Он күнде – 10 жаңа нысан
Өткен аптаның соңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Ақкөл ауданындағы «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 900 бас ірі қара мал ұстауға арналған заманауи тауарлы-сүт фермасының ашылуына қатысты. Тауарлы-сүт фермасы толығымен роботтандырылған. Сондықтан, адам күші барынша аз қолданылады.
Ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыратын жаңа нысанның ашылуы – еліміздің тәуелсіздігін, ынтымағы мен тұрақты дамуын айшықтайтын Республика күні мерекесімен тұспа-тұс келуінде өзіндік мән бар. Өңір басшысы өз сөзінде бұл маңызды оқиғаның аудан экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне ерекше тоқталды.
– Кәсіпорынның іске қосылуы – өңірдегі сүт өндіру бағытындағы мал шаруашылығын дамытудағы маңызды қадам. Бұл жоба Президенттің бастамасымен қолға алынған мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының кластері аясында, мемлекеттің қаржылай қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Жыл соңына дейін облысымызда тағы екі ірі тауарлы-сүт фермасын ашу жоспарланып отыр. Оның бірі Атбасар ауданындағы 760 басқа, екіншісі Бурабай ауданындағы 1400 басқа арналған кешен. Сонымен қатар, Бурабайда сүт өңдейтін зауытты іске қосу да қарастырылған, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Ақкөлде іске қосылған бұл жобаның жалпы құны 8,1 миллиард теңгені құрайды. Оның 3,1 миллиард теңгесі «Көкше» ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 7 жыл мерзімге 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие түрінде бөлінсе, қалған 5 қаржы шаруашылықтың өз қаражаты есебінен,
Тауарлы-сүт фермасы толығымен роботтандырылған. Мұнда барлық негізгі жұмыс автоматты түрде атқарылатындықтан, адам күші барынша аз қолданылады. Мәселен, сиыр сауу, азық беру және мал күтімін қадағалау ісін германиялық «GEA Westfalia» компаниясының 12 сауын роботы жүргізеді. Бұл заманауи құрылғының бағасы 1,9 миллиард теңгені құрайды. Сонымен бірге, шаруашылық өз қаражатына 160 миллион теңгеге қи тазалайтын жүйе орнатып, қалдықтарды қайта өңдейтін биокешенді де іске қосқан.
Шаруашылыққа 770-тен астам ірі қара мал әкелінген. Оның ішінде 300 бас асыл тұқымды қара-ала голштин тұқымы Даниядан жеткізілген. Сонымен қатар, шаруашылық Ресей Федерациясының Белгород облысынан 204 бас аналық мал басын және Қостанай облысынан 300 бас қашар сатып алыпты. Мамандардың айтуынша, жануарлар мұнда тек экологиялық таза, органикалық жемшөппен азықтандырылады.
– Жоба толық қуатына еніп, іске қосылған кезде мұнда 900 сауынды сиырды орналастыра аламыз. Біздің басты мақсатымыз – әр сиырдан жылына 8,5 мың литрге дейін сүт алу. Жұмыста кешенді тәсілдерді қолдану арқылы санитарлық талаптар қатаң сақталады, бұл өнім сапасын тұрақты ұстауға мүмкіндік береді. Автоматтандырылған сауын жүйесінен бөлек, біз климат-бақылау, жемшөп беру және қи тазалау жүйелерін де енгіздік. Күнделікті жұмыстардың басым бөлігі адамның қатысуынсыз орындалады. Дегенмен, біздің мамандар құрал-жабдықтардың жұмысын үздіксіз қадағалап, малдың күйін бақылап отырады, – дей келе, тауарлы-сүт фермасының басшысы Қуаныш Рақышев кәсіпорында өндірілетін сүттің қазірдің өзінде Көкшетаудағы «Гормолзавод» серіктестігіне жөнелтіліп жатқанын атап өтті. Онда бұл шикізаттан түрлі сүт өнімдері, соның ішінде ел арасында кеңінен танымал көкшетаулық балмұздақ та дайындалатын көрінеді.
– Мемлекет басшысының қолдауының арқасында сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту Ақмола облысының еліміздегі жетекші аграрлық өңірлердің бірі және елорданың азық-түлік белдеуі ретіндегі позициясын нығайта түсуде. Бүгінгі таңда өңірдегі 10 сүт фермасында 90 мың тоннаға жуық тауарлы сүт өндіріледі, оның көлемі соңғы екі жылда 1,8 есеге артты. Ет бағытындағы мал шаруашылығын да асыл тұқымды мал сатып алу арқылы әрі қарай дамытып жатырмыз. Бордақылау алаңдарын толықтыру, халықты сапалы етпен қамтамасыз ету және ет өнімдерін экспортқа шығару үшін репродукторлар санын көбейтудеміз, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Бұл күні облыс әкімі мен Ауыл шаруашылығы вице-министрі жұмыртқа өндіруге мамандандырылған «Ақкөл Құс» құс фабрикасының жұмысымен де танысты.
Құс фабрикасы 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда мекиен тауықтарға арналған алты корпус пен балапан өсіруге арналған екі корпус, сондай-ақ, жеке жем цехы және сұрыптау жабдықтары бар жұмыртқа қоймасы бар. Соңғы екі жылда кәсіпорында құстарды ұстау мен өсіруге арналған жабдықтар жаңартылған. Бүгінде мұндағы құс басы 300 мыңнан асады, жыл басынан бері 48 миллион дана жұмыртқа өндірілді.
Биыл жұмыртқа өндіретін кәсіпорын өрісін кеңейтіп, жаңа корпустар салуды және өндірістік инфрақұрылымды жаңғыртуды қарастыруда. Бұл құс фабрикасының өндірістік қуаттылығын жылына 90 миллионнан 200 миллион дана жұмыртқаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
– Дамудың жаңа кезеңі сыйымдылығы 324 мың бас болатын мекиен тауықтарға арналған төрт заманауи корпус салуды қарастырады. Біздің есептеулеріміз бойынша бұл даму кезеңі кәсіпорынның жылына 110 миллион данаға дейін қосымша жұмыртқа өндіруге жол ашады. Жалпы, өндірістік қуаттылық жыл сайын 200 миллион данаға дейін артады. Жаңа корпустардан бөлек, жоба балапандарды өсіруге арналған жайдың құрылысын, сағатына 30 мың жұмыртқа сұрыптау желісі бар жұмыртқа қоймасын салуды және жем цехын кеңейтуді қамтиды. Инфрақұрылымды жаңарту құс басының көбеюін ескере отырып өндірістік процестерді ұйымдастыруға, жұмыс тиімділігін арттыруға және өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді, – деді құс фабрикасының директоры Ерхат Таженов.
Оның айтуынша, жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, оң қорытынды алынған. Құрылыс жұмыстары осы жылдың қараша айында басталады. Келесі жылы Қытай мен Еуропадан жабдықтар жеткізіліп, монтаждалады. Мұнда құрылыстың бірінші кезеңін келесі жылдың сәуір айында аяқтау көзделіп отыр, ал, кәсіпорын толық жобалық қуатына 2028 жылдың ортасына қарай шығады.
Қазір құс фабрикасында 80-ге жуық адам еңбек етуде, сонымен қатар, тағы 71 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Өнімдер Астана, Көкшетау қалаларына, Қазақстанның оңтүстік облыстарына, сондай-ақ, Қырғызстанға жеткізіледі.
Облыс әкімі атап өткеніндей, жұмыртқа өндіретін кәсіпорынды дамыту өңірдегі отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін арттыру жөніндегі жұмыстың бір бөлігі болмақ. Жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларын кеңейту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен 2028 жылға қарай облыста азық-түліктік жұмыртқа өндірісін жылына 1 миллиард данаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінде біздің өңір Қазақстанның азықтық жұмыртқаға деген қажеттілігінің шамамен 15 пайызын қамтамасыз етеді және елдегі құс етінің 30 пайызын өндіреді.
Вероника БУРДА,
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Ақкөл ауданы.
![]()

