330 килограмнан астам есірткі тәркіленді

«Қарасора-2026»

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Дархан Досанов ағымдағы жылдың 1 маусым – 30 қазан айлары аралығында жүргізілген«Қарасора-2026» ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. ҚР Ішкі істер министрлігінің жедел-профилактикалық іс-шарасы туралы айтып берді.

Есірткі қылмыстарына қарсы күресті күшейтуге бағытталған бұл шара барысында есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру мен олардың егістіктерін жою, есірткі сату деректерін анықтау және есірткі бизнесі саласындағы ұйымдасқан қылмыстық топтар мен нарколабораториялардың жолын кесу басты назарға алынды.

Операция қорытындысы бойынша өңірде 135 қылмыстық есірткі құқық бұзушылығы тіркелді, оның ішінде 49 есірткі сату фактісі, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 301-бабы бойынша күшті әсер етуші заттардың заңсыз айналымына қатысты 34 дерек, 10 өсіру және 4 ерекше ірі мөлшерде сақтау фактісі анықталды.

Тәртіп сақшылары елорда маңындағы Целиноград ауданында синтетикалық есірткі дайындаумен айналысқан жасырын наркозертхананың жолын кесіп, Астана қаласының екі тұрғынын ұстап, олардан шамамен 10 келі психотроптық затты тәркілеген. Сондай-ақ, Астрахан ауданының тұрғыны Тайланд Корольдігінен кедендік шекара арқылы посылкамен есірткі заттарын сатып алған контрабанда дерегі әшкереленіп, өңірге есірткі жеткізу мен таратудың 6 арнасы жабылды. Оның барысында 14 келі 400 грамм түрлі есірткі тәркіленді. Жалпы бұл кезеңде заңсыз айналымға 331 килограмнан астам, оның ішінде 142 келі синтетика және 188 келіден астам каннабис бар, есірткінің түсуіне жол берілмеді. Операция барысында 18 есірткіні жасырын салушы ұсталды. Соның ішінде есірткі таратуды өз табыс көзіне айналдырған облыстағы аудандардың бірінің 36 жастағы тұрғынының әрекеті ерекше назар аудартады. Ол алдымен тұрғылықты жері бойынша жасырын орындарға есірткі салудан бастап, кейін облыс орталығына әйелі мен үш баласын және сәбиін көшіріп әкеліп, қылмыстық әрекетін жалғастырған. Ол уақыт өте келе есірткі сату иерархиясында көтеріліп, қарапайым есірткі салушыдан ірі партияларды қабылдап, оларды әрі қарай тарату үшін фасовкамен айналысатын «қоймашы» рөліне өткен. Оны ұстау кезінде 2 келіден астам «а-PVP» мен «мефедрон» синтетикалық есірткісі тәркіленді.

Сонымен қатар, жедел-профилактикалық іс-шара кезінде жабайы түрде  өсетін қарасораны жою бойынша 106 ұйғарым шығарылып, оны жоюға шара қолданбағандарға қатысты 16 хаттама толтырылды. Сонымен қатар, есірткі тұтынған 510 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, есірткілік мас күйінде көлік басқарғандарға қатысты 217 хаттама жасалды. Интернет-ресурстарға мониторинг жасау барысында есірткі жарнамасы бар 440 сілтеме «Кибернадзор» базасына енгізіліп, «Антифрод» ақпараттық жүйесі арқылы жалпы сомасы 36 миллион 300 мың теңгені құрайтын 550 карт-шот бұғатталды.

Атқарылған ауқымды жұмыстарды қорытындылай келе, Дархан Досанов брифингте бұл бағыттағы жұмыстардың маңызына тоқталды:

– Бүгінгі таңда есірткі қылмысына қарсы күрес – мемлекеттік деңгейдегі ең маңызды міндеттердің бірі. Өйткені, бұл қоғамның денсаулығы мен ұлт болашағына тікелей қатер төндіреді. «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде өңірімізде жүздеген келі қауіпті заттардың заңсыз айналымға түсуіне тосқауыл қойылып, бірқатар наркозертханалар мен есірткі жеткізу арналарының жолы кесілді. Полицейлер есірткінің кез келген түрімен, әсіресе, жастар арасында кеңінен таралып жатқан синтетикалық заттармен және киберкеңістіктегі жарнамалармен күресті еш бәсеңдетпейді, бұл бағыттағы жедел-іздестіру шаралары мен алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да қатаң бақылауда болып, жүйелі түрде жалғасатын болады, – деп атап өтті басқарма бастығы.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар