Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ерболаттың елеңдеткен 50-і - АРҚА АЖАРЫ

Ерболаттың елеңдеткен 50-і

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында ақын Ерболат Баятұлының мерейтойына арналған әдеби кеш болып өтті.

Әдеби кештің мақсаты – белгілі ақын, жазушы Ерболат Баятұлының шығармашылығын көпшілікке насихаттау, жастардың поэзияға деген қызығушылығын арттыру.

Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалы, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігі мен аталмыш кітапхананың ұйымдастыруымен өткен әдеби кешті ақын, жазушы-драматург Төлеген Қажыбаев ашып, жүргізіп отырды. Ол Жазушылар одағының 80 жылдығы қарсаңында бірқатар белгілі қаламгерлердің мерейтойлары атап өтілгенін айтып, қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың ортасынан келген Ерболат ақынның қаламының ұшынан төгілген жауһар дүниелердің қай-қайсы болмасын шоқтығы биік туындылар деп атап өтті.
–Ерболат көгілдір Көкше топырағында шығармаларымен мол олжа салып келе жатқан ақын. Бұдан да арнасы, тынысы кең жыр жауһарларын береді деген ойдамыз, – деді Төлеген Қажыбаев.
Кеште Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалы мен «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің атынан Мейрамбек Қиықов мерейтой иесін Алғыс хатпен марапаттап, мерейлі 50 жасымен құттықтады. Сондай-ақ, шарада Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушылары Аманжол Есмағұлов пен Сәбит Жәмбек те сөз алып, ақынның ғылым жолындағы қадамы да сәтті екенін айтып өтті. Ал, қаламдас досы, белгілі ақын Құдайберлі Мырзабек мерейлі мерейтой иесінің шығармашылығына шалқыған шабыт тілеп, арнау өлең оқыды.
Ерболат Баятұлының сөзіне жазылған бірнеше тамаша әндердің бары да бізге жақсы мәлім. Осы орайда, Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің оқушылары әннен шашу шашты. Әсіресе, «Шалқар» ансамблінің сүйемелдеуімен орындалған аталмыш колледж оқушыларының «Туған жер» әні, халықаралық «Шаттық» фестивалі мен республикалық «Балбөбек» байқауының лауреаты Аида Қалқатайдың орындауындағы әсем ән құлақтың құрышын қандырғандай. Әдеби кеш барысында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің тәлімгерлері Ерболат Баятұлының «Түнгі вокзал», «Япурай», «Калдерон дельфиндері немесе Зауал» сынды бірнеше өлеңдерін оқып, кештің сәнін келтірді. Кейінгі толқын, жас ақын Тоқтар Екпін де кеш иесіне арнау өлеңін оқып, көрермендердің ризашылығына бөленді. Тағы бір айта кетерлігі, жиында «Елдің ерен Ерболаты» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылып, онда әр жылдары жазылған жазушылар мен журналистердің Ерболат Баятұлы туралы мақалалары, сондай-ақ ақынның бірнеше кітаптары қойылды. Кеш иесінің елеулі еңбегінің жемісі ретінде алған мадақтамалары мен дипломдары және Алғыс хаттары да көрмеден орын алған.
Мәнді де мағыналы кеш соңында өзінің сыршыл да шынайы жыр жолдарымен көпшілік қауымның жүрегінен орын алған Ерболат Баятұлы ақынын аялаған қалың Көкше жұртшылығына, жиналған қауымның ізгі ықылас-ілтипатына ризашылығын айтып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар