елімізде оқу мәдениетін жаңғырту, зерделі ұлт қалыптастыру және кітапқа деген қызығушылықты арттыру мақсатында қолға алынған республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонына Ақмола облысының тұрғындары да белсенді қосылды.

Жоба жеті дербес бағыт бойынша өтуде. Олардың қатарында оқушыларға арналған «Кітап оқитын мектеп», студенттерге арналған «Кітап оқитын колледж» және «Кітап оқитын университет», сондай-ақ, «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және жасына шектеу қойылмайтын барлық азаматтарға арналған «Кітап оқитын зияткер» салалары бар. Ақмолалықтар арасында ең жоғары белсенділікті мектеп оқушылары көрсетіп отыр. Аталған санат бойынша 11 мыңнан астам өрен өтінім берген. Бұдан бөлек, колледж студенттері мен ұстаздар қауымы да алдыңғы қатардан көрінуде.

Марафон ережесіне сәйкес, қатысушылар отандық классиктердің шығармалары мен әлемдік бестселлерлерден құралған 330 кітаптың ішінен 15 туындыны таңдап оқуы шарт. Қажетті әдебиеттерді Ұлттық электронды кітапханадан (kazneb.kz), «Яндекс Книги», «Kitap.kz» платформаларынан немесе жергілікті кітапханалар мен кітап дүкендерінен алуға болады. Қатысушылар оқыған әр шығармасы бойынша пікір жазып, ұпай жинайды. Мәтіндік пікірге 250 балл берілсе, бейнешолу түсіргендерге қосымша 50 бонус қарастырылған.

Жоба келер жылдың көктеміне дейін жалғасады. Қатысушылар сәуір айында шешуші тестілеу мен интеллектуалды квиз тапсырмаларын орындайды. Өңірлік деңгейде үздік шыққан оқырмандарға бірінші орынға 600 мың теңге, екінші орынға 450 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар беріледі.

Биыл Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жобаның республикалық финалдық шартын да жария етті. Өңірлік кезеңнен іріктелген еліміздің барлық 20 өңірінің 200 озық оқырманы Астана қаласындағы финалға жолдама алады. Онда қатысушылар эссе жазып, көпшілік алдында таныстырылым жасап, республикалық қазылар алқасының алдында бақ сынайды. Нәтижесінде «Жылдың 10 оқырманы» анықталып, олардың әрқайсысы 10 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдеге ие болады.

Салтанатты марапаттау рәсімі келер жылдың 23 сәуірінде –Ұлттық кітап күні өтеді. Қазіргі таңда облыс көлемінде жобаны кеңінен насихаттау, білім беру ошақтары мен мекемелерде ақпараттық воркшоптар мен кездесулер ұйымдастыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар