Жалған жарнамаға сеніп, нәпақасынан қағылды

Алаяқтан абай бол!

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуымен қатар, азаматтардың аңғалдығын теріс пайдаланатын киберқылмыскерлердің айла-әдістері азаяр емес.

Облысымызда орын алған кезекті оқиға осының айқын дәлелі. Жақсы ауданының бір тұрғыны YouTube видеохостингіндегі жалған инвестициялық платформаның жарнамасына сеніп, 2 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылды.

Тергеу барысында анықталғанындай, жәбірленуші «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының атауын жамылған алаяқтардың арбауына түсіп, алтынға инвестиция салып, мол пайда табамын деп үміттенген. Жалған кеңесшілер әйелді сендіру үшін арнайы жеке кабинет ашып, қаражаттың өсіп жатқанын көрсеткен, ал, жәбірленуші бұл өтірікке сеніп, банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие ресімдеуге дейін барған. Тек арада бір жыл өткен соң ғана алданғанын түсінген тұрғын полицияға жүгінуге мәжбүр болған. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Бұл келеңсіз жағдай елімізде айылын жимай отырған киберқылмыспен, әсіресе, интернет-алаяқтықпен жүйелі түрде күресу қажеттілігін тағы да көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр түрлі жиындарда сөйлеген өз сөздерінде азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды киберқылмыскерлерден қорғау жұмыстарын күшейтуді қатаң тапсырған болатын. Соған сәйкес мемлекет деңгейінде осы бағыттағы алдын алу шаралары күшейтіліп, алаяқтық схемалардың жолы кесіліп, заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Өз кезегінде Ақмола облысының полиция департаменті тұрғындарды интернеттегі күмәнді жарнамаларға сенбеуге, әсіресе, кепілдік берілген немесе тым жоғары пайданы уәде еткен жобаларға ақша салмауға шақырады. Тәртіп сақшылары кез келген қаржылық қадамға бармас бұрын компания туралы ақпаратты мұқият тексеріп, бейтаныс сілтемелерге өтпеуді қатаң ескертеді.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар