19 қазан — Құтқарушы күні
Құтқарушы мамандығы – қателікке жол жоқ, әр секунды санаулы, аса қауіпті әрі жауапкершілігі шексіз ауыр саланың бірі. Жалын шарпыған қараңғы ғимаратқа ойланбастан кіріп, өз өмірін қатерге тіге отырып, өзгелердің өмірін арашалап қалу кез-келгеннің қолынан келе бермейтін нағыз жүректілік пен кәсіби ерлік. Осындай ауыр да жауапты салада еңбек етіп жүргендердің бірі – Көкшетау қаласының төтенше жағдайлар басқармасына қарасты №10 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Аян Сарымбайұлы Қасымов. Ол Ақмола облысының көрікті Бурабай өңірінде дүниеге келген.
Аян өзінің кәсіби жолын 2009 жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға түсуден бастап, осы оқу орнын 2013 жылы тәмамдады. Бұдан кейін азаматтық қорғау жүйесіндегі еңбегін шыңдап, Щучинск қаласындағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері, кейін Бурабай кентіндегі №20 өрт сөндіру бөлімінің және Щучинск қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Бүгінде бұл жолды Көкшетау қаласындағы №10 өрт сөндіру бөлімінде абыроймен жалғастырып келеді. Осы 17 жылдық қызмет аралығында Аян талай күрделі жағдайға тап болып, жеке өзі алты адамды ажал тырнағынан құтқарған. Атап айтқанда, Щучинск қаласында бір егде жастағы адам мен екі баланы қауіптен аман алып қалса, Көкшетау қаласында шыққан өрт кезінде мүмкіндігі шектеулі бір азамат пен екі қарт адамның өмірін тілсіз жаудан арашалап қалған.
Есте қаларлық оқиғалардың бірі 2018 жылдың жаз айында орын алды. Кешкі уақытта түскен кезекті шақырту бойынша оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер моншаның өртеніп жатқанын көреді.
– Өрттің қауіпті екеніне қарамастан, көп ойланбастан ішке кірдім. Моншаның бу бөлмесінде жасы үлкен ер адам қалып қойған екен. Ауадан тұншығып, дем ала алмай жатқанын көрдім. Уақытты жоғалтпай, оны дереу сыртқа алып шықтым. Кейін медицина қызметкерлеріне тапсырдым, – дейді ол. Ал, екінші күрделі оқиға 2020 жылдың күзінде тіркелді.
– Оқиға орнына жеткенде үйдің ішінде балалар бар екенін білдік. Бірден үйге кіріп, 6 және 10 жастағы екі баланың өрт ішінде қалып қойғанын көрдім. Уақыт санаулы еді. Екі баланы да терезе арқылы сыртқа алып шықтым. Ең бастысы, балалар аман қалды, – деп еске алады тілсіз жаумен күресуші.
Кейіпкеріміз жылдар өте келе саланың материалдық-техникалық базасы да айтарлықтай жаңарғанын айтады. Оның айтуынша, қазіргі өрт сөндіру көліктері заманауи электрондық жүйелермен, бейнекамералармен, видеорегистраторлармен және адам немесе жануардың дене қызуын анықтап, іздеп табуға көмектесетін тепловизорлармен жабдықталған. Сонымен қатар, қызметкерлерге пәтерақы төлемінің тағайындалуы секілді әлеуметтік қолдаулардың да маңызы зор.
Өрт сөндіру саласында басты жауапкершілік тек өзің үшін емес, қасыңдағы әріптестерің үшін де жауап беру екенін айтқан кейіпкер басшылық қызметке келген соң жауапкершіліктің одан әрі артқанын жеткізді. Сала маманын күнделікті қызметте адамдардың қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайтыны, әсіресе, жастардың отпен ойнап, әлеуметтік желідегі қауіпті трендтерді қайталайтыны алаңдатады. Өйткені, мұндай бір сәттік қызығушылықтың арты орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Осының алдын алу үшін ол 2022 жылдан бастап әлеуметтік желіде блок жүргізуді қолға алып, оқырмандарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп келеді. Бұл бастаманы шетелдіктер де тамашалап, тіпті жуырда Германиядан келген әріптесі Аянды арнайы іздеп келіп, тәжірибе алмасып, Қазақстандағы бұл саланың даму деңгейіне тәнті болған.
Аян Сарымбайұлы қызметке келген жас мамандарға алғашқы кезекте еліне, жеріне адал болу керек деген ақыл-кеңесін береді. Себебі, бұл жай ғана жұмыс емес, үлкен жауапкершілік пен салқынқандылықты талап ететін абыройлы мамандық. Құтқарушы болу үшін кәсіби білім мен физикалық дайындық жеткіліксіз. Адамның бойында батылдық, сабырлылық, төзімділік және адамгершілік қасиеттері де болуы керек.
– Дабыл түскен сәтте бұйрық беру, шешім қабылдау секундтармен өлшенеді. Біздің жұмысымыз арнайы ережелер мен тәртіпке негізделген. Әр күні әрбір қызметкердің өз міндетін дұрыс орындауын қадағалаймыз. Жеке құраммен тұрақты түрде жұмыстар жүргізіліп, олардың дайындығы мен тәртібіне ерекше мән беріледі. Әр қызметкер өз міндетін нақты білуі, бұйрықты дұрыс орындауы және кез келген жағдайға дайын болуы керек. Бөлімше басшысының орынбасары ретінде менің басты міндетім – жұмыстың жүйелі ұйымдастырылуын қамтамасыз етіп, жеке құрамның дайындығын үнемі бақылауда ұстап отыру. Жалпы, ұжымымыздағы қарым-қатынас өте жақсы. Өйткені, өрт сөндіру – бір адамның ғана қолынан келетін жұмыс емес, бұл – командалық еңбек. Әріптестеріңе сенім арту, бір-біріңді түсіну және қажет кезде қолдау көрсету аса маңызды. Өрт кезінде әр адамның әрекеті ортақ нәтижеге әсер етеді, – дейді құтқарушы. Әрине, күнделікті күйзеліс пен ауыр жұмыстан кейінгі өрт сөндірушілердің үлкен демеуі – отбасының жылуы.
– Қандай жағдайда да мені қолдап, қас-қабағыма қарап, көңілімді табатын сүйікті жарым Нұргүл мен көз қуаныштарым – ұлым Абдул-Азиз бен қызым Райананың мен үшін орындары бөлек, – дейді бүгінгінің батыры.
Құтқарушылық тек кәсіп емес, бұл – жүрек қалауы мен адал антқа беріктік. Аян Қасымов сынды азаматтар ел тыныштығын күзетіп тұрғанда, қазақ жерінің қауіпсіздігі сенімді қолда екені анық. Өйткені, нағыз батырлар жарқын атақ пен марапат үшін емес, өзгелердің өмірі үшін отқа түсуге әрдайым дайын тұрады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

