Мезгіл мезеттері
Көрікті Ақмола, Көкше өңірлеріне күз де келіп жетті. Қазір ол нағыз күшіне енген кейіпте. Арты – жаз, алды – қыс. Күннің өзі кештеу шығып, тым ерте батады. Құдды бір жаймашуақ жадыраған жаздың келмеске кеткенін сезініп, енді көп аялдағанымның баяны болмас деп түйген секілді. Асығыс атады, түс ауа еңкейіп барады да қып-қызыл отты шардай қызарып тұрып, бір қарасаң жоқ болып, жер мен көктің қосылған көкжиегінің ернеуінен көрінбей кетеді.
«Күп-күрең менің реңім» деп тұрғандай, айнала төңіректің бәрі қызғылт-сары, күрең реңге боялған. Жаздағы жайқалған жасыл жапырақ сары алтындай түске еніп, жай ғана сусып, ешкімді мазаламай, ағаш біткеннен үнсіз ғана үзіліп жерге түседі. Осынау пәни тіршіліктен татар дәмі таусылған жан иесі іспетті. Әлібек Шегебай ақын жырлағандай:
Қоңыр жүзі мұңданады жаз ұрған,
Еске түсіп көктемдегі жас күні.
Жапырақтар маңдайына жазылған,
Биіктіктен құлап өлу – дәстүрі.
Желден ғана көретұғын өр екпін,
Бұтақтардың жоқтауы да қызық ән.
Үн шығармай қалқып барып өлетін,
Жапырақтар өліміне қызығам.
Өткен өмір қателігі түзелмес,
Бекершілік және жылап ақталу.
Сарғаю да, қуару да түк емес,
Ең сұмдығы – табандарда тапталу!
Көктемде бүр жарған, жазда жайқалып, сыбдырымен сыбырласып сырласқан жапырақтың күздегі халі мен кешегі келмеске кеткен қызық күндерінің, жарқын жылдарының естелік-елесі тек санасында сақталып қалған адам пенде екеуінде ұқсастық көп. Екеуінің де жайнаған жаз өмірі артта қалды. Арттағы күн – бір белес, алдағы күн – белгісіз елес! Тіршілік атаулыға бұл өмір қымбат!
Жыл айналып күз келгенде ақылды адам бір жасқа есейіп, бір мезгіл артына мойнын бұрып, терең ойға батады. «Нені түйдім, неден күйдім?!» – деп. Кешегі кемшілік-қатесінен сабақ алып, өз қылығынан өзі ұялып, жанын жегідей жеп, күйіп-пісіп, қызарып-бозарады. Ал, ақымаққа бір күндік ойын-күлкі олжа. Өткен-кеткенге басын қатырып қайтсін.
Абай атамның «Күз» өлеңіндегідей «түсі суық сұр бұлт аспанда қаптап, дымқыл тұман жерді басқан» сәтте адам баласы айнала қоршаған жанды-жансыз табиғат алдағы қылышын сүйреткен қаһарлы қыстың зәрін сезінгендей бүрсең қағып, қанша қалың киінсе де бойы жылынбай тоңып жүретіні рас.
Күз десе неге көңілге көңілсіздік ұялайды екен осы?! Күздің кереметтері де көп қой!
Күз – байлық пен молшылықтың айы. Жеміс-жидектің пісетін, қырмандарға тау-тау астық үйіліп, төрт түліктің де тойынатын шағы. Ырыздық пен берекенің үйіліп-төгіліп келетін кезі де күз емес пе?! Күзден күтеріміз көп. Диқан мен малшының жылдық еңбегінің жемісін жейтін кезі. Әне, астығы жиналған сары алтын аңыздар қандай?!
Табиғаттың әрбір жыл мезгілі өзінше бөлек, өзінше дара. Күзгі орманның сұлулығы мен сымбатына көз тоя ма?! Қызыл-сары алтын түсті сыбдырлаған жапырақтарға көз алмай ұзақ қарап тұра бергің келеді. Көрікті Көкшемнің мың бұралған қайыңы мен ұзын қарағайы, тал-терегі аралас бой түзеген орманына күздің шуақты бір күнінде көз тастап көрдіңіз бе?! Егер көрмеген болсаңыз, біздің өңір тек сол бір ғажап көріністі тамашалау үшін келуге тұрарлық дер едім!? Біз кейде қолымызда бар алтынның қадірін білмейміз. Көкшемнің тап-таза, тұнық ауасы қандай!? Айнала жағалай ел қонған өзен-көлдері, арқа-белдері Табиғат-Ананың тартуы, бізге берген баға жетпес байлығы! Асылы, білген, ұғынған адамға осында туып, осынау қасиетті жердің қара топырағын басып жүрген бізден асқан бақытты жан бар ма?!
Көкшенің сұлулығы мен кербездігін Сәкен Сейфуллин атамыздан артық суреттей алғандар өз ойымша, некен-саяқ.
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы.
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.
Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын.
Сол Көкше, сал Көкше күзде де әсем ғой. Соны анық сезіну үшін осы күндері қала көшелерімен немесе қала іргесіндегі орман-тоғаймен бір жүріп өтсеңіз жеткілікті. Тек қоңыр күздің, алтын күздің сыр-сипатына бойлаңыз. Сонда түсінеміз табиғаттың осы бір ғажап мезгілінің бағасын. Менің алтын күзім, осы бір ашық, жаймашуақ күндердің көмегімен қалай жалқынданып, жан біткенді баурап тұрсың. Әлі де Тәңірден мұрсат болса, осы қалпыңда бізге ұнап, бізге күрең сары бояуыңды сыйлап тұра тұршы, Көкшемнің биыл да жомарт күзі!
Айниса ЕРМҰРАТ,
Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы.
Көкшетау қаласы.
Сурет unsplash.com/photos/a-person-сайтынан.
![]()

