Адалдық қағидаттарына ықпал етеді

Форум

Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерін жетілдіруге және комплаенс қызметтерінің тиімділігін арттыруға арналған өңірлік форум өтті.

«Комплаенс-офицерлер институты: заманауи сын-қатерлер, құралдар және перспективалар» тақырыбындағы бұл іс-шараға мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор, бизнес және сарапшылық қоғамдастықтан барлығы 120-ға жуық адам қатысты.

Бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күресте оның салдарымен күресуден гөрі, алдын алуға басымдық беру ерекше маңызға ие. Осы тұрғыда комплаенс институты ұйымдардағы ашықтықты қамтамасыз етудің, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің және адалдық қағидаттарын қалыптастырудың тиімді құралына айналып келеді.

Форумның ашылу барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрқат Батырқұлов пен Ақмола облысы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Айнагүл Жанәділова сөз сөйлеп, комплаенс қызметтерінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйесіндегі маңызды рөліне тоқталды.

Жиында комплаенс қызметінің міндеті заң талаптарының сақталуын бақылаумен ғана шектелмейтіні, оның ұйым ішінде адалдық, жауапкершілік және ашықтық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді.

Форум барысында отандық және халықаралық тәжірибелерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жетекші аудитор, ISO 37001 халықаралық стандартын енгізу жөніндегі жетекші маман Ерлаз Жайықбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін енгізудің практикалық аспектілеріне тоқталды. Ол халықаралық стандарттарды тиімді қолданудың ұйымдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін басқарудағы маңызын да түсіндірді.

Ал, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты  Сәкен Айсин комплаенс жүйесінің бизнес үшін маңызын кеңінен талқылап өтті. Сарапшының баяндамасында ашық әрі адал басқару қағидаттарының іскерлік сенімді нығайтуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және қолайлы бизнестік ортаны қалыптастыруға ықпалы қарастырылды.

Осыған байланысты форумда комплаенс қызметтерінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін уақытылы анықтау, ішкі бақылау тетіктерін жетілдіру және қызметкерлер арасында адалдық қағидаттарын орнықтыру мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, күнделікті қызмет барысында кездесетін өзекті мәселелер мен оларды шешудің тиімді жолдарын қарастырды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Аманжол Құсайыновтың айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әрбір ұйымның басқару мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс деген қағида форумның басты идеясы болып табылады. Мұндай кездесулер комплаенс мамандарының кәсіби әлеуетін арттырып қана қоймай, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор және сарапшылар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Өйткені, тиімді комплаенс – бұл тек заң талаптарын сақтау емес, ең алдымен, қоғам сенімін нығайтуға, әділ әрі ашық басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, аталған өңірлік форум сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың заманауи тәсілдерін талқылаған, өзара тәжірибе алмасып, қатысушылардың білімін толықтыруға жол ашқан маңызды диалог алаңына айналды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар