Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ғабдұл Хакім Омарұлынан бір ғибрат - АРҚА АЖАРЫ

Ғабдұл Хакім Омарұлынан бір ғибрат

Елдің ғылыми, мәдени, рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың есімін жаңғырту саласында «Ғылым ордасы» РМК айтарлықтай қызмет атқарып келеді. «Ғылым ордасы» қабырғасында Қазақстан ғалымдарын, олардың ғылымға қосқан үлесін насихаттайтын «Ғылым сардарлары» атты жастар клубы және «Қазақстан ғылымының тарихи мұражайы» жұмыс істейді. Ғылыми кітапханасында жыл сайын «Ұлы тұлғалар» сериясымен елдің мәдени-рухани өмірінде өшпес із қалдырған саңлақтардың ғылыми-библиографиялық кітаптары жарық көреді. Кітап көрмелері ұйымдастырылады.

Халықтың рухани көсемдері, діндарлары күстәланған, дін қорланған сол бір кезеңде қазақ халқын имандылыққа шақырып, ақиқат жолында адал еңбек еткен діндар азаматтың бірі – Хакім Омарұлы болды. «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар мұражайы қорында Хакім Омарұлының онға жуық қолжазбасы сақтаулы. 2013 жылы «Ғылым ордасы» баспаханасында «Ақиқат жолында» деп аталатын кітап жарық көрді.
Хакім хазірет Омарұлы 1906 жылы Бурабайдың баурайында, атасы Қосдәулеттің ауылында дүниеге келген. Атасы Ресей патшалығының ресми рұқсатымен медресе салдырған. Сол медреседе ауылдан 100-150 шақырымдағы Кендірлі деген жерден Қаумет, Есбол, Жақып деген кісілер, сонымен қатар, жас балалар сауат ашып, тәрбиеленеді. Кейін Жақып осында тұрақтап, Әлқожа, Мұқаш деген екі баласын да оқытты. Мұнда Қосдәулеттің Ысқақ, Омар, Мұхаммед, Ахметжан деген төрт баласы да оқыды. Үлкен баласы, сол медресенің алғашқы түлегі – Ахметжан Мысырда дәрігерлік оқуын бітіріп келген соң, әкесінің медресесінде 1905 жылдан жәдит оқуын ұйымдастырды.
Ал, Қосдәулеттің екінші баласы – Омар (ол да сол медреседе оқыған) 1908-1909 жылдан бастап Көкшетау уезінің оқу орнын басқаратын мекемеге барып, орысша оқытуға рұқсат алып, орыс тілінің мұғалімін алдырып, өзінің және маңайдағы ауылдардың балаларын орысша оқытқан.
Әкесі Омар қажы 1922 жылы нақақ жала жабылып, ешбір тексерусіз кісі қолынан қаза тапқан. Осы қанды оқиғадан кейін ел қорқып, жан-жаққа бытырай бастады. Бес ағайынды Хакім шешесін алып, Омбы облысындағы Есілкөлде Құрманбай, Салық деген нағашыларын паналайды. Ашаршылық жылдары бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Хабаровск, Қарағанды қалаларына көшіп, «Халық жауы» балаларының қиыншылықтарын бастан кешеді. Ұзақ жыл ауа көшіп жүріп, 1935 жылы Семейге келіп тұрақтайды. Омардың балалары жасынан арабша да, орысша да оқыған, азды-көпті білім алған, сауатты, әрі өнерпаз болады. Семейге келгеннен кейін ағасы Ғазез, інісі Әмен геология-барлау экспедициясына қызметке орналасады. Екі інісі Михат пен Халит геология техникумына оқуға түседі. Хакім етікші болып артельге орналасады.
Бәрі үйленіп, балалы-шағалы болып, 17 жан бір шаңырақта енді есін жинаған кезде 1941 жылы соғыс басталады. Ғазез, Әмен, Михат геолог болғандықтан, «броньмен» әскерге шақыртылмайды. Ал, Хакім мен Халит Ұлы Отан соғысына аттанады. Жан алып, жан берісіп жүргенде талай жарақаттар алады. Әсіресе, 1944 жылы ауыр жарақат алып, майданға әбден оңалғасын шақырылатын болып, елге оралады.
Ұлы Отан соғысы кезінде Кеңес үкіметінің дінге деген көзқарасы бірталай өзгереді. Халықтың жеңіске деген үмітін оятатын, иманын орнықтыратын діни құлшылық орындарын қайта жандандыра бастайды. 1943 жылы Орталық Азия және Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы құрылады. Осы діни басқарманың басшылығымен Қазақстанның жер-жерлерінде мешіттер ашылып, елдің діни сенімін, жеңіске деген үмітін оятуға, сол үшін мінәжат етуге жұмыс істейді. Хакім Омаров діни білімі жоғары болғандықтан, Қазақстан Қазиятының Бас қазиі – Әбдіғаффар Шамсутдиновтың ұсынысымен 1948 жылы Семей қаласының мешітіне имам болып сайланады. Білімділігін, біліктілігін, адалдығын байқаған Орта Азия және Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының (ОАжҚМДБ) мүфтиі Зияддин Бабаханов Хакім хазіретті аталған басқарманың тұрақты мүшесі қылып тағайындайды. Хакім хазірет Қазақстан бойынша мешіттер жұмысын бақылайтын тексеру комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол осы екі қызметті 26 жыл бойы абыроймен атқарды.
Хакім хазірет қоғамдық қызметтерге де белсене араласады. Әсіресе, бейбітшілік қорғаудың бүкіләлемдік қозғалысына атсалысқан еңбегі зор. Қазақ КСР үкіметі шығыс елдерінен келетін делегаттарды күтіп алу, шығарып салу кезінде Хакімді Семейден арнайы Алматыға шақыртып алдырып отырған. Қазақстан атынан да Индия, Ливан, Франция, тағы басқа бірнеше шет елдерге өкіл ретінде барған.
Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Кеңес үкіметінің дінге деген көзқарасы өзгере бастайды. Дін бұрынғы заманның сарқыншағы ретінде сипатталып, атеистік таным үстемдікке ие болады. БАҚ беттерінде дінге қарсы айтылған керітартпа, жалаң пікірлерге орын берген мақалалар жиі басылады. Хакім хазірет бұндай кері үрдіске бейжай қарай алмайды. БАҚ бетінде жарық көрген теріс пікірлі мақалаға, қолма-қол терістігін дәлелдеп, жауап мақала жазып отырады.
Жала жабудан, ақталып шығу қиын екені мәлім. Ислам дінін, ақтап алуға, одан қалды, насихаттау үшін әрине, арабша оқыған ғалымдар болуы керек еді. Кеңес үкіметі билігінің тұсында діни қызметке екінің бірі бара бермейтін және діни оқудан да жастар бас тартатын. Орта Азияда жалғыз Бұхарадағы «Мир Араб» медресесінен басқа діни сауат ашу орны болған жоқ. Сол медреседе Хакім хазірет мемлекеттік емтихан комиссиясының тұрақты мүшесі болатын. Қарайып қалмау үшін өзін-өзі қайрап отыратын хазірет ғылым саласында азды-көпті қалам тартты. Ол араб, парсы, көне түрік тілдерін білгендіктен, көне кітаптағы білімді  жинақтауға тырысты. Оқыған-білгенін, ақ қағаздың бетіне түрте берді, түрте берді. Бірнеше халықаралық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады. Ғалым Хакім хазірет 26 жылдың ішінде жұма, айт намаздары, қадыр түні, мәуліт күндеріне арнап жазған уағыз-насихаттарын, діндарларға өте мұқтаж саналған маңызды зерттеулерді бірнеше тілде жазып қалдырған.
Ташкент қаласында 1974 жылы тамыз айының ортасында өтетін әйгілі имам әл-Бұхаридың 1200 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференцияда З.Бабахановтың сұрауымен Хакім хазірет баяндама дайындайды. Өкінішке қарай, сол жылы денсаулығы сыр беріп, (Алланың әмірі солай болған шығар), 2 тамызда қайтыс болды. Осы конференцияда бүкіл мұсылман әлемінен жиналған қауым, Еуропа, Азия, Африкадан келіп жиналған делегаттар Хакім хазіреттің аруағын құрметтеп, бір минут үнсіздік жариялап, Құран бағыштайды. Осылайша бар ғұмырын халықтың діни сауатын ашуға жұмсаған Хакім Омарұлы үлкен құрметпен бұ дүниеден өтеді.
Хакім хазіреттің бәйбішесі Тотыкамал балаларының келешегін ойлап, 1978 жылы Алматыға көшіп келген. Хакім Омарұлының үрім-бұтағына жақсы тәрбие берген Тотыкамал әже 84 жасқа келгенде қайтыс болды. Хакім хазіреттің соңында бір ауыл ұрпақ қалды.
Нұрлан ДОСАНОВ,
«Ғылым ордасы» РМК, Сирек
кездесетін кітаптар мұражайының кіші ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар