Облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласындағы Әулие Антония атындағы рим-католик шіркеуінде болып, ғибадатханаға жиналған жұртшылықты осы дінді ұстанушылардың ең маңызды мейрамы – Пасхамен құттықтады.
Иса пайғамбардың өліп, қайта тірілуінің құрметіне тойланатын бұл мейрамда католиктік және протестанттық нанымдағылар шіркеуге барып, туған-туыстары мен жақындары үшін Құдайға құлшылық етеді. Бір-біріне ізгілік тілеп, мейірімді болуға үндейді. Осы мереке күндері жаны жүдеу жандарға қайырымдылықтар жасалып, құдайы астар беріледі.
Құлшылық жасауға жи-налғандар алдында сөз алған өңір басшысы аталған мерекенің біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтардан бері тойланғанын, яғни, оның тамырының тереңде жатқанын атап өтті. Бұл мейрамның мән-маңызының жоғарылығын көрсетеді. Біздің елімізде ұлтаралық және конфессияаралық татулықтың арқасында жүздеген ұлт пен ұлыс өкілі ұлтына, діліне бөлінбей-ақ, тұтас игілік жолында аянбай еңбек етуде. Өңір басшысы жуырда ғана аталып өтілген Наурыз мейрамында оның шығыс халықтарының мерекесі екендігіне қарамай, басқа ұлт өкілдері мен өзге діни нанымдағылардың да алаңға шығып, қуанышқа ортақтасуын сол татулықтың бір көрінісі ретінде атап өтті. Облыс әкімі елдегі осы тұрақтылық пен тыныштық, бейбітшілік пен келісімнің салтанат құруын, әлемде теңдессіз институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының осы істі ойдағыдай үйлестіруін Ұлт Көшбасшысы, кемеңгер саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында деп білетіндігін де жеткізді.
Бұдан кейін аталған шіркеудің настоятелі Войчех Скорупа сөз алып, ғибадатханаға құлшылыққа келушілердің атынан шіркеуді қалалық су, жылу жүйесіне қосып бергендігі, жалпы, осы нанымдағы жамағатқа деген айрықша қамқорлығы үшін аймақ билігіне алғысын жеткізіп, өңір басшысына Алғыс хат табыс етті.