Жирен жаман әдеттен!
Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Көкшетау гуманитарлық-техникалық академиясында «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша құқықтық кездесу өткізілді.
Есірткі мен қаржылық алаяқтықтың қауіптеріне қарсы тұруды, құқықтық сауаттылықты арттырып, қауіпсіз қоғам құруды мақсат еткен ауқымды шараға Ақмола облыстық полиция департаменті мен Көкшетау қалалық полиция басқармасының, экономикалық тергеп-тексеру департаментінің, ювеналды және патрульдік полицияның, есірткіге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері қатысып, жастарға қылмыс пен тәртіп бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы жан-жақты мағлұматтар берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, кездесудің басты мақсаты жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, есірткі қауіпсіздігі мен қаржылық алаяқтық мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықтық жауапкершілік пен қаржылық алаяқтықтан қорғану жолдарын түсіндіру арқылы қоғамдық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ, жастардың құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін биікке көтеру болып табылады.
Іс-шара барысында сөз алған Ақмола облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті, талдау және тәуекелдер басқармасының аға уәкілі Ілияс Тұрсынбаев соңғы жылдары, әсіресе, жасөспірімдер мен жастар арасында кең таралған электронды темекі немесе вейп туралы кеңінен тоқталды. Оның сөзінше, вейптер көбінесе қарапайым темекіге заманауи, зиянсыз, тіпті «сәнді» балама ретінде қабылданады. Жарқын дизайн, әртүрлі дәмдер, темекі түтінінің әдеттегі иісінің болмауы, мұның бәрі жалған қауіпсіздік сезімін тудырады. Бірақ, вейп зиянсыз бу немесе қарапайым су емес, электрондық темекі арнайы сұйықтықты қыздырады және аэрозоль түзіп, оны адам тікелей өкпеге жұтады. Бұл аэрозоль құрамында никотин, ұсақ бөлшектер, ауыр металдар, ұшпа органикалық қосылыстар және басқа да зиянды заттар болуы мүмкін. Қазіргі ғылыми деректер электронды темекіні қауіпсіз деп санауға болмайтынын байқатады. Әсіресе, бұл балалар, жасөспірімдер, жастар және бұрын никотинді мүлдем қолданбаған адамдар үшін аса қауіпті. Қазақстанда вейп айналымына мемлекеттік тыйым салу заңсыз сауданы шектеуге ғана емес, сонымен қатар, халықты және ең алдымен, балалар мен жастарды никотинге тәуелділік пен ықтимал зиянды өнімнің таралуынан қорғауға бағытталған.
Жиын соңында спикерлер жастарға заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын баса айтып, өскелең ұрпақты құқық бұзушылықтардан ада болуға, бөтен біреулердің теріс әрекетіне еріп кетпеуге және оңай ақша табудың қауіпті жолдарына түспеуге шақырды.
Г.ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

