Сенімді ақта, жас маман!

Мемлекеттік қызмет

Мемлекеттік қызмет тек аздаған таңдаулылар шоғырланған орта емес, керісінше, қабілеті бар жастарға жол ашатын мүмкіндіктің бірі. Мемлекеттік аппарат тарапынан жасалып жатқан жүйелі реформалар нәтижесінде білімді әрі креативті жас буын осындай жауапты қызметке жолдама алады.

Өңірлерді дамытудың ең жауапты буындарында жемісті еңбек етіп, артқан сенімді ақтап жүрген жас мамандардың нақты нәтижелері осы кадрлар саясатының өміршеңдігін дәлелдейді.

Мәселен, мемлекеттік аппаратың кәсіби әлеуетін арттыру мақсатында қолданыстағы заңнама аясында «Б» корпусының кейбір әкімшілік лауазымдарына конкурссыз тікелей тағайындау механизмі қарастырылған. Осы нормаға сәйкес, жоғары оқу орнын үздік т2мамдаған жас мамандар оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде конкурс өткізілместен мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігіне ие бола алады. 2023 жылы қабылданған бұл реформа бастапқыда тек мемлекеттік тапсырыспен оқыған жастарды қамтыса, 2026 жылғы заңнаманың соңғы редакциясы ақылы негізде білім алған дарынды түлектерге де осы мүмкіндіктің есігін айқара ашты.

Аталған құқықтық норма іске қосылған сәттен бастап Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті тарапынан 73 жас маманды белгілі бір лауазымдарға конкурстан тыс тағайындауға келісім берілді. Атап айтқанда, 2023 жылы осылайша 12 түлек, 2024 жылы 13, 2025 жылы 10, 2026 жылы 38 түлек жұмысқа қабылданды.

Статистикалық деректер аталған тетіктің өңірде біртіндеп кеңінен қолданысқа еніп, жастардың мемлекеттік қызметке келуіне ықпал етіп отырғанын айқын көрсетеді. Әсіресе, 2026 жылы мұндай түлектер санының 38-ге жетуі заңнаманың жаңа редакциясымен енгізілген өзгерістің осы бағыттағы жұмыстың жандануына елеулі ықпал еткенін аңғартады.

Қызметке келісім берілген түлектер еліміздің бірқатар жетекші жоғары оқу орындарында білім алған. Олардың қатарында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін бітірген 31 түлек, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін тәмамдаған 10 түлек, сондай-ақ, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінен 9, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен 7, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық университетінен 2 түлек бар.

Сол сияқты, еліміздің басқа да жетекші жоғары оқу орындарынан 14 түлек осындай белгілі бір лауазымға конкурссыз тікелей қабылданғандардың қатарына жатады. Олар ұзын-ырғасы 12 университеттің түлектері.

Бұл мамандардың 45-і өз келісімдерімен жергілікті атқарушы органдарға, оның ішінде 15-і ауылдық елді мекендерге, ал, 28-і орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріне орналасу үшін таңдап алынған. Бүгінгі күні олардың 63-і тиісті лауазымдарға тағайындалып, қызметтерін абыроймен атқарып жүр. Қалған түлектерді тағайындау жұмыстары да аяқталуға жақын.

Жас мамандарды конкурстан тыс тағайындау тетігі мемлекеттік аппаратты жаңа буын кадрлармен толықтыруға қоса, аудандық және ауылдық деңгейлердегі кадрлық әлеуетті нығайтуға, жергілікті жерлердегі мамандар тапшылығын азайтуға және жастардың мемлекеттік басқару ісіне белсенді араласуына мүмкіндік береді. Жас мамандар үшін бұл сенім өздерінің кәсіби қабілеттерін шыңдап, ел игілігі үшін еңбек етуге, туған өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға бастайтын қуантарлық қадам.

Жазира СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақмола облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар