Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім беру саласының дамуына, ұстаз мәртебесін көтеруге, өскелең ұрпақ тәрбиесіне және инклюзивті білім беруді жетілдіруге ерекше назар аударылды. Бұл мәселелер — бүгінгі қоғам үшін ғана емес, еліміздің болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық маңызы бар міндеттер.
Менің ойымша, Жолдауда көтерілген мәселелердің ішіндегі ең өзектілерінің бірі — мұғалім, ата-ана және оқушы арасындағы өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру. Себебі баланың білім алуы мен тұлға болып қалыптасуы тек мектептің немесе мұғалімнің міндеті емес. Бұл – отбасы мен білім беру ұйымының ортақ жауапкершілігі.
Соңғы уақытта мектептерде мұғалім мен оқушы, ата-ана мен педагог арасындағы түсініспеушіліктер жиі талқыланып жүр. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ең алдымен өзара сыйластық пен сенімге негізделген қарым-қатынас қажет. Ұстаздың беделі мен абыройы қорғалуы тиіс. Сонымен бірге оқушының да құқығы мен жеке тұлғалық ерекшеліктері ескерілуі керек.
Ата-ана мектепті тек білім беретін мекеме ретінде қабылдамай, баласының тәрбиесі мен дамуына жауапты серіктес ретінде қарастырғаны жөн. Ал мұғалім ата-анамен тұрақты байланыс орнатып, баланың жетістігі мен қиындықтарын бірлесе талқылауы қажет. Осындай үштаған — мұғалім, ата-ана және оқушы арасындағы үйлесімді байланыс қалыптасқанда ғана білім беру мен тәрбие жұмысы нәтижелі болады.
Президенттің мұғалімдердің артық жүктемесін азайту, қағазбастылықтан арылту және педагогтердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау жөніндегі тапсырмалары да өте маңызды. Өйткені ұстаздың басты міндеті — есеп толтыру емес, білім беру, шәкіртінің қабілетін ашу және оның азаматтық көзқарасын қалыптастыру. Мұғалімге қолайлы жағдай жасау — білім сапасын арттырудың негізгі алғышарттарының бірі.
Жолдауда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау мәселесінің арнайы көтерілуі де құптарлық. Бүгінде елімізде 237 мыңнан астам бала инклюзивті білім алуды қажет етеді. Бұл — білім беру жүйесінің алдында тұрған үлкен жауапкершілік.
Инклюзивті білім беру дегеніміз — ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланы мектепке қабылдаумен ғана шектелмейді. Ең бастысы, оның сапалы білім алуына, қатарластарымен араласуына, қоғамға бейімделуіне және өз қабілетін дамытуына мүмкіндік беру.
Ол үшін мектептердің материалдық-техникалық базасын жетілдірумен қатар, арнайы педагогтер, дефектологтер, логопедтер, психологтер және педагог-ассистенттер санын көбейту қажет. Сонымен бірге балалардың даму ерекшеліктерін ерте анықтау, оларға уақытылы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету маңызды.
Инклюзия мәселесін тек білім беру ұйымдарының міндеті деп қарастыруға болмайды. Бұл бағытта денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелері, ата-аналар және қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс істеуі керек. Әрбір баланың білім алуға және қоғамның толыққанды мүшесі болуға құқығы бар. Сондықтан инклюзивті орта қалыптастыру – өркениетті қоғамның басты көрсеткіштерінің бірі.
Президенттің 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау жөніндегі бастамасы да білім саласы үшін айрықша маңызға ие. Бұл бастама аясында еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде білім беру, медицина, спорт және ғылым нысандарын салуға басымдық беріледі.
Әсіресе мектептер мен балабақшалардың құрылысын жандандыру, қолданыстағы білім беру ұйымдарын жаңғырту — уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Өңірлерде халық санының өсуіне байланысты жаңа мектептерге сұраныс артып келеді. Ауылдық елді мекендердегі білім беру нысандарының жағдайын жақсарту да назардан тыс қалмауы тиіс.
Жаңа білім беру нысандарының салынуы үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге, оқушыларға қолайлы жағдай жасауға және білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар мұндай құрылыстарды жоспарлау кезінде инклюзивті талаптар, заманауи зертханалар, спорт залдары, кітапханалар мен шығармашылық кеңістіктер қарастырылуы қажет.
Меніңше, жаңа мектеп салу – тек ғимарат тұрғызу емес, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына инвестиция салу. Сондықтан әрбір жаңа нысан заманауи талаптарға сай болып, ауыл мен қала балаларына тең мүмкіндік ұсынуы керек.
Жалпы алғанда, Президент Жолдауында көтерілген білім саласындағы мәселелер бір-бірімен тығыз байланысты. Мұғалімнің мәртебесін көтеру, ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайту, инклюзивті білім беруді дамыту және білім инфрақұрылымын жаңарту — барлығының түпкі мақсаты бір. Ол — сапалы білім алған, бәсекеге қабілетті, жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу.
Білім саласындағы өзгерістер тек мемлекеттік бағдарламалар мен жаңа ғимараттар арқылы жүзеге аспайды. Ол үшін қоғамның әрбір мүшесі өз жауапкершілігін сезінуі қажет. Мұғалім сапалы білім беруге, ата-ана бала тәрбиесіне, ал мемлекет білім алуға қажетті жағдай жасауға басымдық бергенде ғана нақты нәтижеге қол жеткіземіз.
Еліміздің ертеңі — бүгінгі білім алып жатқан жас ұрпақтың қолында. Сондықтан білім беру саласына бағытталған әрбір бастамаға стратегиялық көзқараспен қарап, оны жүйелі түрде жүзеге асыруымыз керек. Өйткені білімге салынған инвестиция — елдің болашағына салынған инвестиция.
Аманбай Сейітқасымов,
Шоқан Уәлиханов атындағы
Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі,
тарих ғылымдарының кандидаты,
доцент, «Әділет» партиясының белсендісі
![]()

