«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, арамызда өмір жолы өнегеге толы, ағайынға қашанда тірек бола білген абзал жандар баршылық. Халқымыз мұндай адамдарды «жүрегі жомарт, жаны жайсаң жан» деп ардақтайды. Міне, бір әулеттің ұйытқысы, отбасының асқар тауы, немере-жиендерінің сүйікті атасы, ағайын-туысқа жанашыр аяулы нағашымыз Бағдат Малғаждарұлы жақында сексен жасқа толады.
Бағдат ағамыз 1946 жылы қарашаның 15-інде бұрынғы Көкшетау облысы, Чкалов ауданының Қарғалы елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Малғаждар мен анасы Қайни ақжүрек, өте қарапайым жандар болыпты. Ол 1965 жылы мектеп бітірген соң, еңбек жолын бастап, орыс мектептерінде қазақ тілінен екі жылдай сабақ берді. Кейін мемлекеттік сақтандыру саласына ауысып, қатардағы инспекторлық қызметтен басшылық лауазымға дейін көтеріліп, зейнеткерлік жасқа жеткенше адал әрі абыройлы еңбек етті.
Жастайынан өнерге жақын, әнге құмар нағашы ағамыздың дауысы да ерекше. Ол 1968 жылы «Алло, мы ищем таланты» атты байқауға қатысып, Алматы консерваториясына оқуға қабылданады. Сол жолы облыстан 18 өнерлі жас іріктеліпті. Олардың арасында сол кезде консерваторияны бітірген Серік ағаның жұбайы Сәуле Жүнісова және кейін елге танымал болған әншілер Қапаш Құлышева, Сайран Мағзұмов сынды өнер иелері бар болатын.
Байқауда он алты жюри мүшесі отырса, соның бірі Мәскеуден – Мәдениет министрлігінен келген, қазақша таза сөйлейтін орыс кісісі екен. Ол Бағдат нағашымды ән салып тұрған сәтте кенеттен тоқтатыпты. Ішінен «ән айтқаным ұнамады-ау» деп ойлап қалса керек. Сонда әлгі кісі: «Саған ән айтқан ұнай ма?» – деп сұрақ қояды. Ағам «әрине, ұнайды» деп жауап береді. Сөйтіп, оның өнерге деген шынайы құштарлығын байқап, консерваторияға қабылдайды. Алайда, туған жерде қалған қарт ата-анадан хабар жетеді. Онда «шаңырақты ұстап қалар жалғыз ұл едің, бізді тастап қайда барасың?» делінген жүрекке тиер сөздер айтылады. Содан ата-анасының айтқан сөзін жерге тастамай, нағашым елге оралып, өз еңбек жолын әрі қарай жалғастырады.
1968 жылы қараша айында аяулы жеңгеміз Мұңдық Мұқанғалиқызымен көңілдері жарасып, шаңырақ көтерді. Ол заманда отбасында қанша қыз болса да, ер баланы шаңырақтың тірегі, пір тұтар иесі санаған ғой. Бағдат ағамыздан үлкен марқұм Күлзипа деген апайы болған, ал, қарындасы Гүлшира бүгінде Көкшетау қаласында тұрады, ол да әулетінің сәні мен мәніне айналған ардақты әже.
Бүгінде нағашым Бағдат пен жеңгеміз Мұңдықтың шаңырақ көтергендеріне де 58 жылдың жүзі болып қалыпты. Осы уақыт аралығында олар бір қыз, үш ұл өсіріп, олардан он бес немере, жеті шөбере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Үлкен ұлы Бақытжан балаларымен Солтүстік Қазақстан облысындағы белгілі құрылыс компаниясында қызмет атқарады, оның үлкен ұлы Батыржан сол компанияны басқарады. Қызы Клара отбасымен Астана қаласында тұрады, ортаншы ұлы Бауыржан бұрын Ақмола облысының экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы, аудан әкімі болса, қазір Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор. Кіші ұлы Ержан да құрылыс саласында еңбек ететін білекті азамат.
Қазіргі таңда ардақты нағашымыз қолы бос уақытында Көкшетаудағы «Белсенді ұзақ өмір» орталығының жұмысына белсене қатысып, хорда ән айтады және түрлі мәдени шараларда өнер көрсетіп, жастарға үлгі болып келеді. Осындай өнерге деген құштарлығы мен өзін сергек ұстайтыны бізді қатты қуантады.
Міне, биыл қадірлі де ардақты Бағдат ағамыз сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Балалары мен немерелері бұл айтулы мерейлі күнді үлкен құрметпен, шаттыққа толы етіп, атап өтпекші. Ағам мен жеңгемнің отбасы берекесі мен бірлігі жарасқан, қадір-қасиеті асқақ мерейлі отбасылардың шоғырын биіктетіп тұрған қасиетті шаңырақ.
Өмір деген тынымсыз белестер мен асулар күресі ғой. Оның биік шыңына тек еңбекқор, жан-жақты, жаны жомарт, сергек, зейінді әрі төзімді жандар ғана көтеріле алады. Бағдат Малғаждарұлы нағашымның өнегеге толы мазмұнды өмір жолына көз жүгіртсең, осындай асыл қасиеттердің бәрі бір адамның бойына тұтас қонғанын көріп, мерейленесің.
Роза ЖЕТПІСБАЙ,
«Алтын жас» клубының жетекшісі.
Көкшетау қаласы.
![]()

