Қауіпсіз қоғам
Облысымызда қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында маңызды шаралар жүзеге асырылуда.
Соның бірі – «Қауіпсіз үй» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өз мәресіне жетті. Рейдтік тексерулер биылғы жылдың 5 қазанында басталған болатын. Бір айға созылған ауқымды науқан барысында полиция және пробация қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен жұртшылық белсенділерінен жасақталған арнайы мобильді топтар өңір бойынша 825 проблемалық мекен-жайды тексерді. Құқық қорғау органдарының басты назарында ерекше профилактикалық бақылауды және тұрақты қадағалауды талап ететін азаматтар тұратын жеке үйлер мен пәтерлер болды.
Осындай мекен-жайларды аралау барысында тәртіп сақшылары есепте тұрған 12396 азаматпен жеке профилактикалық, түсіндіру мақсатындағы әңгімелер жүргізді. Сөйтіп, әлеуметтік қатер төндіруі мүмкін немесе бақылауды қажет ететін азаматтар, атап айтқанда, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар мен тиісті қадағалаудағы азаматтар, отбасылық-тұрмыстық қатынастарда жанжал шығаратындар, соттылығы әлі өтелмеген азаматтар, тұрмысы нашар отбасылардың өкілдері, сондай-ақ, пробация қызметінің есебінде тұрған басқа да азаматтар полицияның жіті назарында болды. Күнделікті рейдтер мен тексерулердің нәтижесінде заң талаптарын бұзған немесе тиісті ережелерге немқұрайлы қараған тұрғындарға да қатысты қатаң шаралар қабылданды. Атап айтқанда, Көкшетау және Степногорск қалаларының, сондай-ақ, Ақкөл, Астрахан және Атбасар аудандарының бірқатар тұрғындарына қатысты бұрын берілген шартты түрде мерзімінен бұрын босату шаралары тоқтатылып, бас бостандығынан айыру немесе өзге де жаза түрлеріне ауыстыру рәсімдері басталды.
Шара барысында тек профилактикалық есептегілер ғана емес, сонымен қатар, көші-қон заңнамасының сақталуы да басты назарда ұсталды. Шетелдік азаматтардың жүріс-тұрысы мен тіркелу тәртібін тексеру кезінде жалпы саны 197 заңбұзушылық дерегі анықталды. Оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болып, көші-қон ережелерін бұзған 111 шетелдік азамат әшкереленіп, оларға қатысты тиісті заңды шаралар қолданылды.
Бұдан бөлек, полицейлер халықтың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін тағы бір маңызды бағыт – азаматтық қаруды сақтау шарттары мен ережелерін тексеру жұмыстарын күшейтті. Өңір тұрғындарының қаруды ұстау, оны сақтау және тасымалдау талаптарын қалай орындап жатқаны зерттеліп, анықталған бұзушылықтар мен салғырттықтар үшін облыстың 73 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға айыппұлдар салынып, қаруды сақтау ережелерін қатаң сақтау бойынша ескертулер жасалды.
Аталмыш іс-шараның маңызды әрі ауқымды бөлігі ретінде тұрғындармен кері байланыс орнату және оларға құқықтық көмек көрсету жұмыстары атап өтілді. Өңірдің 7 мыңнан астам азаматы құқықтық және консультациялық көмек алып, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Бұл мақсатта полиция қызметкерлері тұрғындармен ашық кездесулер мен жиындар ұйымдастырып, азаматтарды арнайы полиция пункттерінде жеке қабылдады, сондай-ақ, шалғайдағы немесе көмекке мұқтаж тұрғындардың тұрғылықты жеріне тікелей барып, жағдайларымен танысты және құқықтық кеңестер берді.
Г.ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

