Бәрекелді!
Ұлттық өнерді дамытуда және мәдени мұраны сақтауда облыс алдында сіңірген ұзақ жылғы елеулі еңбегі үшін ақмолалық мәдениет пен өнердің үш көрнекті өкіліне «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
Бұл кандидатуралар депутаттармен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында бекітілді.
Осы жоғары атаққа ие болған Қазақстанның халық әртісі, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актрисасы Жібек Бағысова өзінің шығармашылық жолында киелі сахнада сан алуан образдарды сомдап, еліміздің және облысымыздың театр өнерінің дамуына зор үлесін қосты. Өнер саласындағы айтулы жетістіктері үшін «Парасат» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, сондай-ақ, көптеген Алғыс хаттармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Сондай-ақ, Зеренді ауданының тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі әнші Қапаш Құлышева да осы атаққа ие болып отыр. 1978 жылы Куба мемлекетінің астанасы Гаванада өткен XI Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты атағын жеңіп алған өнер иесі көп жылдар бойы әлемнің көптеген елдерінде қазақ ән өнерін лайықты насихаттай білді. 2010 жылдан бастап профессор ұстаз ретінде Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде сабақ береді. Ел алдында сіңірген еңбегі «Құрмет» орденімен атап өтілген.
Бұл жолы осы құрметті атақтың куәлігі мен төсбелгісін және лентасын ақын-жазушы, драматург, айтыскер ақын, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов та алды. Степняк қаласының тумасы әдебиеттің түрлі жанрында қалам тербеп, театр мен кино өнерінің дамуына да өзіндік үлесін қосып келеді. 2006 жылы оның бастамасымен «Паң Нұрмағамбет» киностудиясы ашылды. Қазақстандағы бірден-бір манасшы ретінде танымал Баянғали Әлімжанов Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың қолынан «Достық» орденін алған.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

