Қоғамдық жерлердегі «шимайдың» да сұрауы бар

Көше бойындағы ғимараттарға рұқсатсыз салынған граффити өнерге жатпайды, керісінше, ол құқық бұзушылық болып табылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Ерболат Құсайынов мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидасын орнықтыру, құқықтық мәдениетті көтеру және заң бұзушылыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыру қажеттілігін үнемі айтып келеді. Осы бағытта ішкі істер органдары қоғамдық мүлікті қорғау, вандализмнің алдын алу және азаматтардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. Әсіресе, ғимараттарға, аялдамаларға, ескерткіштер мен саябақ мүлкіне заңсыз сурет салып, жазу жазатындарға қатысты бақылау күшейтілген көрінеді. Брифингте басқарма басшысының орынбасары мәлімдегеніндей,  граффити заманауи өнер түрі ретінде өздігінен шектелмейді.

– Заңды өнер мен құқық бұзушылықтың аражігі өте айқын.  Мәселен, меншік иесінің немесе құзыретті органның рұқсатымен, арнайы бөлінген орындарда салынған суреттер болса, ол заңды. Ал, егер рұқсатсыз, бөтеннің мүлкіне, ғимараттың қасбетіне, қоршауға, аялдамаға, ескерткішке және тағы басқа қоғамдық орындарға зақым келтіріп жазылған жазулар мен салынған суреттер болса, ол құқық бұзушылық. «Мен тек сурет салдым» деген сөз жауапкершіліктен босатпайды. Егер бөтеннің мүлкі бүлінсе, бұл тікелей құқық бұзушылық болып табылады, – деді Ерболат Зияфиддинұлы.

Рұқсатсыз салынған граффити үшін заң бойынша жауапкершілік келтірілген шығын көлеміне, орынға және істің мән-жайына байланысты әкімшілік немесе қылмыстық болып бөлінеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабы бойынша, мұндай әрекеттер аумақты көркейтудің белгіленген ережелерін бұзу болып табылса, жеке тұлғаларға ескерту немесе 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер мұндай құқық бұзушылықты жеке тұлға бір жыл ішінде тағы қайталайтын болса, онда 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Осылайша, мүліктің зақымдануы қылмыстық құқық бұзушылық деңгейіне жетпесе де, азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Сонымен қатар, жағдайдың мән-жайына байланысты заңсыз граффити салу бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру ретінде де қарастырылуы мүмкін. Мұндай жағдайларда ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабы қолданылады. Онда әкімшілік жазалау, соның ішінде заңда көзделген жағдайларда айыппұл салу немесе әкімшілік қамауға алу қарастырылған. Бұл ретте, жазаның мөлшері мен түрі істің нақты мән-жайлары ескеріле отырып белгіленеді.

– Егер жасалған әрекеттер мүлікке айтарлықтай шығын келтірсе, бұл мәселе әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке өтеді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 202-бабының бірінші бөлігі бойынша қылмыс жасаушыға 500-ден 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, бостандығын шектеу немесе 2 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру секілді жаза түрлері қолданылады. Сараптамалық тексеріс кезінде әрекеттің қасақана жасалғаны анықталса, қылмыстық жауапкершілік едәуір қатаңдай түседі, – деді бұл орайда, баяндамашы.

Бұдан бөлек, ҚР ҚК-нің 294-бабы (вандализм) бойынша тарихи-мәдени мұраларды, ескерткіштерді, заңмен қорғалатын объектілерді қорлағандар үшін 100-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл төлеу, қоғамдық және түзеу жұмыстарына тарту немесе 50 тәулікке дейін қамау шаралары қарастырылған. Ал, егер ауырлататын мән-жайлар болған кезде жаза бостандықты шектеуді немесе бостандығынан айыруды көздейді.

«Суретті жасөспірімдер салса, олар жазалана ма?» деген сауалымызға полиция өкілдері кәмелетке толмағандар құқық бұзған жағдайда олардың жасы, келтірілген шығын көлемі және ата-аналарының олардың тәрбиесіндегі рөлі мұқият тексеріледі деп жауап берді.

– Мұндайда, ата-аналар балаларына бөтен үйдің қабырғасы кенеп емес, ал, қоғамдық нысан эксперимент жасайтын орын емес екендігін түсіндіруі тиіс: Жасөспірім сурет салумен айналысқысы келсе, оны арнайы келісілген алаңдарда жүзеге асыруы керектігін айтып отырған жөн. Бұл ретте, тәртіп сақшылары тек жазалаумен шектелмей, алдын алу жұмыстарын да белсенді жүргізуде, – деп толықтырды бұл ретте, өз ойын Ерболат Құсайынов.

Сөз соңында басқарма басшысының орынбасары өңір тұрғындарын қоғамдық орындарда тәртіп сақтап, вандализм әрекеттерінен аулақ болуға шақыра келе, мұндай жағдайларға тап болсаңыз, оған бейжай қарамай, оқиға орнын, уақытын көрсетіп, полицияға (102) хабарлауды сұрады. Себебі, тәртіпті сақтау және өз айналамызды таза ұстау әркімге ортақ міндет.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар