Қауіпсіз қоғам
Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Jana Kezen» қоғамдық қоры Көкшетау қаласында балалар, жасөспірімдер мен жастардың әртүрлі тәуелділіктердің зияны туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізуде.
Бұл іс-шаралар ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық мақсатта ұйымдастырылуда. Жобаның негізгі мақсаты өскелең ұрпақтың бойында өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау сезімін қалыптастыру, осы жолда саналы таңдау жасау дағдыларын дамыту және қауіпті мінез-құлықтың алдын алу болып табылады.
Өткен қазан айында мұндай кездесулер қаланың түрлі білім беру ұйымдары мен қоғамдық алаңдарында болып өтті. Аталмыш іс-шараларға мектеп оқушылары, колледж студенттері және жастар қатысты. Мамандар оларға есірткі заттарын, алкоголь мен темекіні тұтынудың салдары, электронды темекінің зияны, сондай-ақ, интернетке әртүрлі құмар ойындарға тәуелділік және лудоманияның қауіптілігі туралы ақпарат берді.
Бүгінгі таңда елімізде жасөспірімдер арасындағы тәуелділіктің алдын алуға баса көңіл бөлінуде. Кездесулер барысында қатысушылар зиянды әдеттердің пайда болу себептерін, олардың денсаулыққа физикалық және психологиялық әсерін, сондай-ақ, тыйым салынған заттарды тұтыну мен таратудың әлеуметтік және құқықтық салдарын талқылады. Сонымен қатар, интернеттегі қауіпті мінез-құлық, құмар ойындарға әуестенудің зардаптары және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері қарастырылды.
Осындай профилактикалық іс-шаралардың бірі Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжінде өтті. Кездесу 8 жас пен 17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналды. Онда психолог Нұрланар Смайылова сөз сөйледі. Ашық диалог барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарды талқылап, тәуелді мінез-құлықтың қауіптері туралы кеңірек мәлімет алып, практикалық ұсыныстармен танысты.
Жоба аясында қаланың басқа мектептерінде де кездесулер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, №19 мектепте тап осындай ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өтті. Мұнда да есірткі заттарын тұтыну мен таратқаны үшін жауапкершілік, темекі мен кальян шегудің зияны, дұрыс тамақтану қағидалары және салауатты өмір салтының негіздері негізгі тақырыптар болды.
Тағы бір кездесу «Арна» колледжінде ұйымдастырылды. Мұндағы талқылау жастар арасында құмар ойындарға тәуелділік пен лудоманияның алдын алуға, сондай-ақ, осыған әуестенудің салдарына арналды.
Одан әрі бұл алдын алу жұмыстары Akmola Hab алаңында жалғасты. Бағдарлама сыни ойлауды дамытуға, саналы шешім қабылдауға және өз денсаулығы үшін жеке жауапкершілікті түсінуге бағытталған интерактивті тапсырмалар, пікірталастар мен практикалық жаттығуларды қамтыды.
Өткізіліп жатқан осындай іс-шаралардың маңызды бір тұсы, олардың интерактивті форматта ұйымдастырылуы. Қатысушылар ақпарат алып қана қоймай, талқылауларға белсене қатысып, келіп отырған мамандарға сұрақтар қойып, күнделікті өмірде кездесуі мүмкін түрлі жағдайларды бірге талдайды. Мұндай тәсіл тәуелді мінез-құлықтың салдарын тереңірек түсінуге және оның алдын алудың маңыздылығын ұғынуға мүмкіндік береді.
«Jana Kezen» қоғамдық қоры өз жұмысында балалар мен жастардың сенімді ақпарат алуына, тиісті мамандардан қысылып-қымтырылмай кеңес сұрауына және әрбір ортада зиянды әдеттер мен тәуелділіктерге қатысты теріс көзқарас қалыптастырылуына жағдай жасауға ерекше мән береді.
Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша жүзеге асырылып жатқан бұл жоба жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, белгілі бір зиянды әрекеттерге тәуелділіктің алдын алуға және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталғандығын жоғарыда аңғартып өттік. Бұған қосарымыз, бұл профилактикалық жұмыс тек ақпарат берумен шектелмейді. Ол өз ықтиярымен салмақты шешім қабылдай алатын, қоршаған ортаның жағымсыз ықпалына қарсы тұра білетін және салауатты өмір салтын таңдайтын жауапты ұрпақ тәрбиелеуді көздейді.
«Дені сау ұрпақ – жарқын болашақ» қағидасы осы бір бастаманың басты өзегі десек те болады. Себебі, жастардың денсаулығын қорғау мен сақтау осындай толыққанды ақпараттандырудан, олармен сенімді диалогтан және дер кезінде көрсетілетін қолдаудан басталады.
Баян СКОВОРОДНИКОВА,
«Jana Kezen» қоғамдық қорының директоры.
![]()

