Он күнде – 10 жаңа нысан!
Алдағы он күн ішінде Ақмола облысында Республика күніне орай және ел тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында 10 жаңа өнеркәсіптік нысан іске қосылады.
Соның бірі кеше Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен Зеренді ауданында ашылған «Open Minerals Group Processing» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қорғасын кен байыту-металлургиялық кешені.
Кеше облыстың өндірістік әлеуетін арттыру мен әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында тағы бір маңызды қадам жасалды. Өңір тарихында тұңғыш рет металды терең өңдеп, өндіруге арналған зауыт ашылды. Салтанатты шараға аудан активі мен «Open Minerals Group Processing» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшылары мен жұмысшылары қатысты.
Жаңадан ашылған кәсіпорын өңірдегі тау-кен өнеркәсібін дамытумен қатар, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге де бағытталған. Кешеннің негізгі қызметі құрамында қорғасыны бар шикізатты өңдеу болып табылады. Мамандардың мәлімдеуінше, кешен нақты қорғасын өнімін гидро және пирометаллургиялық жолмен алады. Еңбек және экологиялық қауіпсіздік, адам денсаулығы жобадағы маңызды талаптар ретінде көрсетілген.
Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі зауыттың экологиялық талаптарға сай екендігіне назар аударды.
– Бұл кешеннің іске қосылуы аудан үшін ғана емес, облыс үшін де, еліміз үшін де үлкен мүмкіндік әрі тарихи сәт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында біраз өндірістер жанданып, жаңғыртылып, іске қосылып келеді. Осы жоба толық қуатына қосылған кезде жылына 15 мың тонна қорғасын шығарып, бюджетке 1,5 миллиард теңге салық төлейтін болады. Сонымен бірге, бұл компания аудан халқының өмір сүру жағдайын жақсартуға да елеулі үлес қосып келеді. Белгіленген технологиялық талаптар мен табиғатты қорғау нормаларын сақтаған жағдайда, мұндай шешімдер минералды ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға және әрі қарай сақтауға жіберілетін қалдықтар көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Өндірістің экологиялық қауіпсіздігі, шығарындыларды бақылау және өнеркәсіптік қалдықтармен ұқыпты жұмыс істеу мұндай кәсіпорындардың тұрақты жұмысының маңызды шарты болып қала береді, – деді Марат Ахметжанов.
Бүгінгі таңда кәсіпорын ай сайын 2 мыңнан 3 мың тоннаға дейін шикізат өңдейді. Қазіргі уақытта 6 мың тоннаға жуық қорғасын кегі және 350 тонна цементациялық мыс шығарды. Өнім отандық металлургияның өндірістік тізбегіне интеграцияланған. Кәсіпорынның басты серіктестері – «Қазақмыс Корпорациясы» мен «Қазцинк» компаниялары. Цементациялық мыс «Қазцинкке» жеткізілсе, қорғасын кегі әрі қарай өңдеу үшін Шымкент қаласына жіберіледі.
Кешенді дамытудың келесі кезеңінде пирометаллургиялық технологияны енгізу көзделген. Бұл шикізатты өңдеу тереңдігін арттыруға және ай сайын 1 мың тоннаға дейін қара қорғасын шығаруды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Өндіріс кеңейген сайын жұмысшылар санын 150 адамға дейін арттыру көзделіп отыр. Қазіргі уақытта кәсіпорында 100-ден астам адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы 400 мың теңгеден асады. Басты назар жергілікті кадрларға аударылып, олардың басым бөлігін зауытта да, сертификатталған орталықтарда да оқытуда. Бүгінгі күнге дейін бюджетке төленген салық аударымдары шамамен 22 миллион теңгені құрады.
Биыл компанияның өз қаражаты есебінен Азат станциясында балалар ойын алаңқайын абаттандырып, футбол және баскетбол алаңдарын жабдықтаған, сондай-ақ, жастарға спорттық воркаут аймағын салып берген, ал, Алексеевка ауылының ішкі жолдарын ретке келтіріп, асфальт төсеп берген.
Салтанатты шара барысында Марат Ахметжанов пен компания құрылтайшысы Рафис Ягафаров лифтпен жоғары көтеріліп, қорғасын қорытатын пешті алаумен тұтатты.
Дәл осы күні облыс әкімі осы компанияның «PTR Group» серіктестігінің Алексеевка ауылындағы доломит кенінің карьеріне барып, жобаның бес жылдық жоспарымен танысты.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.
![]()

