ӘР АЗАМАТТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ — КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫ

Денсаулық сақтау құқығы — Қазақстан Республикасы әрбір азаматының Конституциямен кепілдік берілген негізгі құқықтарының бірі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 32-бабына сәйкес, азаматтардың денсаулығын сақтауға құқығы бар, сондай-ақ заңда белгіленген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқылы. Бұл норма халықтың денсаулығын сақтау және медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттің маңызды міндеттерін айқындайды.

Адам денсаулығы — өмір сапасының, отбасы әл-ауқаты мен қоғам дамуының негізі. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, қызмет көрсету сапасын арттыру және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.

Сандықтау ауданында денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, жұмыс істеп тұрған нысандарды жөндеу және ауылдық елді мекендерде жаңа медициналық нысандар салу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Басты мақсат — әрбір тұрғынның тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы медициналық көмекке уақтылы қол жеткізуіне жағдай жасау.

Аудандық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудағы маңызды кезеңдердің бірі — 2021-2022 жылдары аудандық ауруханада жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары. Жобаның жалпы құны 487,2 миллион теңгені құрады. Жөндеу жұмыстары ғимараттың жағдайын жақсартуға, науқастар мен медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасауға және емдеу үдерісінің сапасын арттыруға бағытталды.

Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға ерекше мән беріледі. Бұл — халыққа медициналық қызмет көрсетудің ең қолжетімді әрі маңызды буыны. Ауылдық амбулаториялар мен медициналық пункттер тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсету, профилактикалық тексерулер жүргізу, ауруларды ерте анықтау және диспансерлік бақылау жұмыстарын ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады.

2025 жылы Максимовка ауылында ауысымына 25 адам қабылдауға арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Нысан құрылысының құны 377,3 миллион теңгені құрады. Жаңа медициналық мекеменің ашылуы ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті тұрғылықты жері бойынша алуға мүмкіндік берді.

Ауданның медициналық инфрақұрылымын нығайту жұмыстары биыл да жалғасуда. Қазіргі уақытта Лесное және Каменка ауылдарында екі дәрігерлік амбулаторияның, сондай-ақ Байдалы ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталу кезеңінде. Аталған үш нысанның жалпы құны шамамен 1,16 миллиард теңгені құрайды.

Жаңа медициналық нысандардың салынуы, әсіресе шалғай ауылдардың тұрғындары үшін үлкен маңызға ие. Бұл медициналық кеңес алуға, қажетті тексерулерден өтуге және алғашқы медициналық көмекті уақытылы алуға мүмкіндік береді. Әсіресе қарт адамдар, жас балалары бар отбасылар және тұрақты медициналық бақылауды қажет ететін азаматтар үшін мұндай нысандардың қолжетімді болуы аса маңызды.

Сандықтау ауданындағы денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту — тек ғимараттарды жөндеу мен жаңа нысандар салу ғана емес, сонымен қатар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Медициналық көмектің қолжетімді болуы — халықтың әл-ауқаты мен ауылдық аумақтардың тұрақты дамуының кепілі.

Осылайша, аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар әрбір азаматтың денсаулығын сақтауға қатысты конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған. Аудандық аурухананың күрделі жөндеуден өтуі, Максимовка ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның пайдалануға берілуі және Лесное, Каменка, Байдалы ауылдарындағы жаңа медициналық нысандардың құрылысы — осы бағыттағы нақты нәтижелер.

Денсаулық — адам өміріндегі ең басты құндылық. Әрбір тұрғынның жасына және тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы медициналық көмекті уақтылы алуына жағдай жасау — маңызды міндет. Өйткені әрбір азаматтың денсаулығына қамқорлық жасау — бүкіл Сандықтау ауданының әл-ауқаты мен жарқын болашағына қамқорлық жасау.

 

Сейтжанова Бахытжамал Мүшәнқызы,
Сандықтау ауданының ардагерлер кеңесінің төрайымы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар