Оқырмандар клубының тұсауы кесілді

Кітап оқитын ұрпақ – елдің ертеңі, ал, кітапхана – тек әдеби мұра сақталатын орын ғана емес,  ол ұрпақтың танымын кеңейтіп, оқырманның ойын қалыптастыратын, шығармашылық қабілеті мен рухани дамуына жол ашатын мәдени орта.

Осы бағыттағы игі бастамалардың бірі ретінде жуырда аудан орталығы Щучинск қаласының №7 мектеп-лицейінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Кемеңгер» шығармашылық оқырмандар клубының тұсауы кесілді. Мектеп кітапханасының мазмұнын жаңғыртып, оны оқушы үшін қызықты, әрі заманауи кеңістікке айналдыру мақсатында жаңадан осындай игі іс қолға алынды. Айтулы іс-шара оқушылардың орындауындағы рухты, әуезді күймен басталды.

Салтанатты шараға білім ордасы басшылығы, қала мектептерінің кітапханашылары мен оқырмандар клубтарының жетекшілері қатысып, жаңа шығармашылық бастамаға куә болды. Клубтың ресми ашылуының салтанатты лентасын №7 мектеп-лицейінің директоры Азамат Жаркеев және №9 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, «Руханият» оқырмандар клубының жетекшісі Құралай Имекешова қиды. Әрі қарай клубтың қадамы оң, білімді, ізденімпаз оқырмандары көп болсын деген ізгі ниетпен шашу шашылып, ақжарма тілектер білдірілді.

Осы орайда көпшілікке  «Кемеңгер» клубының негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, көркем әдебиет арқылы ойлау мәдениетін дамыту, сондай-ақ, әр оқушының өз пікірін еркін жеткізуіне жағдай жасаумен қатар, поэзиялық кештер өткізу мен түрлі мәдени-танымдық жобаларды жүзеге асыру туралы клуб жетекшісі, кітапхана қызметкері Гүлдана Салықова кеңінен әңгімелеп берді.

«Оқуға құштар мектеп» бағыты бойынша «12 ай – 12 кітап» бастамасы аясында жас оқырманымыз Елтай Жалғас өзінің оқыған шығармасы жөніндегі пікірін ортаға салды. Ал, Диана Самарбаева мен Айару Амантай өздерінің поэзияға деген қызығушылығын өлең оқу арқылы көрсетті.

Іс-шараның келесі бөлімі «Мектеп кітапханасы: дәстүрден – жаңа форматқа» атты әдеби-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Оның барысында қатысушылар кітапхана жұмысының жаңа бағыттарымен танысып, өзара тәжірибе алмасты.

«Кітап оқу көп нәрсені ойға тоқытады, ал, ойлану мәнді іске бастайды» дегендей, «Кемеңгер» оқырмандар клубы мектеп ішінде осы білім, руханият бағытындағы мазмұнды бір жұмыс алаңына айналады деген үмітіміз бар. Оның «Кемеңгер» деген атауы да ұлтымыздың ұлы ойшылдарының өмірлік өнегелері мен шығармаларына көбірек көңіл бөлсек деген, соны титтей болсын жас оқырмандарымызға дарытсақ деген ниеттен туындап отырғанын да айта кетуіміз керек.

Гүлдана Салықова,
Щучинск қаласындағы №7 мектеп-лицейінің кітапхана меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар