Өңірлерді дамыту
«Степногорск Энерготранзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жөндеу бағдарламасы аясында электр желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жөндеу жұмыстары Заводской кентінің электр желілік инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған. Бағдарлама аясында кернеуі 6 кВ болатын, жалпы ұзындығы 900 метрді құрайтын әуе электр желілерінің екі учаскесін, сондай-ақ, ұзындығы шамамен 1,5 километр болатын 0,4 кВ кернеудегі әуе желілерін жөндеу көзделген.
Мердігер ұйым – «РемЭнергоМаш» серіктестігі. Жұмыс барысында тіректер мен изоляторларды ауыстыру, жаңа сымдарды монтаждау, ескі тіректерді демонтаждау жүргізіледі. 6 кВ желісін жөндеу жұмыстары 2026 жылғы 22 қыркүйекте басталды. Алғашында бұл жұмыстарды 3 қазанда аяқтау жоспарланған, алайда, жұмыс көлемінің ұлғаюына байланысты аяқтау мерзімі ұзартылды.
Тұрғындарға қолайсыздықты барынша азайту үшін электр энергиясын өшіру негізінен жұмыс күндері күндізгі уақытта жүргізілді. Бұл ретте, электрмен жабдықтаудағы үзілістердің саны мен ұзақтығын мүмкіндігінше азайту мақсатында қайта қосу жұмыстары арнайы ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта көше жарығы үшін кабель тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды биылғы жылдың қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Бұл шараларды іске асыру Заводской кентіндегі электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, инженерлік инфрақұрылымды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Ы.ШАМШИЕВА.
Степногорск қаласы.
![]()

