Қаламыз да, даламыз да таза болсын

«Тазалық – денсаулық кепілі, ал, туған жерге деген сүйіспеншілік ең алдымен оның тазалығы мен абаттандырылуынан басталады» деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы. Бұл орайда, елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық тұжырымдамасы өңірде эко мәдениетті қалыптастырудың басты тетігіне айналып отыр.

Аталған бастама Ақмола өңірінде қарқынды жалғасып, қазіргі таңда аймақтағы елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту жолында сүбелі істер атқарылуда. Бір ғана мысал, 2024 жылдың сәуір айынан бері облыс аумағында 379 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны түбегейлі жойылып, табиғатқа келтірілген ластанудың алдын алу шаралары күшейтіле түсті. Нәтижесінде, осы кезең ішінде жиналып, арнайы орындарға шығарылған қалдықтардың жалпы көлемі 217 мың тоннадан асты.

Табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын қадағалап, құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында өңірде 189 мобильді топ жедел түрде жұмыс істеп жатыр. Бұл топтардың құрамына қоғамдық қауіпсіздік пен әкімшілік полиция қызметкерлерімен қатар, белсенді еріктілер мен қоғамдық көмекшілер де жұмылдырылған. Тәртіп сақшылары мен жұртшылықтың бірлескен күшінің арқасында осы бастама қолға алынғалы 285 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, экологиялық тәртіпті бұзушыларға қатаң шаралар қолданылды.

Әсіресе, тұрмыстық және құрылыс қоқыстарын белгіленбеген орындарға заңсыз төгу, сондай-ақ, абаттандыру ережелерін өрескел бұзу фактілерімен күреске ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, рейд кезінде лас және ағын суларды рұқсат етілмеген жерлерге ағызған 81 ассенизаторлық көлік анықталып, мамандандырылған автотұрақтарға қамауға алынды. Құзырлы органдар бұл бағыттағы жұмыстар тек орын алған ластану салдарымен күресумен шектелмейтінін, керісінше, осындай келеңсіздіктердің алдын алуға және қоғамда экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталғанын айтады. Полицейлер сонымен қатар, өңір тазалығы тек мемлекеттік құрылымдар мен коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір тұрғынның азаматтық борышы мен жеке жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін ескертіп, күн сайынғы рейдтік іс-шараларды одан әрі баянды ете түсуде.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар