Мұнда  соққан ер Түріктің жүрегі

Еуропа сапарынан

 Сайлау ЖЫЛҚЫБАЕВ

Ыстамбұл

 Ыстамбұл!
Таулар асып, саған қарай ұшқам бір.
Жерортаның теңізін шыр айналып,
Айналайын, мені әкелген құстан бұл.

Замананың құс қанатты ұшағы,
Лүпілдеген сезімді алып ұшады.
Алдымызда жайнап оты шаһардың,
Алдымызда Айдың аппақ құшағы.

Адамдардың бір қуаныш, бір мұңын,
Түсінгендей теңіз толқып тұр бүгін.
Өйткені,  бұл Босфор жалғап жатқан маң,
Азия мен Еуропаның құрлығын.

Ілескендер ордалы көш, қосынға,
Бізге бауыр, әрі жақын досың да.
Түрі бөлек болса дағы, түбі бір,
Көк Түріктің бір тармағы осында.

Артқа тастап, Ұлы Дала, ұяны,
Дүбірлеген тұлпарлардың тұяғы.
Көк Бөрінің ұрпақтары ержүрек,
Бағындырған алыстағы қияны.

Енді міне, алдымызда Ыстамбұл,
Жұлдызды түн Айдың нұрын құшқан дүр.
Көрінеді айшықты аппақ күмбездер,
Шаһардағы көрнекті әрбір тұстан бір.

Ерліктерін бар дүние біледі,
Мұнда  соққан ер Түріктің жүрегі.
Балқан асып, жарты әлемді билеген,
Түрік елі – дін Исламның тірегі.

Көпті көрсең, кеңейесің,  өсесің,
Қиял билеп, небір күйді кешесің.
Үнсіз тыңдап, ғасырлардың тынысын,
Араладым Ыстамбұлдың көшесін.

Шынында да, ғажайып күй кешіп мен,
Әсер алдым,  Ай София мешіттен.
Азан үні қалқып тұрды ауада,
Енген кезде қасиетті есіктен.

Арасында мың сан халық, нөпірдің,
Сан суретті ой-санама көшірдім.
Ортасында тұрғандаймын сол сәтте,
Екі әлемді жалғап тұрған көпірдің.

Екі әлем, екі бөлек, қос жолда,
Жүре бергін, бұл қауыммен дос бол да.
Ыстамбұлдың құдіретін түсіндім,
Қарап тұрып, толқындаған Босфорға.

Енді бір сәт, оттар жанып қырқада,
Ай көрінді сәулеленіп, нұр тама.
Аттанаммын ер Түріктің елінен,
Қош болып тұр,  көргенше енді,  гүл  қала!

Стамбул, 03.11.2024 ж.

Ұлы дала ұлы бүгін

Ұрымда

Талай қазақ келген менен бұрын да,
Алғашқының бірі емес қой, жырым да.
Қыраны бар қалқыған,
Күн нұрында,
Арғымақпен желдей ескен қырында,
Ұлылықты түсінетін жүрекпен,
Ұлы Дала ұлы бүгін Ұрымда.

Ұлы Дала ұлы бүгін Ұрымда,
Қара теңіз, оған таныс Қырым да.
Жерортаның бағындырған өңірін,
Көшпендінің ұрпағымын,  шынында.

Күмәнім жоқ, жүрегімде мол сенім,
Мен де, сөнем, көңілімде сөнсе Күн.
Өзімменен алып келдім, осында,
Қасиетті кең Даламның бөлшегін.

Рим шаһары,
Ұрым жатыр көсіліп,
Батыс елі мәртебесін өсіріп.
Бар әлемге ортақ болған тарихын,.
Қалай енді тастарсың сен өшіріп.

Император Юлий Цезарь заманы,
Октавиан Аугустың нық қадамы.
Айдың атын иемденген мықтылар,
Сол дәуірдің олар алғы адамы.

Адамзатқа тарап  бұдан сан ғылым,
Сан дәуірлер,  талай ғасыр, қалды күн.
Көріп тұрмын әр төбенің түбінде,
Қирап жатқан империя қалдығын.

Өзге жұрттың тағдырларын шешкендер,
Жаугер ұлдар қасық қанын төккен бел.
Азияның әкеп мұнда иісін,
Ғұн бабалар дүбірлетіп өткен жер.

Сағым Дала көшпендіге жол басы,
Ақ семсердің жүзінде оның олжасы.
Тұлпарлардың тұяқтары шаң қылып,
Тігілген жер Атилланың ордасы.

Бұл Ұрымды көру де бір, арман ба,
Ғимараттар, мүсіндер тұр әр маңда.
Екі мың жыл бұрынғының тынысы,
Қалған мәңгі тұнып аппақ мәрмәрда.

Бұралаң тар көшелермен жол үзбей,
Бар жолаушы жүргендей-ақ, жоқ іздей,
Іздеп жүрген алдымыздан жарқ етті,
Антиканың куәсіндей, Колизей.

Араласып, салиқалы күзбенен,
Шынында да, көне жолды іздеп, ем.
Секілденді әлі айқасып жатқандай,
Колизейде гладиатор жүздеген.

Таспен өрген алдымдағы көшелер,
Мен көрмеген тылсымдарға жетелер.
Тіршіліктің жүгі басқан пәс көңіл,
Бір серпіліп,  көтеріліп,  өсе бер!

Сап-сарала бағын шарлап,  мұңымның,
Беймәлім бір шуағына жылындым.
Аттанарда мөлдіреген бір Жұлдыз,
Тұрды жанып аспанында Ұрымның.

Италия, Рим шаһары.
01.11.2024 ж.

Сицилия

Сицилия!
Сәніңді сүйді,  жаным,
Содан да, бұл жырымды сый қыламын.
Сезімді араласқан толқынменен,
Кеудеме қайтіп енді, сыйғызамын.

Палермо!
Паш етейін көркіңді мен,
Арнайын, саған ой мен еркімді мен.
Корсика, Сардиния, Сицилия,
Ежелден аралдар ғой, еркін кілең.

Еріксіз, жүрегімді жауладың ба?
Сыр жатыр Сицилия тауларыңда.
Сен де бір өркениет бөлшегісің,
Жерорта теңізінің аумағында.

Кемеміз тұмсық тіреп, тоқтағанда,
Ойладым, мұндай сурет жоқ ғаламда.
Әлде бұл уақыт дейтін тылсым  ба екен,
Мен үшін бір сәтке тек тоқтағанба?

Тоқтасын, ғажап өмір өрнектері,
Барады Сицилия тербеп мені.
Уақыт бер, о, Құдірет,  біраз ғана,
Бұл көздер сұлулықты көрмек, тегі.

Бұл ара Италия жүрегіндей,
Шуағы шашыраған Күн еліндей.
Хас шебер қашап, ойған аппақ мәрмәр,
Бейне бір ару қыздың білегіндей.

Бұлт болып, аспанда ән мен жыр көше ме,
Сақталған көшелерде сыр нешеме.
Аты аңыз комиссар Катанидің,
Киносы түсірілген бұл көшеде.

Сардалам елес беріп, көз ұшымнан,
Шөл қысты, кеткендей боп төзім, шыдам.
«Грация» деп, шәрбаттың дәмін таттым,
Италия ару қызы өзі ұсынған.

Сицилия,  Палермо.
31.10.2024 ж.

Барселонааспаны

Көрем деп келіп бұл елді,
Ұмыттым, сірә,  басқаны.
Қара бұлт торлап, түнерді,
Барселонаның аспаны.

Жауынның үдер шағында,
Сабылды адам мыңдаған.
Жөңкілген тірлік, ағында,
Жүрегін әркім тыңдаған.

Кеудесін ұрып жағаға,
Жерорта теңіз толқиды.
Шарқ ұрған ана шағала,
Тағдырға ұқсас ол, қилы.

Сан нәсіл,  ұлтпен жанаса,
Сапарда  бірге келеміз.
Таңменен бірге таласа.
Айлаққа кірді  кемеміз.

Ғажапқа толды бар алап,
Жетелеп қиял таң, нұрға.
Қаланы кеттік аралап,
Қарамай жауған жаңбырға.

Испаниядағы ақ маңдай,
Еріксіз тартқан, кісіні.
Тұр әне, биік аспандай,
Христофор Колумб мүсіні.

Бел буып, үміт үзбеуге,
Жиһангез ұзақ баптанған.
Үндінің жолын іздеуге,
Бұл жерден Колумб аттанған.

Тауына батып, құлаған,
Шығармас ешкім күнді естен.
Суретші мұнда Ұлы адам,
Сальвадор Дали күн кешкен.

Тұрғандай әсем ән қонып,
Сыртына анау таулы үйдің.
Сәулетін көрдім таң болып,
Ұлы Антонио Гаудидің.

Теңбіл доп қуған жандар бар,
Әлемге таныс түрлері.
Атақ пен даңққа қанғандар,
Футболдың пері, пірлері.

Тауда да анау, жонда да,
Іздері жатыр кезбенің.
Жаныма дауа сонда да,
Ұлы күш барын сезгемін.

Қай күні есте, қай таңы,
Жүрекпен ұғын, тыңда да.
Дін Исламның жайсаңы,
Діңгегін қаққан мұнда да.

Шүкірлік еттім сөзіммен,
Ұлы Алла берген күніме.
Риза боп, іштей сезіммен.
Бас идім асыл Дініме!

Қуанар, жаңа жер көрсе,
Көңілдің асып,  тасқаны,
Хош боп, тұр, енді көргенше,
Барселонаның аспаны!

 Испания, Барселона.
28.10.2024 ж.

Еуропа жерінде

Еуропа,
Бүгін енді, төріңдемін!
Тирана, Албан жұрты еліндемін.
Балқантау бабалардың басқан тауы,
Ер Түрік ұрпағы өнген жеріндемін.

Ұғынар, бәлкім ұқпас сырымды ешкім,
Қиялмен Ұлы Дала қырын кештім.
Кезінде Өр Көшпенді атпен жеткен,
Адриат теңізінің суын кештім.

Балқан тау, бұлдырайсың сағымдана,
Алыста қалды-ау, алыс сағым Дала.
Тынысын тыңдап тұрмын, мәңгіліктің,
Секілді уақыт үнсіз ағын  ғана.

Дәл қазір жүрек жырлап, ақтарыла,
Жыр қонды Албания бақтарына.
Атилла дәуірінің осы жерде,
Таңдары атып, күні, батпады ма?

Жүрекке не бір ой мен сыяды мұң,
Қиялы құс боп ұшты зиялының.
Іздерін іздеп шықтым Балқан тауға,
Бабалар тұлпарлары тұяғының.

Таңғы шық  тау, тастарын  жасқа малып,
Толғанып, бұл алаптың жатқаны анық.
Үндескім келіп кетті ертегі елмен,
Жап-жасыл мәуелі анау баққа барып.

Тірлікте,  талай жердің кеш алабын,
Осылай рухымменен өсе аламын.
Замана ақ құсымен зымыраған,
Ұрымға,  Рим шаһарға бет аламын.

Албания, Тирана қаласы.

24.10.2024 ж.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар