Өзекті міндеттер өрелі белестер

Қазақстан Республикасының Презаиденті Қасым Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті мәселелері» деп аталатын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлемде күн сайын өзгерістер орын алып, жаңалықтар жаңғырып жатқан алмағайып замандағы  еліміздің мызғымас  ұстанымы, даму бағыты, сын қатерге толы кезеңдегі қолға алар іс әрекеттерімізге кеңінен тоқталды. Тәуелсіз еліміздің ұстанымы берік, беделі мығым, әріптестікке лайық, өресі бүгінгі заман талабына сай болуы тиіс. Басқа елдермен тереземіз тең, экономикамыз еңселі де тұрақты болғанда ғана біз озық мемлекеттермен тығыз байланыста, тең дәрежеде ілгерілей түсеміз. Отандық кәсіпкерлерге қолайлы жағдай туғызып, салық саясатын жетілдіріп, елімізді жаһандық өндіріс тізбегіне қосу алдағы міндет. Ол үшін логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән берілмек. 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретіндей деңгейге жету керек. Жаңа кен орындарын іздеу және барлау үдерісіне жеке қаражатты белсенді тартқан жөн. Қазір айрықша маңызды металдардың рөлі артып келеді. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, осындай металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет.

Ауыл шаруашылығы саласында шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек. Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған ресурстармен қамтамсыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет. Оның одан әрі қарқынды дамуына барлық күш жігерімізді салуымыз қажет.

Осындай, халықтың әл ауқатын жақсарта түсуге бағытталған негізгі міндеттерді атай келіп Президент халықтық құрылыс бағдарламасы жобасын жүзеге асыру барлық өңірлерде қолға алынуы керектігіне тоқталды. Шынында Ақмола облысы бұл тапсырманы орындауға белсене кірісіп те кеткендей. Оған ауылдық жерлерде, аудандарда ашылып жатқан спорт сарайлары, мектептер, мәдениет ошақтары, облыс орталығында жуықта ғана қазығы қағылған қазақ музыкалық драма театры ғимараты, жаңа заман талабына сай стадион, тағы басқа құрылыстар дәлел.

Президент Жолдауы халықтың әл ауқатын арыттыру, мәдениет пен әдебиет, денешынықтыру, емдеу сауықтыру салаларына қоса оқу ағарту саласы, мұғалім жұмысын жетілдіру, беделін арыттыру мәселесіне де тоқталды.

«Біз мұғалімдердің абырой беделін қорғауымыз қажет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес. Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл дұрыс емес. Әр мәселе мұқият әрі жан жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек» деген Президент сөзі көп нәрсені аңғартады. Өкінішке орай осындай кемшіліктер орын алуда. Шынында, мұндай үрдістің етек алғанына біраз уақыт болды. Ата ана бар кінәні мұғалімге артып, істің ақ қарасын айырмастан, бірден баланы жақтап, мұғалімді даттауға кіріседі. Оған мектеп басшылығы қосыла кеткесін, не болмақ? Мұғалім өзінің дұрыстығын дәлелдей алмай күйеді. Сондықтан, мемлекет басшысы айтқандай, «мәселе мұқият, әрі жан жақты қаралуы тиіс».

Дегенмен, бүгінгі мұғалім де аса білімді, ғылым мен технология жаңалықтарына жетік, бойында басқа да озық қасиеттер бар тұлға болуға тиіс. Сонда оны оқушы қадірлеп, сыйлап, оған ұқсағысы келіп, еліктейтін болады.

«Біздің мақстамыз Әділетті, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құру…Енжарлық пен бейқамдық танытқан ел тарихта жеңімпаз ұлт болмайтыны анық» деді, Президент. Демек, біз ұрпағымызды сергек, елгезек, отансүйгіш, игі істерге құлшынысы мол етіп тәрбиелеуге атсалысуымыз керек. Оның бір жолы тұрғындар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру болмақ. Президенттің: « Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың төте жолы — кітап оқу» деген де қанатты сөзі бар.

Серік Жетпісқалиев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар