Қысқа мерзімде  жетістігіміз айтарлықтай

10 қараша – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні

2026 жыл – Цифрландыру жылының да аяқталуына бір тоқсанға жетер-жетпес уақыт қалды. Осынша уақыт ішінде қыруар жұмыс атқарылып, сала министрлігі алыс-жақын шетелдердің ең озық технологияларын елге әкелуде. Мәселен, жуырда ғана Nvidia негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Астанаға алғаш рет келді. 

Сондай-ақ, осы болашағы зор істе Ақмола облысының да жетістіктері мол. Мәселен, биыл ғана Ақмола облысындағы «Smart Aqmola» жобасы мемлекеттік органдар, әкімдіктер және квазимемлекеттік сектор ұйымдары арасындағы жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы конкурсында үздік деп танылғаны белгілі. Ақмола облысында агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру, оның ішінде жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Негізгі мақсат – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерінің ашықтығын, объективтілігін және тиімділігін арттыру.

Қазіргі уақытта өңірде 49 «ақылды» ферма жұмыс істейді, ал, 3 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер цифрландырылған. Келесі кезеңде шаруашылықтардың деректерін талдауға, өнімділікті болжауға, тыңайтқыштарды пайдалану тиімділігін оңтайландыруға және аграрлық өндірістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарлануда.

Ақмола облысында жасанды интеллекті технологияларын енгізіп жатқан ауыл шаруашылығы кәсіпорындары да бар. Бұл ретте, цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бұған «Дихан Плюс» және «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері кәсіпорындарын мысал ретінде келтіруге болады.

Аталған кәсіпорындар егіс алқаптарының жай-күйін бақылау, өнімділікті болжау және шығындарды оңтайландыру мақсатында спутниктік мониторинг, GPS-навигация, автоматтандырылған ауыл шаруашылығы техникасы мен цифрлық талдау құралдарын пайдаланады. Мұндай шешімдерді енгізу еңбек өнімділігін арттыруға, ресурстарды үнемдеуге және шаруашылықтардың экономикалық тиімділігін көтеруге ықпал етеді.

Бүгінгі таңда жолаушыларды интернет желісіне қолжетімділікпен қамтамасыз ету де маңызды. Осы орайда, «Транстелеком» және «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамдарымен бірлесіп, Starlink спутниктік технологиясын пайдалана отырып, жолаушылар пойыздарын Wi-Fi арқылы интернет желісіне қосу жобасын іске асыруда. Жоба аясында төмендегі пойыздар мен бағыттардағы жолаушыларға интернет желісіне қолжетімділік қамтамасыз етілген. Олардың қатарында Астана мен Атырау аралығындағы, Көкшетау және Бурабай бағытындағы электр пойыздары тәрізді бағыттағы пойыздар бар.

Сонымен қатар, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында «Транстелеком» акционерлік қоғамы инвестор ретінде Ақмола облысының Ерейментау, Ақкөл және Жақсы аудандарында үш антенна тірегін салуда.

Жобаны іске асыру мобильді байланыс желісінің қамту аясын кеңейтуге және шалғай елді мекендердің тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған. Ұялы байланыс операторлары Астана – Көкшетау автожолының бойындағы байланыс желісінің қамту аясын кеңейту бағытында жұмыстар жүргізді. «Кселл» акционерлік қоғамы Біржан сал ауданына қарасты Қарағай ауылының маңында және Зеренді ауданының Ивановка ауылында 2 жаңа антена тірегін орнатты. Ал, «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Beeline) Щучинск қаласында және Атамекен ауылында автожолдың іргелес учаскелерін ұялы байланыспен қамтамасыз ететін 2 антенна тірегін салған.

Интернет қосылымы жылдамдығына мониторинг жүргізілуде. Бұл бағытта «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен келісім-шарт жасалды. Егер қатарынан 20 елді мекеннің интернет сапасының төмендігі анықталса, жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі. Қолжетімді әрі сапалы интернетпен қамтамасыз ету маңызды. Осы орайда, 2026-2027 жылдарға арналған инвестициялық келісім аясында 281 ауылдық елді мекенді интернет желісіне қосу жоспарланған. Бүгінде Жарқайың, Бұланды, Ақкөл, Жақсы, Зеренді, Шортанды, Бурабай, Астрахан және Аршалы аудандарында жұмыстар жалғасуда.

Ақмола облысында білім беру сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жүргізілуде. Маңызды бағыттардың бірі – TUMO Classroom желісін дамыту. Бұл бастама оқушылардың бағдарламалау, дизайн, жасанды интеллект және басқа да болашағы зор салалар бойынша практикалық дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Басқармаға қарасты «Ақмола хабтың» стартаптар мен инновациялық жобаларды іске асырудағы рөлі үлкен. Қазіргі таңда 100-ден астам стартап пен жоба дамып келеді. Бір ғана мысалды алып қарайық. Жуырда Ақмоланың дарынды шәкірттерінің бірі әзірлеген TUSIN жобасы Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Digital Bridge алаңындағы стартаптар көрмесінде таныстырылды. Халықаралық деңгейдегі Astana Hub Battle байқауының жартылай финалына өткен жоба авторы – Абай атындағы Көкшетау қалалық №3 «Дарын» облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Санжар Ережепов. Санжардың жасаған TUSIN жобасы – мәтін мен сөйлеуді орыс тіліндегі ымдау тілімен сүйемелденетін фотореалистік бейнеге айналдыратын жасанды интеллект сервисі. Жүйе арнайы студияны, бейнемонтажды және сурдоаудармашының тікелей қатысуын қажет етпей, бүкіл процесті автоматтандырады.

Жоба Қазақстанның B2B, яғни, «бизнес бизнеске» коммерциялық қатынас түріне және B2G нарықтарына, яғни, мемлекеттік құрылымдарға, ұйымдарға және агенттіктерге сататын бизнес түріне атап айтқанда, медиа, көлік, банк және мемлекеттік қызмет көрсету салаларына бағытталған. Қызмет ретіндегі бағдарламалық қамтамасыз ету жазылымы, қолданбалы бағдарламалау интерфейсі арқылы интеграциялау және тапсырыс бойынша бейнероликтер әзірлеу үлгілері негізінде ұсынылады.

IT-мамандарды даярлау ісі. Ақмола облысының 1000-нан астам тұрғыны Astana Hub бағдарламалары бойынша білім алды. Олар өңірлік хабтардың, соның ішінде Aqmola Hub қатысушылары Стартап академиясы, Стартап мектебі, No Code / Low Code School, Freelance School, промпт-инжиниринг және Beta Career курстарына тегін қатыса алады.

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында қазіргі жастар бағдарламалаудың базалық дағдыларымен қатар, жасанды интеллект, деректерді талдау, киберқауіпсіздік және цифрлық кәсіпкерлік салаларындағы құзыреттерді де меңгеруі қажет. Әсіресе, вайб-кодинг (vibe coding) – жасанды интеллект көмегімен бағдарламалық өнімдер әзірлеу, AI-агенттерді жасау, бизнес-процестерді автоматтандыру және үлкен деректермен жұмыс істеу бағыттарының болашағы зор. Сонымен қатар, сыни ойлау, креативтілік, жобаларды басқару және үздіксіз білім алу қабілеттерін дамыту да маңызды. Осының бәрі мемлекетіміз бен өңіріміздің өсіп-өркендеуінде цифрландырудың маңызы орасан екендігін көрсетеді.

 Мағжан ЕРЖАН,
Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар