Сақтансаң – сақтар!
Жылда қысқы жылу беру маусымының басталуы өңірдегі қауіпсіздік мәселесін әрдайым бірінші кезекке шығаратыны сөзсіз. 2025-2026 жылдарда осы маусымда өңірдің тұрғын үй секторында 325 өрт тіркеліп, оның негізгі себептері ретінде пештерді пайдалану ережелерін бұзу, электр жабдықтарын монтаждаудағы олқылықтар және абайсыздық себептері анықталған.
Биылғы маусымда да тілсіз жаудың алдын алу шаралары туралы толығырақ білу мақсатында біз Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Досбол Жақсыбаевпен арнайы әңгімелескен едік.
Басшының айтуынша, бұл саладағы жұмыстар бір сәт те бәсеңдеген емес. Ағымдағы маусымда да қабылданған шаралар өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаруда. Аталмыш қауіптің алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық шаралар жүргізіліп, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне 12 мыңнан астам датчик орнатылды және бұл өз кезегінде Шортанды ауданында 7 адамның өмірін аман алып қалуға мүмкіндік берді.
Жалпы, Ақмола облысының аумағында 34 өртке қарсы бөлініс орналасқан болса, бұл құрылымдарда 1500-ге жуық жеке құрам қызмет атқарады. Олармен күн сайын арнайы дайындық сабақтары мен өртке қарсы тактикалық жаттығулар ұйымдастырылып, бұл шаралар қызметкерлердің кәсіби шеберліктерін шыңдауға зор үлес қосуда.
– Әсіресе, біздің өңір орманды алқаптардан тұратындықтан, жазғы уақытта өртке қауіпті болып саналады. Сол үшін басқа да мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, тұрақты түрде өртке қарсы жаттығуларды өткіземіз. Ал, қысқы уақытта боранды күні жоғалған адамдарды іздеу, жолда тұрып қалған көліктерді құтқару жұмыстарымен айналысамыз. Сонымен қатар, қазір жер үйлерде пеш жағу басталды, соның салдарынан техногенді өрттермен күресу амалдарын да пысықтаудамыз. Кейбір адамдар үй жылытқыштарды қоса отырып, өрт қауіпсіздігін сақтамайды, – дейді Досбол Жақсыбаев.
Өртке қарсы қауіпсіздік айлығы аясында мамандар үйлер мен аулаларды жүріп өтіп, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларды аралап, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуде, сондай-ақ, аудандар мен қалалардағы мектептер мен балабақшаларда Ашық есік күндері ұйымдастырылуда. Жыл сайын өртке қарсы жаңа бөлімшелер ашылып, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлердегі қауіпсіздік шаралары жетілдірілуде.
Сонымен қатар, 16 қыркүйек-16 қазан айлары аралығында облыс аумағында мекенжайлық профилактикалық жұмыстарды жүргізуге бағытталған «Өрт қауіпсіздігі айлығы» профилактикалық іс-шарасының 2-кезеңі өтті. Оның барысында мамандар негізгі назарды халықты пешпен жылыту жүйелерін, электр жылыту құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтауға және тұрғын үй секторларында төтенше жағдай туындаған кезде тұрғындардың дұрыс іс-қимылын ұйымдастыруға, сондай-ақ, әлеуметтік осал отбасылардың үйлерін аралауға арнады. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар нәтижесінде 130-дан астам үй мұржасы күйеден тазартылып, 429 автономды көміртегі тотығы және түтін датчиктері орнатылды.
– Тұрғын үйлердің іші жанғыш материалдармен, синтетикалық бұйымдармен және тұрмыстық техникамен тығыз жабдықталғаны өрт қауіптілігі жағдайына айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Бұл өрттің шығып кету ықтималдығын арттырып қана қоймай, сол өрт кезінде уытты заттардың бөлінуі салдарынан адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіпті еселеп күшейтеді. Өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында БАҚ-тағы жарияланымдардан бөлек, азаматтарға өртке қарсы талаптарды кеңінен түсіндіруге арналған арнайы тақырыптық айдарлар ашылды. Атап айтқанда, бұған дейін «ТЖ ескертеді», «ТЖ қызметі», «Сақтансаң – сақтар!», «Тұрғындар назарына», «Назар аударыңыз», «Бұл – өзекті!», «Абай болыңыз» және басқа да айдарлар арқылы өрт қауіпсіздігі шаралары туралы ақпараттық-анықтамалық, түсіндірмелік материалдар жарық көрді, – дейді басқармасы бастығының міндетін атқарушы.
Байқағанымыздай, өңірдегі тілсіз жаудың алдын алып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы ауқымды жұмыстар бір сәт те бәсеңдеген емес. Мамандардың тынымсыз еңбегі мен қабылданған кешенді профилактикалық шаралардың арқасында талай адамның өмірі аман сақталып, қауіптің беті қайтарылуда. Дегенмен, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау әрбір азаматтың өзіне тікелей байланысты екенін ұмытпаған жөн.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

